Белгітас орнатылды

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 2519
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушы Кемел Тоқаевтың туғанына биыл 94 жыл толып отыр. Осыған орай Үштөбе қаласындағы жазушы есімімен аталған көшеге арнайы белгітас орнатылды. 
Шараға аудан әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров, жазушының туған немересі Дана Медеуова, аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оңғаров, Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридонова, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілхан Беков және аудан тұрғындары қатысты. 
Кемел Тоқаев 1923 жылғы 2 қазанда Қаратал ауданында дүниеге келген болатын. Жазушы өзі өмір сүрген қоғамның қасіреті болған шытырман оқиғаларға қалам тербеді. Қазірде өшпес мұрасы ел аузында. 1992 жылғы 12 маусымда Үштөбе қаласы әкімінің шешімімен Южная көшесіне Кемел Тоқаевтың есімі берілген-ді. Содан бері ширек ғасыр өте шығыпты. 
    Аудан әкімінің орынбасары Асқат Қалиасқаров пен Дана Темірбайқызы белгітасты салтанатты түрде ашты. 
– Құрметті қала тұрғындары, қараталдықтар! Биылғы жылдан бастап Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруына кіріскені баршаға белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Онда жастарды Отанға, туған елге, жерге деген сүйіспеншілік пен патриотизмге шақырды.  Патриотизмнің ең жақсы үлгісі – орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс табуы керек. Ынтымағы жарасқан елдің данасы болған ақын-жазушы, өнер адамдары мен танымал тарихи тұлғалардың  бірі – Кемел Тоқаев. Қазіргі таңда жазушы атына берілген көшенің жолы жаңартылып, көше шамдары орнатылды. Еліміздің, жеріміздің атын шығаратын, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатын осындай тарихи тұлғаларымыз көбейе берсін! – деді аудан әкімінің орынбасары. 
Игі лебізін жеткізген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейілхан Беков заңғар жазушының қалдырған мол мұрасы өскелең ұрпаққа өнеге боларын айтты. Кемел Тоқаев атындағы көшенің тұрғыны Ольга Голодова майдангер-жазушы атындағы көшеде тұратынын мақтанышпен жеткізсе, Б. Римова атындағы орта мектептің оқушысы Айсұлу Тұрсынова «Кемеңгер Кемелі сен елімнің!» атты жыр шумақтарын арнады. 
Одан әрі мереке мектеп ауласындағы Кемел Тоқаевқа арналған аллеяда жалғасты. Оқушылар өз қолдарымен жасаған қолөнер бұйымдарын, жазушының қан майдандағы ерлігі мен сұрапыл соғысты бейнелейтін суреттерін көрсетті. Әсем безендірілген сахна төрінде қаламгерге арнаған әндер орындалды. Жазушы шығармаларынан қойылған көрініс тіпті әсерге бөледі. 
Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридонова қор есебінен мектепке музыкалық аппаратура, компьютер, жиһаз және оқушыларға  кеңсе тауарлары беріліп тұратынын жеткізді. Бір қуаныштысы, осы қордың арқасында  мектептің 26 түлегі жоғары оқу орнына түссе, екі оқушы Қытайда білімін жалғастыруда. 10 оқу озаты қордың қаржыландыруымен ай сайын 10 мың теңге көлемінде сыйақы алады. Сондай-ақ, жыл сайын аз қамтылған балаларға киім-кешек, тағамдық әлеуметтік көмек көрсетілуде. 
Шара соңында балалары қордың көмегіне ие болған ата-аналар Кемел Тоқаевтың туған немересі Дана Медеуоваға ризашылығын білдіріп, Алғыс хатпен марапаттады.

А. ӨМІРБАЕВ.
Қаратал ауданы.