КЕНЕСАРЫНЫҢ 220 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ АУҚЫМДЫ ШАРА ӨТТІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 02.11.2022
Оқылды: 1470
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы облыстық мәденит, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қарасай ауданында орналасқан «Батыр бабалар» мемориалды музейінде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының 220 жылдығына орай халықаралық фестиваль өтті.

Фестивальға қатысушылар алдымен мұражай ауласына орналасқан көрмедегі тарихи жәдігерлермен танысты. Бұл жерде ағайынды Айтберген және Махмұт Құлменовтардың музейге сыйға тартқан батыр қару-жарағы жұртшылық қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, танымал ұста Дәулет Шоқпаровтың көшпелі ұстаханасында зергерлік бұйымдардың қалай жасалатыны да ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

Фестиваль салтанатын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әлия Жақыпбекова ашып, Кенесары ханның қазақ тарихында алар орны, Кенесары көтерілісінің себебі мен салдары турасында сөз қозғады. Сонымен қатар, «Батыр бабалар» мемориалды музейінің ашылғанына 5 жыл толуына байланысты осы мәдени кешенді салуға мұрындық болған Алик Шпекбаев, Маратбек Бейсенбеков сынды меценаттарға алғысын білдірді.

Келесі болып сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан ат үстінде күн кешіп, ауыздықпен су іше жүріп осынау Ұлы даланы ұрпағына аманат еткен батыр бабаларымызды ұлықтау жастардың бойында патриоттық сезім мен ұлтжандылық рух қалыптастыратынына тоқталып өтті. Ал ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов болса, өз сөзінде Кенесары ханның қазақ тарихында алар орны жайлы кеңінен тоқталды. Қазақ халқы үшін мәңгілік құндылық болып саналатын жер, мемлекет және тіл тұғырына қонбайынша, елдің болашағы бұлыңғыр болатыны әңгіме өзегіне айналды.

Салтанатты жиын барысында ұлттық рухтың нәзік қылын тербететін ән шырқалып, құдіретті күй тартылды. Бұл жерде дәулескер күйші Еркін Құдайбергеновтің орындауындағы «Адай» күйі мен автордың өз шығармасы «Көкмойнақ» жиылған қауымның көңілін көкке өрлетіп тастады. Сол сияқты Дана Кентай мен Қарасай аудандық Мәдениет үйінің әншісі Аякөз  Ахметовалар шырқаған ән де ешкімді бейжай қалдырмады. Фестиваль қонақтарының назарына Станислав Потапов жетекшілік ететін «NOMAD» этноорталығы мүшелерінің өнері де ұсынылды. Алдымен біздің ата-бабаларымыз пайдаланған қару-жарақ пен сауыт-сайманның түрлерімен таныстырған Станислав Александрович соңынан соғыс өнерінен үзінділер көрсетіп, әр қарудың қолдану тәсілдерін айшықтады.

Шарада құрметті қонақтар батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, мемориал экспонаттарымен танысты. Музей меңгерушісі Орынбасар Тәлімжанұлы қазақ халқының тағдырлы тарихын баяндайтын құнды деректерді тілге тиек ете отырып, тәуелсіз ел атанған кезге дейінгі өткенімізді көз алдымыздан өткізді.

Түстен кейін фестиваль қонақтары «Кенесары: өмірі мен ерлігі және қилы тағдыры» атты ғылыми-практикалық конференцияның куәсі болды. Алқалы жиынды «Қазақ радиосы» Алматы студиясының жетекшісі Бақыт Жағыпар жүргізді. Мұнда алғашқы болып сөз алған академик Хангелді Әбжанов қазақ даласында өткен ұлт-азаттық көтерілістерге тоқтала келіп, 10 жыл бойы орыс отарлаушыларымен жаралы арыстанша арпалысқан Кенесары ханның өмірі мен ерлік істері жайлы баяндады.

Конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов «Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілістің жеңілу себептері мен тарихи маңызы», Қырғыз Республикасындағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты филиалының директоры Жұмағұл Байдилдеев «Кенесары хан жана анын доору», қазақ журналистикасының қайраткері Есілбай Зарыққан «Кенесары ханның Балқаштағы Қамал түбегіне келуі», әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Еділ Ноянов «Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің тарихта алатын орны», «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Ринат Шарипов «Таңбалы тарихтан сыр шертеді», «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі Аршагүл Тойбаева «Батыр Бопай» тақырыптарында баяндама жасап, ақын Бақыт Беделхан, филология ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Әнес Кенесары көтерілісін зерттеудің ғылымға қосар үлесі, болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеудегі орны жайлы тұщымды пікірлерін ортаға салды.

Алқалы басқосуды жиын модераторы Бақыт Жағыпар қорытындылап, жан-жақтан келген қадірлі қонақтар мен сарабдал сөз айтқан ғалымдарға жұртшылық атынан алғысын жеткізді.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы,

Алматы облысы