Бір ғасыр бұрынғы бостандық

Уақыты: 11.09.2017
Оқылды: 1432
Бөлім: ТҮПСАНА

V. Мұхтар

Алаш жұртын асқазаны арқылы тарих бетінен аластағысы келіпті. Кешегі кеңестік биліктің бастапқы жылдары жүргізген саяси сойқанын, арнайылап ұйымдастырған аштығын айтамыз да баяғы. Бас көтерерлерін оққа байлап, ұлттық мүдде тұрғысынан тұспалдап қалам тербегендерін темір торға тоғытқан кер заман Мұхтар ӘУЕЗОВТІ де айналып өткен жоқ. Халықты аштықпен жусатып салғысы келген қызыл империя Абайды әлемге танытқан Алаш қайраткерін екі жыл абақтыда ұстады. Бұл екі жылда қазақтың тең жарымынан астамы опат болды. Қолдан жасалған қырғынды құлағымен естіп, көзімен көрген қайсар қаламгер түрмеден шыға салып,  «Хан Кене» атты ұлт рухын көтеретін көлемді пьеса жазды. Шәкәріммен, Әлихан Бөкейханмен, Ахмет Байтұрсынұлымен, Жүсіпбек Аймауытұлымен етене араласқан Мұхтар Алашорда үкіметін құрушылардың бірі еді. Ол Алаш арыстары шоғырланған Семей топырағынан тәлім алып, ел ертеңі үшін еңбек ету идеясымен есейді. Осындай өткір ойы отаршылдық заманында сан мәрте басына таяқ болып тиді. Амал қайсы, «Абай жолы» эпопеясы арқылы ақиқатты там-тұмдап жеткізген тұлға Мәскеуде ота үстінде, белгісіздеу жағдайда аяқасты көз жұмды. Ерте тоқтаған жүрек отыз жетінің жұмбағын өзімен бірге ала кетті.

Қалың оқырман Мұхтар Әуезовтің есімін мектеп қабырғасынан біледі. Тіпті, кешегі кеңестік әдебиеттен де ойып тұрып орын алған классик. Ешқандай қуғын-сүргінге түспей, қалай тірі қалды деген де заңды сауал туындайды. Бұған қарап отаршыл жүйенің сойылын соққан сормаңдай қаламгерлердің бірі ме деп қынжылатындар да жоқ емес. Шын мәнінде бұлай ойлау ақиқатқа жанаспайды. Мұхтар – бір ғасыр бұрынғы бостандық жолында тер төгіп, азаттыққа шығармашылығымен үн қосқан алашордашыл қаламгер. Омарханның отбасында тәй-тәй басқан ұл ауыл молдасынан хат танып, Абай мен Шәкәрімнің өлеңдеріне қанығып өседі. Әсіресе, ел аузынан түспейтін хәкім Абайдың өлеңдерін жатқа соқты. «Мен ең алғаш Абайдың өлеңдерімен алты жасымда таныстым. Ауылдастарым ақ параққа маржандай етіп тізіп өлең түсіріп жатыр екен. Атам маған бұл Абайдың өлеңі деп түсіндірді. Одан бері алпыс жыл өтті», – деп айтады бір естелігінде. Әуез әулеті Абай ауылымен іргелес тұрды. Содан да шығар, Мұхтар көз жұмғанша бар ғұмырын Абайға арнады. Ауыл молдасының алдын көргеннен кейін ол 1910 жылы Семей қалалық бес сыныпты орыс училищесінде оқиды. Одан кейін мұғалімдер семинариясын үздік бітіреді. Дәл осы кезді семинарияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін В. Попов есімді ұстазы: «Мұхтар Әуезовпен тұңғыш рет 1916 жылы таныстым. Алдыңғы партада отыратын он сегіз жасар сыпайы жас қазақтың денесі сыптай түзу, киімі сәнді әрі тап-таза, қою шашы қап-қара, маңдайы кере қарыс, қоңырқай жүзі байсалды, маңғаз, көзінде ақыл тұнып тұратын еді», – деп еске алып жазды.
Жас жігіт орысша-қазақша терең білімімен, сөзге жүйрік шешендігімен, батыс пен шығыс өркениетін санасына қатар тоқыған ерекше дарынымен Алаш қайраткерлерінің қатарына қосылды. Семейде құрылған тұңғыш қазақ футболының сапында қорғаушы болып ойнады. Онымен қоса, Алаш азаматтарымен бірге мемлекеттік азатшыл идея тақырыбында талай таңды-таңға ұрып әңгімелесті. 1923 жылы Мұхтар Әуезов Алашорда жетекшілерінің бірі, көрнекті тіл ғалымы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап көлемді мақала жариялады. Сонда отаршыл биліктің қылышынан қан тамып тұрса да Алашордаға деген құрметін астарлы сөйлемдерімен сездіріп отырады. «Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді», – деп ақтарылады Мұхтар. Мақалада жас жазушы Ахметті ең сенімді рухани ұстазы, білім көкжиегіне жол ашып, жаңа көзқарас қалыптастырып берген жетекшісі ретінде көрсетеді.
«Ахаңның елу жылдық тойы» – бір қарағанда жеке тұлғаны жақсы қырынан көрсете салған әдеттегі мерейтойлық мақала емес. Мұнда Мұхтар Әуезовтің ішкі тебіренісі, Алаш арыстарына деген шексіз құрметі, саяси қуғын-сүргінге деген ашу-ызасы, бас кейіпкерінің еңбектері қазір қолдау таппаса да, жарқын болашақта жоғары бағаға ие болар деген үлкен үміті менмұндалап тұр. Тағы да бір зер сала оқиықшы: «Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын».
М. Әуезовтің айтып отырған елшілдік ұраны – ұлттық идея, қазақтың намысы мен бірлігі, өз алдына дербес мемлекет құру бастамасы. Мақаладан байқағанымыздай, азаттық идеясын жас Мұхтарға Ахмет Байтұрсыновтың сіңіргені анық. Қанша уақыт өтсе де, яғни, кеңестік империя өз идеологиясын қанша жерден таңса да, Ахметтің азаттыққа бастайтын өткір пікірлері Мұхтарға жылы ұшырайды. «Құлағына жылы тиеді». Ал Алаш арыстары жаппай жазықсыздан-жазықсыз атылғанда Ахаң бастаған ақсақал ағалар жас Мұхтарды келешек ұрпаққа ақиқатты жеткізу үшін аман алып қалуға атсалысқаны әлі күнге ел аузынан түспей айтылады. Демек, Мұхтарға большевиктік биліктің дәргейіне кірігуге, уақытша болса да тап тартысын ушықтырған империяны мойындауға тура келген. Онысын екі жыл түрмеге отырып келген соң жазды да. Алайда кейбір жаңсақ пікір айтушылар Мұхтардың бұл мақаласын «жаздым, жаңылдым, кешіріңдер, Алаш арыстары жаза басыпты, оларды атыңдар» деген мағынада түсініп алған. Шын мәнінде бұл мақала мәтінінен Алашорданы қаралаған, Әлихан мен Ахметке сатқындық жасаған бірде-бір сөйлем не идея таппайсыз. Бұл туралы белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді өз еңбектерінде атап көрсетеді.
– 1933 жылы мамыр айының басында Алматыдағы драма театрында «Хан Кене» қойылымының тұсаукесері болды. Бұл қазіргі Мұхтар Әуезовтің өз есімі берілген кәдімгі әкемтеатрдың ғимараты. «Хан Кене» алғашқы және ең соңғы қойылым ретінде тарихта қалды. Өкінішке қарай, сол кездегі идеологиялық аппарат «Хан Кенені» қабылдаған жоқ. Содан кейін жазушыға бұл тақырыптан кетуге тура келді. Ал егер оған ешкім кедергі жасамағанда, мемлекет қысымы болмағанда, Әуезов азаттық ұстанымымен Кенесары туралы трилогия жазуы әбден мүмкін еді, – дейді Мәмбет Қойгелді.
Қазақтың соңғы ханы туралы сахналық пьеса жазу аштық пен қуғын-сүргін белең алып тұрған алмағайып заманда үлкен ерлікпен пара-пар болды. Мұхтар Әуезовтің батыл қадамын әумесер билік басқаша түсінді. Алып тұлғаны қайткенде де ату жазасына кесу жолдарын қарастырды. Бірақ Абайдың даналығын, Ахметтің азатшыл идеясын бойына сіңірген Мұхтар қаймыққан жоқ. Жауын-жауынның арасынан жол тапты. Жан-жағында сүйенетін де ешкім қалмайды. Қатал саясат маңайындағы алашордашыл қаламдастарын түгелге жуық ату жазасына кескен. Мұхтардың мойнына бүкіл Алаштың аманаты артылды. Ол аманатты енді Кенесары арқылы емес, Абайдың сан қилы тағдырымен ақтауға кірісті.
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай заңғар жазушының ашық хаты қазақ руханияты үшін үлкен олжа болғанын айтады. «Соның арқасында «Абай жолы» романы жазылды. Әуезовтің өмір сүруі қазақ ұлтының бойында Алаш идеясының өшпеуіне, жалғасын табуына алып келді», – дейді Тұрсын Жұртбай бір сөзінде. Шынында да, ендігі кезекте Мұхтар Абай арқылы өзі айтқан «елшілдік ұранын» паш етті. «Абай жолы» эпопеясы 15 жыл жазылды. Абай өмірі, Абай заманы, Абайды тәрбиелеген қазақ қоғамы, қазақ дәстүрі мен салты он бес жылдан кейін он бес одақтас елге, одан қалса, шетел асып кете барды. Миллиондаған оқырман Абай арқылы Алаштың асқақ арманымен танысты. Байқасақ, романда Мұхтар Абай арқылы болашақты көбірек армандайды. Сөйлем мәтінінде ол арман болашақта қызыл империяның келуімен шектеліп қалатындай көрінеді. Ақиқатында, Абай арманы – азаттық, бостандық, қазақ елінің сауаттылығы, білімге ұмтылуы, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене алуы. Мұхтар Әуезов көркем шығарма арқылы өзі мен Абайдың арманын кіріктіріп жіберді.
Осыдан тұп-тура жүз жыл бұрын жас Мұхтар Семейде жүрді. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш зиялыларымен бірге «Жас азамат» ұйымын құрысты. Алашорда үкіметінің жарғыларын жасасты. Мерзімді басылымдарға алғашқы азаттық сарынында жазылған мақалаларын шығарды. Әсіресе, Жүсіпбек Аймауытұлымен бірлесіп жазған «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақалада келелі ойлар айтылады. Мұнда Абайдың стиліне еліктеушілік, Абайша ойлау белгілері байқалады. Бұлай болуы заңды да. Өйткені  дәл сол уақытта Жүсіпбек пен Мұхтар «Абай» журналының негізін қалап, танымдық мақалалар жазатын еді.
«Жалғыз үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқығандар ендігі жас балаларды өздері үлгі болып, надандықтан шығарып, адамшылықтың жарық жағына қарай сүйреуге міндетті. Соларға қазақтың мінезін тастап, айнымай, қажымай, таза жүрекпен кемшіліктерге қарсы тұрып, бірлік жібіне жармасуынан басқа не тілей аламыз?» – дейді Мұхтар Омарханұлы «Қазақтың өзгеше мінездері» мақаласында. Қос автордың бұлай толғауы 1917 жылмен тұспа-тұс келеді. Шындығында, бұл мақала Мұхтардың тырнақалды туындыларының бірі болды. Ташкент қаласындағы «Алаш» газетіне басылып, бүкіл қазақ жұрты оқыды. Мұның алдында ғана қазақ даласына театрдың қазығын қағып, Шәкәрім атасы жазып берген «Еңлік – Кебек» дастаны негізінде жаңа қойылым дайындаған дарынды жігіт ендігі кезекте бүкіл ел назарына ілікті. Тырнақалды мақаланы тағы да тұщынып көз жүгіртіп көрелікші.
«Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, антқор еместік, құдайдың атын жеңілге саймаулық еді. Біздің қазақта аруақ, Құдай, ант-иман, Құран дегеніңіз берже-байшының ісіндей қадірсіз. Құдайға қылған құлшылық, қайыр-садақа партияның берімсегіне жүріп кетеді. Дінге келген кемшілік осы. Енді қазақтың мінезіне тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлтіру, рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұясынан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгілі, әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы – жалғыз ғана басы, құлқыны. Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Сөйтіп, ұсақтап келіп жаужүрек батырларымыздың батырлығы ауыл-үйдің малын ұрлауда қалды. Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқығандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы, «ұлтым» деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды. Сайып келгенде, қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік», – дейді Жүсіпбек екеуі жазған мақалада. Бір қарағанда, Абайдың Қырық алтыншы әлде Қырық жетінші қара сөзі ме деп қаласыз. Бірақ Абай айтып кеткен сол кемшіліктер Мұхтардың заманында да түзелмегенін көріп түңіліп кете жаздайсыз. Тіпті, бүгінде де бұл көріністердің төбе көрсететіні жанды қинайды.
Классик әр адымы аңдулы аз уақытта «Абай жолын» аяқтап үлгерді. Кенесарыны ақтай алмаса да, Абайды әлемге танытып кетті. Шедевр туынды жарыққа шыққанда да аяқтан шалушылар аз кездеспеді. Романдағы қазақтың салтанатты көшін, жайлаудағы сауық-сайранын феодализммен байланыстырып, негізсіз айып таққандар кездесті. Мұхтар бұл жолы тағы да мойыған жоқ. Абайды дәулетті отбасынан шыққан дарынсыз ақын деп танитын рухани мүгедектерге ғылыми еңбектермен, роман-эпопеямен, монографиялармен дәлелдеп бақты. Бұған дейін «Хан Кене», «Қобыланды батыр» туындыларымен қызыл идеологияға қайшы келген Мұхтарға осы бұлтартпас айыптар тағыла бастайды. «Абай жолына» айыптар тағылған жиында автор орнынан атып тұрып, кетіп те қалған. Ертесі жанашыр бір жолдасы жасырын келіп, тез арада Мәскеуге аттанбаса, Қазақстанда қатаң жазамен абақтыға жабылатынын айтады. Мұхтар ертеңінде Мәскеуге із суытады. Мұнда да абыройлы қызмет атқарып, кейіннен Қазақстан мен Ресейдің беделді жоғары оқу орындарында дәріс береді.
Мұхтар Әуезов өмірінің соңында ауруға шалдығады. Бұған ет жақындары да, медицина мамандары да алаңдаушылық білдірмейді. Өйткені Мәскеудің бас дәрігерлері отаның жеңіл өтетіндігін айтып сендіріп қойған. Бұл туралы әкесінің соңғы сәтіне дейін қасында болған Мұрат Әуезов әрдайым айтып отырады. Тіпті, ота жасардан бірнеше күн бұрын әкесі Мұратқа хат табыстапты. Ұлына туған жеріне баруын, Семейді, Бөріліні аралауын өтініпті. Хат мәтінінде ұлының Мәскеуде жүре бермей, туған елге қызмет етуі жазылған. Баласы бұл өсиетті орындады. Не де болса, отаның аяқасты ажалына бола жасалғаны көңілге күдік ұялататыны сөзсіз. Қызыл империяның қырына ілінген Алаштың көзі тірі соңғы куәгеріне қалайда қастандық жасау қажет болды ма, кім білсін?!

Қайталап және нақтылап айтсақ, Мұхтар Әуезов – Алаш аманатын арқалаған жалғыз тұлға. Бәлкім, кеңестік биліктің қабырғасы сетінегенін көруді жазса, заңғар жазушы сталиндік сүргіннің бар құпиясын ашып салар ма еді. Бірақ қызыл сойқанның дәурені әлі жүріп тұрған  уақытта үзіліп кете барды. Тұрсын Жұртбай айтпақшы, ол ығысқан идеологияның, жойылған таптың, жазаға тартылған үкіметтің сарқыты, өмірін несиеге алған қалпақ астындағы сынақ тұлғасы болатын. Классик Алашорданың аманатын тарихи-әдеби шынайы зерттеулерімен, қазақ тілі мен фольклорын қорғаған мыңдаған монографиясымен, елдің рухын көтеретін бірнеше драма, роман, әңгімелерімен ақтап кетті.

Қуаныш ТҰНҒАТАР.