Өркениет өзегі

Уақыты: 01.04.2018
Оқылды: 985
Бөлім: ТҮПСАНА

Тарих беттеріне үңілсеңіз, халқымыздың басынан небір қилы кезең өтті. «Мың өліп, мың тірілген» қазақтың дінін де, тілін де ұмытып кете жаздаған кездері болғаны тарихтан аян. Орыстың кириллицасымен бірге аз ғана жыл ішінде латын қарпін де қолдандық.

Өкінішке қарай, кеңес өкіметі саясатының күрмеуінен шыға алмай, яғни діні мен салты ұқсас түркі мәдениетінен бойымызды алшақ ұстап, өткенімізді ұмыта бастадық. Қазақтың жеңіл де әуезге толы табиғи дыбыстарының орнына сырттан келген кірме сөздердің заңдылықтарын үйренуге тура келді.
Әрине, бұл жерде кириллицаның берген жағымды тұстарын жоққа шығаруға болмайды. Ұлы Абай мен Ыбырай Алтынсарин аударған орыс жазушыларының туындыларын оқи отырып, өзге елдің мәдениеті мен болмысын бойымызға сіңірдік. Білімімізді сол арқылы дамыттық. Оқу мен ізденудің арқасында талантты ұл-қыздарымыз әр салада еңбек етіп келеді. Алайда заман ағымына байланысты кириллицадан гөрі латын әліпбиінің ауқымы кең, дәрежесі биік. Оны білген адамға ағылшын тілі мен интернет әлемінің есігі айқара ашық. Сондықтан латын әліпбиінің қажеттілігі күннен-күнге артып келеді.
Көршілес жатқан түркі тектес мемлекеттермен ортақ тілде сөйлесіп, түбі бір түркі елінің мүддесін ойлап, қазақ тілін халықаралық деңгейге жеткізетін уақыт келген сияқты. Елбасымыздың тіл мәселесіне келгенде асқан көрегендік танытуы соны меңзейді. Әрбір істің байыбына барып, сабырлы да салиқалы ойларын ортаға салған қоғам зиялыларының мақсаты елдің мүддесіне жұмсалуда. Қандай шешімге келсе де тек еліміздің мәртебесін көтеру жолында еңбек етіп келеді. 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажеттігін айтты. Демек, біздердің, тіл мамандарының,  ұстаздар қауымының алдында үлкен істер тұрғаны анық. Қазірдің өзінде жаңартылған оқу бағдаламасының қыр-сырын меңгеріп, оқушыларымызға жаңа бағытта білім бере бастадық. 
Қоғам бір орында тұрмайды. Әрбір азамат келешекке жарқын көзбен қарап, тек қана алға жылжи беруі тиіс. Өзінің тарихы мен мәдениетін білетін, заманына сай шет тілдерін меңгерген ұрпақ қана алға қадам басады. Бұл орайда латын қарпіне көшу өркениетке бастар жол болмақ.

Сәуле ҚоржУмбаева,
мұғалім
Жамбыл ауданы