Болашақ білімді жастарда

Уақыты: 14.03.2018
Оқылды: 1094
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын зер сала оқып шыққан әр адамның жарқын болашаққа деген сенімінің арта түсетіні анық. Жас ұрпақты білім мен ғылымға баулып жүрген ұстаздар қауымы үшін аталған мақаланың әсіресе «Білімнің салтанат құруы» атты бөлімінде айтылған ойлардың маңызы зор.

Қазақтың алғашқы білімді жастарының бірі – Барлыбек Сырттанов. Біздің мектебіміз қазақ тарландарына үлгі бола білген Алаш қайраткерінің есімімен аталады. Орта білімді Верныйдағы ер балалар гимназиясынан алған ол оқуын Санкт-Петербург университетінде жалғастырады. Білімге деген құштарлықтың арқасында тұңғыш рет «Қазақ елінің уставын» жазған Б. Сырттанов Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Сералиндермен бір сапта еңбек етті. Біздің мектепте қайраткер Сырттановтың еңбектеріне арналған шаралар жиі өткізіліп тұрады. Мұндай шаралар барысында бүгінгі ұрпаққа жан-жақты білім берумен қатар олардың құқықтық сауаттылығын арттыру да назардан тыс қалмайды. 
Осы орайда біздің Барлыбек Сырттанов атындағы орта мектептің ұстаздар қауымы  замана көшінен қалыспай озық технологияларды меңгеруді мақсат етіп, түрлі семинар, тренинг, конференциялар өткізіп, тәжірибе жинақтауда. Соның бірден-бір дәлелі – мектеп ұстаздары жаңартылған бағдарлама мен курстарды оқытудағы тәжірибені, одан алынған нәтижелерді өздерінің білім қорына жинақтауды әдетке айналдырды. 
Әлемде білім деңгейі үздік деп танылған Кембридж университеті болса, қазіргі таңда ұстаздарымыз аталған университеттің ең үздік әдіс-тәсілдерін меңгеріп, кәсіби шеберліктерін шыңдауда. Біздің мектепте барлығы 36 мұғалім қызмет атқарса, оның ішінде 6 ұстазымыз осы аталған курстың І, ІІ, ІІІ деңгейін оқып, мектепке жаңа бағдарламаны енгізіп, мектепішілік курстар өткізуде. Сол ұстаздардың бастамасымен қазіргі таңда мектеп ұстаздары жаңартылған бағдарлама бойынша білім алып, аталған бағдарламаның сертификаттарын иеленді.
Елбасының «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген сөзін басшылыққа алған мектеп ұжымы жас ұрпаққа тәлімді тәрбие, сапалы білім беруде талмай ізденіп, жаңа бастамаларға қызу үн қосуда.

Раушан Ақсубаева, 
Б. Сырттанов атындағы орта мектептің мұғалімі
Ақсу ауданы