Орбұлақта оянған рух

Уақыты: 26.02.2018
Оқылды: 2263
Бөлім: ТҮПСАНА

Орбұлақ шайқасына – 375 жыл. Ұлттық кітапханада «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Орбұлақта оянған рух» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті. Жиын  қазақ тарихындағы жоңғарды ойсырата жеңген Орбұлақ шайқасының тарихи мән-мазмұнына арналды. Халықаралық «Көшпенділер Атамұрасы» қоғамдық қоры мен Ұлттық кітапхана бірлесіп өткізген жиынға тарихшы-ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, БАҚ өкілдері, студенттер қатысты. Мақсат – Орбұлақ шайқасының тарихи маңыздылығын дәріптеу.

Тарихтағы өзге соғыстардан артықшылығы – Орбұлақтағы қазақ-жоңғар соғысында қазақтар әскер шығындамай, ерекше айла-тәсілмен жауын қынадай қырған. Салқам Жәңгір әскерін терең орға жасырып, жоңғардың қалың қолын улыжебемен қырғынға ұшыратқан. Соғыс өнерін жетік меңгергенінің арқасында елді, жерді аман сақтап қалған. «Дөңгелек үстелге» қатысушылар тарихшылардың Орбұлақ шайқасына қатысты еңбектерін, мұрағаттағы құнды суреттердің көшірмелерін, әр кезеңде газет-журналдарда жарық көрген ғылыми мақалалар жинақталған көрмені тамашалады.
Жиынды жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы жүргізіп, Талас Омарбеков, Әлібек Асқаров, Жүсіпбек Қорғасбек, Жанарбек Әшімжан шайқастың тарихи құндылығын, сол кезде қолданылған соғыстың әдіс-тәсілдерін тарихшылардың еңбегіне сүйене отырып талқылады. Пікір алмасып, тың деректерді көпшілікке жеткізудегі негізгі ой – тарихи оқиғаны қанша ғасыр уақыт өтсе де, қазақтың жадында жаңғырту.
Жиынға қатысқан тарихшылар: «Орбұлақ шайқасы – қазақ-жоңғар арасындағы Жоңғар Алатауының аңғарында өткен. Қазақтың ханы Салқам Жәңгірге қарсы соғыс ашып, қисапсыз қырғынға ұшыраған Жоңғар билеушісі Батыр қонтайшының жеңілісімен аяқталған. Шайқаста қазақ әскері жауын улы жебемен жусатып салған. Жоңғардың Жетісуды жаулап аламын деген арманының күлі көкке ұшқан. Найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауынан елі мен жерін қорғап келген қазақтар Орбұлақ шайқасында алғаш рет қару-жарақ қолданған. Жетісуды жаулап алмақ ниетпен соғыс ашқан жоңғар әскерін орға жасырынып, улы жебемен қарсы алып, сасықтекенің (дәрілік шөп) түтініне тұншықтырған» деп ата-бабамыз соғыс өнерінің ерекше тәсілдерін ұтымды пайдалана білгендігіне жан-жақты тоқталды.
Орбұлақ шайқасының арғы-бергі тарихын, оны насихатттау шараларына белсене араласып жүрген жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы шайқас өткен кезең жайлы тарихи деректер әлі де зерттелу керектігін айтты. «Орбұлақ шайқасы қазақ-жоңғар соғысындағы қазақтардың аз әскермен жоңғардың мыңдаған қолын қоғадай жапырғанымен ерекшеленеді. Соғыс жайындағы тарихи деректер әр тарихшының еңбегінде әртүрлі кездеседі. Бірақ Жоңғар Алатауы етегінде өткен қазақ-жоңғар қақтығысының тарихынан хабар береді. Орбұлақ шайқасы туралы деректер тарихшы Фишердің еңбектерінде айтылады. Тарихшылар Левшин, Златкин, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин де Орбұлақ шайқасы жайында құнды деректер жазып қалдырған. 1993 жылы Алматы облысы Панфилов ауданындағы Белжайлауда Орбұлақ шайқасы жеңісінің 350 жылдығы аталып өтті. Орбұлақ шатқалында ескерткіш орнатылды. Ендігі мақсат – тарихи шайқастың маңыздылығын жастарға ұғындыру. Тек қана мерейтой, айтулы күндерде ғана емес, тарих күнделікті насихатталып отыруы керек. Орбұлақ шайқасында ерлік көрсеткен батырларға ескерткіш орнатып, есімін ұлықтау – парыз» дейді жазушы.

Майра ЖАНЫСБАЙ