Жерлестерімен жүздесті

Уақыты: 16.03.2018
Оқылды: 1124
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида БАЛАЕВА Қарасай, Жамбыл аудандарына барып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылған жаңа музейлердің жұмысымен танысты. Мәртебелі мейманды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық ОМАР, Қарасай ауданының әкімі Махаббат БИГЕЛДИЕВ, Жамбыл ауданының әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВ және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан ӘБДУӘЛИЕВ қарсы алып, атқарылған жұмыстардың нәтижесімен таныстырды.

Алдымен былтыр қыркүйекте демеушілердің қолдауымен Райымбек ауылдық округінде бой көтерген «Батыр бабалар» мемориалды кешеніне барған астаналық қонақты мұражай қызметкерлері қазақ халқының сан ғасырлық тарихын баяндайтын экспонаттармен таныстырды. Тұмар ханым мен Кир патшаның соғысын, жердің азаттығы мен елдің еркіндігі жолында Аңырақайда жоңғарлармен шайқасқа шыққан батыр бабалардың ерлігін бейнелейтін ұзындығы 15, ені 3 метр болатын панорамалық туындының авторы – суретші Сергей Пожарский. Мамандардың айтуына қарағанда, екі панораманың жалпы көлемі 45 шаршы метр.
Қазақ халқының үш мың жылдық тарихы, атап айтқанда, Сақ дәуірінен «Алаш» қозғалысына дейінгі кезеңді қамтитын  экспонаттар үш тақырыпқа шоғырландырылыпты. Ондағы қазақ мемлекетінің құрылып, нығаюына үлес қосқан тоғыз хан, үш би және 19 батырдың бейнесімен және өмірбаянымен танысқан Аида Ғалымқызы «Батыр бабалар» мемориалының жас ұрпақты ұлтжандылық рухта тәрбиелеуге септігін тигізетінін атап өтті.
Одан кейін Шамалған ауылдық округінде былтыр желтоқсанда салтанатты түрде ашылған «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына ат басын тіреген мәртебелі мейман еліміздің Тұңғыш Президенті, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметіне, тәуелсіз Қазақстанның даму жолына арналған орталықтың жұмысымен танысты. Бірінші залда Президенттің балалық, жастық шағы, алғашқы еңбек жолы, баспанасы мен мектеп үйінің макеттері  көрініс тапқан. Одан кейінгі бөлмелерде тәуелсіз қазақ мемлекетінің тарихы, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, сыртқы саясаттағы жеңістері баяндалады. «Атамекен» орталығының көрнекті жерінде Президенттің жұмыс үстелі, Елбасының Қарасай ауданының Құрметті азаматы екенін айғақтайтын құжаттар қойылған. Орталық аумағындағы демалыс саябағына Президент мінген үкіметтік автокөлік қойылыпты.
Музей жұмысымен танысқан соң Аида Ғалымқызы лебіз-тілектер кітабына қолтаңба қалдырып, тілшілерге сұхбат беріп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай елімізде ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын, жас ұрпақ тәрбиесіне осындай музей мен орталықтың тигізер ықпалы зор екенін әңгімеледі.
***
Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның «Қызыр қонған құт мекен» атты кітабының тұсаукесері өтті. Балаларға арналған танымдық кітап Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы «Туған жер» жобасы аясында жарық көрген.
Салтанатты шараны ашып, жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар кітап авторының тұсаукесерді кіндік қаны тамған киелі мекенде өткізуді жөн санағанын атап өтті. Одан соң сөз кезегін алған аудан әкімі Жандарбек Далабаев тұсаукесердің үлкен рухани-танымдық мәні бар екеніне тоқталып, ақындар мен батырлар елі атанған қасиетті аймақ жұртшылығы да Рухани жаңғыру аясындағы игі шаралардан қалыс қалмай, біраз істің тиянақталғанын, ауданның құрылғанына 90, ал Жамбыл есімімен аталғанына 80 жыл толғанын, соған орай ақынға еңселі ескерткіш тұрғызылатынын әңгімеге өзек қылды. 
Жиынға қатысқан көпшілікке жүрекжарды лебізін білдірген Аида Балаева кітаптың қолға алынуына туған топыраққа деген перзенттік махаббатының түрткі болғанын айтты. Өлкенің өткен-кеткенін зерделеп, көңіл тебіренісін ақ қағазға түсіруі алдағы үлкен еңбектің бастамасы деп білетінін, кітаптың балаларға арналуы олардың ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп өссе деген ізгі ниеттен туындағанын, бұл еңбек туған жерге деген оқырман сүйіспеншілігін оятуға үлес қосса, мақсатының орындалғаны деп есептейтінін жеткізді.
Қызыр қонған киелі мекеннің шежіресінен сыр шертетін кітап туралы         М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының профессоры, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кенжехан Матыжанов, қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Майра Амантаева, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, кітап сапасының артуына өз үлесін қосқан аудандық «Атамекен» газетінің директор – бас редакторы Рәтбек Сәдуақасұлы пікір білдіріп, жоғары баға берді. Отаншылдыққа, патриотизмге үндеу мақсатындағы көлемді кітап балалардың талғамына сай, тілі жеңіл, безендірілуі көркем, бояуы қанық, қарпі көзге тартымды, фотосуретке бай, сапалы басылған. Онда киелі жерлер, тарихи орындар, осы өңірден шыққан ұлт тұлғалары, жер-су аттарының шығу төркіні, ең аяғы шежіре, аңыз-әңгімелерге дейін орын берілген. Ауданның өткенімен қатар бүгінінен де мол мағлұмат қамтылып, әрбір ауылдық аймақ пен елді мекенге жеке-жеке тоқталған. Шарада ақын Надежда Лушникова қаламгер сіңлісіне арнап өлең оқыды.
Сахна төрінде жасалған тұсаукесер рәсімінде Аида Балаева жинақтың алғашқы данасын тарих пәнінен сабақ берген сүйікті ұстазы Нұршагүл Абаеваға тапсырды. Келген жұртшылыққа да кітабын сыйлады. Кеш соңында аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің әртістері ән-жырдан шашу шашты.
Жерлестерімен емен-жарқын жүздескен Аида Ғалымқызы туған ауылы Жамбылға барып, мұражайдағы ақын кесенесі мен Нұрғиса Тілендиев ескерткішіне гүл шоғын қойды. Одан соң өзі білім алған Жамбыл орта мектебіне кірген автор ұстаздар мен оқушыларға кітабын таратып, интерактивті тақта сыйлады.

ӨЗ ТІЛШІЛЕРІМІЗ