ЛАТЫН ҚАРПІ: ӘЗІРБАЙЖАН ҒАЛЫМДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 07.02.2019
Оқылды: 970
Бөлім: ТҮПСАНА

Алматы қаласында Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен Халықаралық Гирне университетінің директоры, Әзірбайжан-Кипр достық қоғамының өкілі Орхан Хасаноғлұ мен Солтүстік Кипрдегі қызметтестері Анар Хасанов пен Гүнай Алиева-Хасановамен кездесу өтті. Кездесу Әзірбайжан мемлекетінің латын қарпіне өту тәжірибесі, ынтымақтастықты кеңейту аясында өрбіді.

БАҚ өкілдерімен кездесуде олар Girne Amerikan Üniversitesi, Clobal Career Institute жəне Қазақстандағы жоғары оқу орындарының ортақ жобалары, Қазақстандағы бакалавриат, магистратура, доктарантурада оқып жүрген жастар үшін ұсынылатын мүмкіндіктер, Multicultural Summer School-дағы білім мен білік, Əзірбайжан-Кипр Достық қауымдастығының жаңа жобалары жайлы əңгімеледі

- Қазақстандағы 40-қа жуық университетпен 8 жылдан бері іскерлік қарым-қатынастамыз. Сіздер жақын арада латын әліпбиіне көшу туралы арнайы заңға да қол қойдыңыздар. Қазақстан Білім және ғылым министрлігінің шақыртуымен Оралдағы университетке Әзірбайжаннан арнайы ғалымдар келді. Қазақстан латын әліпбиіне көшетін кезде қандай мәселелер болуы мүмкін? Қиындықтардың алдын алуға болады ма? Осындай сұрақтарға жауап бердік. Біз 25 жыл бұрын латын әліпбиіне көштік. Әлі күнге дейін осыған қатысты мәселелерден қиналудамыз. 2001 жылы Гедералиев қабылдаған заң бойынша, екі халық бір-бірін 85 пайызға жақсы түсінсе де, Әзірбайжан телеарналары түрікше телехикаяларды өз тіліне аударып беруге мәжбүр. Біз әл-Фараби, Абайларды кезінде кириллицамен оқып өскен болатынбыз. Ал қазіргі балаларымыз оны оқи алмайды. Өйткені, олар латын әліпбиімен ержеткендер. Бұл – біздің бірігуімізге деген үлкен кедергі, трагедия. Соңғы 100 жылда Әзірбайжан өзінің әліпбиін 3 рет ауыстырды. Осы ауысулар бізге кері әсерін тигізді. Өйткені, басында төте жазу болатын, сосын кириллица, ал енді 90-жылдары латынға көштік. Біз өзіміздің атымыздан, «Global career institute» тарапынан Қазақстан латын әліпбиіне көшкен кезде қиындықтардың алдын алу жолдарын ұсынып, тәжірибемізбен бөлісеміз, кеңес береміз. Бұл жерде үлкен жауапкершілік журналистердің мойнына жүктеледі, – деді Орхан Хасаноғлұ.

Әзірбайжан-Кипр достық қоғамының қызметі мен мақсаттары туралы әңгіме қозғаған Орхан мырза өз елінің білім саласы туралы баяндады. Екі ел арасындағы білім мен тәжірибе алмасу жұмыстары талқыланған баспасөз мәслихатында Әзірбайжанның Қазақстанмен бірлесіп жаңа жұмыстар жасайтынын ерекше атап өтті. 

Сапар аясында  келісімшарттарға қол қойылып, бірқатар жоба талқыланып, жаңа бастамаларға жол ашылды.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»