ЖАМБЫЛ АУДАНЫНДА САРЫБАЙ БИДІҢ 200 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНЫП, САЯБАҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 07.11.2022
Оқылды: 2110
Бөлім: ТҮПСАНА

Қайназар ауылы маңында Сарыбай би саябағы ашылды. Ұзынағаш ауылынан Жамбыл музейіне барар жолдың бойында салынған саябақ келушілердің мәдени демалатын көрікті орны болумен қатар тарихи тұлғаға тағзым етер қастерлі жерге айналды. Өйткені, саябақ төрінде Сарыбай бидің алып ескерткіші бой көтерді.

Жаңа нысанның ашылуына жиналғандардың қарасы қалың болды. Құттықтау сөз алған аузы дуалы азаматтар заманында уақыт тынысын тап басып, халқының бірлігін ойлаған, бар ғұмырын туған елі мен жерінің амандығы жолына арнаған айтулы қоғам қайраткері – Сарыбай би Айдосұлының кейінгі ұрпаққа үлгі болар ісін баса айтты.

Бұл орайда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, тарих ғылымдарының докторлары Берекет Кәрібаев пен Хангелді Әбжанов, Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Дәулет Жарасбаев лебіз білдірді. Салтанатты сәтке жиналған көпшілікке қадірменді ақсақал, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Сәбетбек Еркінбайұлы ақ батасын беріп, аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.

Туғанына 200 жыл толған атақты би жөнінде кезінде:

«Батыр боп найза қайраған,

Ақын боп тілі сайраған,

Шешіле сөйлеп кеткенде,

Шешеннің тілін байлаған.

Жеті жаудан тазартып,

Жетісу жерін жайлаған,

Бар халық соған қол артып,

Сенімін артып, наз артып,

Қарадан хан қып сайлаған,

Айдостың ұлы Сарыбай», - деп ақындардың ақыны Сүйінбайдың өзі сүйсінген.

Туған жерін ойдағы орыстан, қырдағы қоқаннан қилы амалын тауып қорғап, елінің шаңырағын шайқалтпай ұстаған, бірлік пен ынтымақты нұсқаған әрі батыр, әрі би Сарыбай есімі ардақтауға лайық есім екені кеңінен сөз болды сол күні. Бидің ұрпақтары бабаларына құран бағыштап, ас берді. Баба мерейтойына орай жарыққа шыққан «Сарыбай би» кітабы таратылды.

Сөз саңлағы Сүйінбайдың:

«Көсемім – Сарыбайым, ел құраған,

Заманның дөңгелеген тең бұраған.

Елімнен бір дана адам туса деп ем,

Құдайым тілегімді берді маған», - деп төгілте жырлайтыны бар.

Ел құраған ерен бидің есімі көршілес өзбек, қырғыз, қытай, орыс жұртшылығына да әділдігімен, асқан білгір билігімен кеңінен таныс. Ол тек рулы ел ішіндегі елеулі мәселелерді реттеп қана қоймай, күн сайын күшейе түскен орыстың зорлықшыл, үстем билігіне де бірегей мәмілегерлігімен жол тауып, туған елінің ата қонысы мен әр тарапты мүддесін лайықты қорғай білді. Орыс әскерімен мәмілеге келіп, тарихта «Ұзынағаш шайқасы» деген атпен қалған әйгілі соғысқа қатысқан. Қара қылды қақ жарған Сарыбай би ел арасында үлкен құрметке, абырой-беделге ие болып, Жетісудың атақты төрт биінің біріне айналған. Ал Жетісу өлкесіне ол кезде Аягөзден Ыстықкөл, Таласқа дейінгі ұлан-ғайыр жерлер кірген.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Қайназар ауылы,

Жамбыл ауданы,

Алматы облысы