Ардагерлер үйі ашылды

Уақыты: 14.03.2018
Оқылды: 2178
Бөлім: ТҮПСАНА

Сарқан ауданының орталығында Ардагерлер үйі  ашылды.  Ғимарат Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген «Туған жер»  бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлері мен түрлі мекеме ұжымдарының қаржылай қолдауымен қысқа мерзімде бой көтерді. 

Жаңа ғимараттың алдында өткен жиынды аудан әкімі Ерғазы Қошанбеков кіріспе сөзбен ашты. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «АСПМК» ЖШС бас директорының орынбасары  Павел Нематов, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев  жиналған қауымды орталықтың ашылуымен құттықтады. Осы құрылысты жүргізген «Механикаландырылған жұмыс» ЖШС директоры Сабыр Қадырұлы символдық кілтті Сарқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Қадыл Жанасбековке табыс етті.Ардагерлер үйінің  лентасы салтанатты түрде қиылды. 
Бұдан соң жаңа ғимараттың мәжіліс залында басқосу өтіп, игі істің бел ортасынан көрінген басты демеушілер  марапатталды. Ардагерлер үйінің атауы жаңа латын қарпімен айшықталған. Барлық бөлмелері заманауи құралдармен жабдықталған. Мәжіліс залының төріндегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің портреттері мен бірлік пен берекеге үндейтін  ұлағатты сөздері көз тартады. Мұнда ақсақалдар бас қосып, елдік  мүддені көтеріп, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарынан сайыс өткізулеріне мүмкіндік бар. Жаңа ғимараттың ашылуына келген ақсақалдарымыз бен ақжаулықты аналар орталықтың ел игілігіне ұсынылғанына дән риза болысты. 

Жомарт ИГІМАН
Сарқан ауданы