Алаштың аяулы перзенті

Уақыты: 14.10.2017
Оқылды: 1202
Бөлім: ТҮПСАНА

М. Әуезов атындағы академиялық драма театрында мемлекет және қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевты еске алу кешімен оның аяулы жары, белгілі жазушы Шәрбану Бейсенованың 70 жылдық мерейтойы салтанатпен аталып өтті.

Бұл Сағат ағамыздың туған жері Райымбек ауданы, Нарынқол өңірінде басталған елдік шараның жалғасы еді. Оған зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер және Астанадан келген мәртебелі қонақтар қатысты. Қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген қос тұлғаның ұлттың рухани дүниесіне қосқан үлестері тағы бір сараланды.
Салтанатты шараның шымылдығы ашылғанда Әшімбаевтар әулетінің отанасы Шәрбану апамыз немересін ертіп сахна төріне көтерілді. Мерейтойлық кеш әйгілі «Досмұқасан» ансамблінің орындауындағы «Алматы түні» әнімен басталды. Үлкен экраннан көрсетілген, Сағат аға мен Шәрбану апаның жастық шақтарын бейнелейтін, «Махаббат, қызық, мол жылдардың» куәсіндей болған фотосуреттер музыканың әдемі сазымен астасқанда көрерменді ерекше сезімге бөледі. Алматының жастар қаласы, махаббат қаласы екенін тағы бір еске түсірді.
Алғашқы болып мерейтой мінберіне көтерілген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жүрекжарды лебізін көпшілікке паш етті.
– Біз бүгін мәдениетіміз бен әдебиетіміз үшін айрықша орны бар қаламгерді еске алып отырмыз. Мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды публицист, дарынды тележурналист, әйгілі әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаев арамызда жүрсе 70 жасқа толар еді. Ол кісі өзінің санаулы ғұмырында артына өшпес із қалдырды. Мәдениет пен әдебиеттің дамуына, ұлттық сананың өсіп-өркендеуіне серпін берді. Үздіксіз ізденіс пен толассыз еңбектің, халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында шынайы ұлт зиялысына айналды, – деді Бауыржан Нұрғалиұлы. 
Бұдан кейін мерейтойлық лебізді Жетісу жұртының атынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жалғастырды.
– Мерейтой иелеріне және залда отырған көпшілікке бүкіл Жетісу жұртының ыстық сәлемін жеткізуге рұқсат етіңіздер. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елі мен жері үшін аянбай тер төккен қайраткерлердің тәлімді өнегелерін жас ұрпаққа паш ету керектігіне тоқталған болатын. Міне, Сағат ағамызды біз сондай айтулы тұлғалардың қатарында тұр деп мақтанышпен айтамыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин сөзін терең толғаныспен сабақтады.
– Бүгін алаштың ұлы қаласы Алматы халқына қалтқысыз қызмет еткен адал перзентін сағынып, тебіренгендей. Сағаттың рухы Ұлы Дала елінің кеңістігін кезіп жүргендей әсер береді. Өйткені, ол шын мәнінде ұлттың биігіне көтерілген, халықтық сипатқа ие болған сиректердің бірі. Ол нағыз кәсіби сынның үлкен кеңістігін қалыптастырды. Өзінен кейінгі шәкірттеріне ұстаз болып жол көрсетті. Артына мол рухани қазына қалдырды, – деді Нұрлан Мырқасымұлы.
Мерейтойлық лебіз білдіргендер Сағат ағаның аяулы жары Шәрбану Қонақбайқызының иығына құндыз шапан жауып, қуанышымен құттықтады.
Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевтың, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы Ерлан Қариннің құттықтау хаттары оқылды.
Енді мына бір жайға зер салып қараңызшы. Бір отбасында екі қаламгер – сыншы мен жазушы тату-тәтті өмір сүрген. Олар ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға бірге түсіп, жұбын жазбаған күйі бірге бітірді. Махаббаттың жалынын құрметке, сезімнің отын парасатқа ұштастырды. Сол арқылы қазақтың зиялы отбасының заманауи үлгісін қалыптастырды. Ұлдарына ұланға лайық тәрбие беріп, азамат етіп өсірді. Орыстанып кеткен Алматыда қазаққа тән қасиеттерді қалай сақтаудың өнегесін іс жүзінде көрсетті. Нәтижесінде орнында бар оңалып, Шәрбану апамыз еңбегінің жемісін жеп, қызығына кенеліп отырған жайы бар. Аяулы жарының аманатын қазақ әйеліне тән қайсарлықпен орындап шықты.
Кеш барысында Шәрбану Бейсенованың хикаяты бойынша театр актерлері қойған сахналық көрініс жазушының тағы бір қырын жарқыратып ашты. Ақын Бақыт Беделханның аға рухына арнаған «Сағаттың монологы» атты өлеңін өнер академиясының студенттері нақышына келтіріп оқыды. Белгілі өнер қайраткерлері – Нұрғали Нүсіпжанов, Рамазан Стамғазиев, Болат Бөкенов, Елена Әбдіхалықова, Жұбаныш Жексен, Бекболат Тілеухандар әннен шашу шашты.
Мерейтойдың қорытындысын Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы былайша түйіндеді:
–  Әкем маған үш нәрсені өсиет етті. Үлкен мақсаттарға ұмтылып, сол жолда аянбай тер төге біл дейтін. Адалдықты ту етіп көтеріп, екіжүзділіктен бойыңды аулақ ұста деп отыратын. Үшіншіден, білімге деген құштарлықты үйретті. Ол кісі кітапқұмар болатын. Әр оқыған дүниесінің маңызды тұстарын қарындашпен сызып, парақтың шетіндегі ашық жеріне алған әсерін жазып қоятын әдеті бар еді. Әкемнен және анамнан алған өнеге мен тәлім – баға жетпес асыл қазына, – деді ол.
Мерейтой салтанаты жиналған жұртты әдемі әсерге бөледі. Себебі, ел тәуелсіздігін армандаған ұлт қайраткерлерінің бірі Сағат Әшімбаев еді.  Сонау бір алмағайып заманда сыр алдырмастан дүниеге тік қарап, отқа да кірді, суға да түсті. Өйткені қайраткерлік тағдырдың жолы ауыр. Әсіресе, Желтоқсан оқиғасын көзімен көріп, жүрегінен жас тамшылатқаны өмірінің ең үлкен қасіреті...
Шүкір дейік! Ең бастысы, ағамыздың арманы орындалды. Көгімізде Көк байрағымыз желбіреп тұр. Көк байрақ – ұлы жолда шейіт кеткен бабаларымыз бен ағаларымыздың рухы. Біз мерейтойдың мазмұны мен мағынасын осыдан іздедік.

Болат МӘЖИТ.
Алматы.