Ана тілін ардақтаған өлке

Уақыты: 17.03.2018
Оқылды: 2025
Бөлім: ТҮПСАНА

Егеменді ел атанғанымызға да ширек ғасырдан асып, ел еңсесі көтеріліп, мәртебеміз де дүние жүзіне тарап келеді. Бұрын кеңестік жүйенің кесірінен ана тіліміз тұншығып, өрісі жылдан-жылға таралып келген еді. Егемендіктің арқасында ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алып, жылдан-жылға қанатын кеңге жаюда.

Егеменді еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы БҰҰ-ның мінбесінен ана тілінде сөйлеп, халқымыздың рухын асқақтатқаны күні кеше. Оған тек Қазақстанда тұратын қазақтар ғана емес, дүниежүзінің әр елінде тұратын қандастарымыздың ерекше қуанышқа бөленгенін бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп білдік. Елімізде егемендік алған жылдары мемлекеттік тіл мәртебесін алған ана тілімізді үйренуде басқа ұлт өкілдері де көбейе түскені бізді ерекше қуанышқа бөлейді. Зілтемірші Маргарита Елесеева қазақтың өз қызындай болып кеткен. Тележүргізуші Мая Веронская қазақтың тілін ана тіліндей меңгерген. Қазақтың қара домбырасымен Татьяна Бурмистрованың әндерін естіп бір марқайып қаламыз. Қазіргі кезде қазақша сөйлеумен бірге қазақ өнерін ерекше меңгерген өзге этнос өкілдерінің саны артқан. Республикамыздың бас газеті «Егемен Қазақстан» «Корей қызы қазақ тілінде диплом қорғады», – деп жазады. Онда Оңтүстік Кореяның тумасы Энжу Ку өзінің Қазақстанға арналған дипломдық жұмысын қазақ тілінде жазып шығыпты. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мен дүниеге келіп, еңбек еткен Райымбек ауданында 98 пайыздан аса тек қазақтар тұратындықтан бұрын Кеңес өкіметі кезінде де, қазіргі егемендік алған кезімізде де ісқағаздар тек қазақ тілінде өткізіледі. Көп жылдар бойына ел басқарған Д. Қонаевтың жолы түсіп, ауданымызға келгенде халықпен тек қазақ тілінде  әңгімелескен еді. 
1960-70 жылдары Алматы облысын басқарған Асанбай Асқаров ауданды аралай келгенде халқымен кездесіп тек қазақ тілінде өте шебер сөйлеп, бай сөздік қорымен баурап алатын еді. Барлық жиналыстар мен кездесулерде баяндамалар қазақ тілінде жасалғандықтан халыққа өте түсінікті жеткізілетін. Кейде жұмыс бабымен жиындарға шақыру мен білім ордасына бара қалғанда оқушылардың тек өздерінің ана тілінде сөйлегендерін көріп, ерекше ризашылық сезіміне бөленетінмін. Осы кезде, шіркін-ай, барша қазақстандық осылай мемлекеттік тілде сөйлесе, – деп өткенге өзек салып отырамын. Ал кейде ауданға келіп өзіңнің қаракөз бауырларыңның басқа тілде шүлдірлегенін көргенде еріксізден көңіліңе қаяу түседі. Мың өліп, мың тіріліп талай-талай тар жол, тайғақ кешулерде тілін де, жерін де сақтай білген бабаларымыздың батырлығына бас имеу мүмкін емес. Исі қазаққа терең ойлы философиялық пайымдауларымен танылған ұлы ойшылдарымыз бен ақын-жазушыларымыздың шығармаларын танымай жүрген тамырластарымыздың қарасы қалың.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деп ерекше терең ой айтты. Сондықтан отбасымызда жас ұрпақты ұлттық салт-дәстүрімізбен, тұғыры биік тілімізбен суғарудың қажет екенін өмірдің өзі көрсетіп жүр. Мен қазір қалада тұрып орысша оқып, тәрбиеленген жастармен көп тілдесіп тұрамын. Өздерінің ұлттық дәстүрімен тәрбиеленбей, тіліне мән бермегеніне үлкен өкініш білдіреді.
Осы ретте ісқағаздары қазақ тілінде жүргізілетін Райымбек ауданын «ана тілін ардақтаған өлке» деп мақтан еткім келеді.

Марат ТАҚАБАЕВ,
Райымбек ауданының Құрметті азаматы