Ескерткіш-тақта орнатылды

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 2278
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ театры мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарландар аз емес. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстанның Халық әртісі, актер Қасым Жәкібаев. Киелі Жетісу топырағында дүниеге келіп, бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнаған дара тұлға артына асыл мұра қалдырды. Ол кісі сомдаған театрдағы және кинодағы қайталанбас бейнелер қазақ руханиятының алтын қорында тұр. 

Жуырда ел-жұрты тарлан таланттың рухына тағзым етіп, құрмет көрсетті. Актер тұрған үйдің сыртына ескерткіш-тақта орнатты. Алматыдағы Райымбек даңғылы мен                 Ж. Саин көшелерінің қиылысындағы №4 үйдің алдына зиялы қауым өкілдері көптеп жиналды. Игі шараның ашылу салтанатында алғашқы болып сөз сөйлеген Алматы қалалық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахметов Қасым Жәкібаевтың шығармашылығының шыңдалуына алып шаһардың ықпалы аз болмағанын тілге тиек етті.
– Алматы – ұлы тұлғалардың табанының ізі қалған киелі қала. Қасым ағамыз осында оқыды, осында алғашқы еңбек жолын бастады. Актер болып қалыптасты. Сондықтан да  бүгінгі ескерткіш-тақтаның ашылуы ол кісіге деген үлкен құрметтің бір белгісі. Бұл ең алдымен жас ұрпаққа керек. Таланттардың өмірі  қашан да өнеге мен үлгі, – деді Мамай Қаниұлы.
Бұдан кейін өнердегі әріптесі, інісі, белгілі кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов:
«Мен Қасым Жәкібаев ағамды ең алғаш «Дерсу Узала» фильмінен көрдім. Ол кезде мектеп жасындағы баламын. Сондағы бас кейіпкерді актер ерекше сомдаған. Кейін студент атанып Алматыда оқып жүргенде өнер саңлағын жиі көретін болдық. Оның театрда сахналаған рөлдері қандай керемет! Шынайылығымен көрерменді бірден өзіне  баурап әкететін. Өнер жолында біріміз аға, біріміз іні болдық. Қасым ағаның аса талантты актер екенін сол кезде-ақ бәрі мойындаған», – деп ағасы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Ал, актриса, Қазақстанның Халық әртісі Роза Әшірбекова болса, әріптес ағасының кісілігі мен кішілігі хақында әңгіме өрбітті.
– Қасым Жәкібаев – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының негізін қалаушылардың бірі. Ол кісіден біз көп нәрсені үйрендік. Жарықтық, сұңғыла адам еді. Бір өзі – бір мектеп болатын. Бәрімізге «Ұлық болсаң кішік бол» деген қағиданы үлгі етті. Атақ, даңққа ешқашан қызықпады. Өмірінің соңына дейін осы үйде тұруы көп нәрсені аңғартса керек, – деді әріптес қарындасы.
Қасым Әбекұлы театр сахнасында және кино саласында жүріп 400-ден астам рөлді сомдаған. “Дерсу Узала”, “Жансебіл”, “Қан мен тер”, “Үшеу”, “Дәнекер”, «Сұрапыл сұржекей», «Шоқ пен шер», “Отырар”, “Махаббат бекеті” фильмдеріндегі ол бейнелеген образдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
– Қасым ағамыз кезінде «Мосфильмді» аузына қаратқан. Оған мен өзім куәмін. Ресейлік кинорежиссер Аркадий Кордонның фильміне түсуге шақырылды. Сол кезде Қасым аға өзіне берілген рөлді ерекше шабытпен ойнады. Бәрі ол кісінің талантына таңдайларын қақты. Сөйтіп, үш күнге ғана келген Қасым ағаны ондағы әріптестері бір ай бойы қонақ қылғаны әлі есімде, – дейді белгілі киноактер Нұржұман Ықтымбаев.
Актер да  қарапайым пенде. Оның да жеке толғаныстары, отбасылық қайғы-қуаныштары болады. Кейде көңілді рөлдерде ойнап тұрып, ішінен жүрегі жылап тұрған сәттері де аз кездеспейді. Қасым Жәкібаевтың тағдыры да тура солай болған. Ол туралы актердің жақын туысы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Нағашыбек Қапалбекұлы: «Қасым ағамыздың Азамат атты ұлы болды. Ол жастайынан намысшыл, ұлтшыл болып өсті. Қылышынан қан тамып тұрған кеңес империясы кезінде еліміздің тәуелсіздігі туралы ашық пікірлер айтқан батыр ұлдардың бірі еді. Амал не, сол үшін түрмеге жабылып, кейін мерт болды. Бұл қайғы Қасым ағаға оңай тиген жоқ. Жанын жегідей жеді», – деп еске алды.
Шара соңынан кейін «Ақ бата» кафесінде ас беріліп, актер рухына Құран бағышталды. Актердің аяулы жары Нұртай апамыз жиналғандарға отбасының атынан  ризашылығын білдірді.

Болат МӘЖИТ.
Алматы қаласы.