"ТІЛШІДЕ" ("ЖЕТІСУ" ГАЗЕТІ) ТОҒЫСҚАН АЛАШ ИДЕЯСЫ: ІЛИЯСТАНУШЫЛАР САПАРЫ

Уақыты: 26.09.2019
Оқылды: 1400
Бөлім: ТҮПСАНА

Көршіңмен тату бол! Біте-қайнасып кеткен орыс халқы бізді мұрағатта да жатсынбады. Қазақстан Елшілігі қатынас хат жазып, барлығын ұйымдастырып қойыпты. Бәрімізге кезекпен рұқсат қағазын жазып жатқанда қара басып, төлқұжатымды қонақүйде қалдырып кеткенімді білдім. Ішімнен өзімді-өзім жеп тұрмын. «Шетелде жүріп құжатына ие болмайтын адам бола ма?! Бейғамдығың қалмайды-ау. Тойға баратындай желпілдеп шығып едің. Әріптестерің келгенше жүресің енді жат елдің көшесінде адасқан қаздай», – деп өзімді сөгумен әлекпін. Бірнеше күннен бері қосақталып жүрген достарым мұрағатқа кіреді де, мен сыртта қаламын ба? Қосақталып деуімнің жөні бар. Алғашқы күні кітапханаларды жаяу іздегенде 17 шақырым жаяу жүріппіз. Мұны телефонымдағы «Здоровье» қосымшасының есептеуінен білдік. Барлығы 23000 адым жасаппыз. Игілікті іске деген құлшыныс шығар алға жетелеген. Өмірімде сонша ұзақ жол жаяу жүрген күнім есімде жоқ. Қош делік. Рұқсат қағазын жасату кезегі профессор Мұратбек Иманғазиновқа келді. Ол өзіне оқырман қағазы жазылып жатқанда терезенің арғы жағындағы адамға мені де кіргізулерін сұрап, өтініш айтты. Курстасыма риза болып қалдым. Нағыз дос! Есіктің алдында қалдырып кеткісі жоқ. Үміт оты ұшқындады. «Без нее мы никак», – деп қояды. Кіргізудің амалы ғой. Әйтпесе, профессор құжат іздеуде қамшы салдырмайтын майталман. Рұқсат қағаз жазушы «мұсылман» екен. «Бүгінше кіріп, шықсын, ертең құжатын міндетті түрде көрсетсін», – деді. Әлгі Талдықорғанннан ала шыққан 12 домбыраның біреуін осы адамға әкеліп бермесем бе деп қуанып қалдым адамшылығына.

Мұрағатта керек құжатты компьютерлік жүйе арқылы іздейді екенсің. Ілияс Жансүгіров әдеби мұражайының қызметкері Салтанат Төлегенова екеуміз бір компьютерді ашып, ақтара бастадық. «Ілияс Жансүгіров жайлы 68 құжат бар», – деген жазу шықты. Өз көзімізге өзіміз сенбейміз. Жігіттер бұл кезде орындарынан бізден бұрын тұрып, сұраныс беруге бара жатты. Бізге қазір келеміз дегенді ыммен түсіндірді. Мұрағат ішінде жан-жағыңдағылардың ойын бөлмеуің керек. Студенттер, оқымыстылар, шетелден дерек іздеушілер көп. Бәрінің пейілі алдындағы жазуларға ауған. Бізде жасы үлкен адамдарды көбінесе тойда, аста көреміз ғой. Мұнда жасы жетпістен асқандардың көбі кітапханалар мен мұрағаттарда отырады. Өлі тыныштық. Аз уақытта ғалымдарымыз қайтып келіп, бастарын бұрып, шығамыз деген ишарат білдірді. Түкке түсінбей жинала бастадық. Сөйтсек, құжат табылғаннан кейін құжат қолыңызға үш күннен кейін тиеді деген жауап келіпті. Екеуі жылдамдатып мұрағат директорының орынбасары Елена Анискинаға барып, жолығыпты. Қазақстаннан келген экспедиция екенімізді, 1925-1928 жылдары Мәскеу журналистика институында оқыған журналист бауырымыздың жәдігерлерін іздеп келгенімізді айтып, құнды дүниелерді табуға жылдамдата көмектессеңіздер деген өтініштерін жеткізіпті. Ол сөзге келмей бар құжатты ертең сағат екіде қолға тигізуге уәде беріпті. Осыдан кейін қуаныштан секірмей көр!

– Жақсы адам екен. Ғабит Тұрсынбай Ассамблеядағылармен кездесуге ұлттық киімдер алдық деп еді. Артығы болса осы кісінің иығына жабайықшы. Әлгі домбыраңыздан қалса, ертең алып шығыңыз, – дейді Елдос.

– Мақұл, мақұл, жан-шуағым, бәр істің тігісін жатқызып жүрген ақылыңнан айналдым, – деймін болашақ ғалымның ақжолтай жаңалығына шаттанып.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, рухани досымыз, ұйымдастырушымыз Ғабит Тұрсынбай мен «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» директоры Тәңірберген Қасымберкебаевқа бар жаңалығымызды айтып, мәре-сәре болдық. Олар шетелге шығып бара жатқан соң кәде-сый ретінде көңіліміз тартқан адамға берерміз деп ұлттық киімдер, елде шығатын тәттілер алған екен.

«Қазаққа оң қолыңды созсаң, сол қолыңды бірге тартып алады» деген әзіл аралас шындық бар. Иі жұмсақ адамға ертең барып тағы бір бұйымтай айтпақшымыз. Елена Валентиновна «Жетісу» телеарнасының журналисі Дамир Анитовты да мұрағатқа кіргізуін өтінбекшіміз. Оған сюжет үшін мекеменің ішкі көрінісі керек. Мұрағат заңында камера, фотоаппаратты оқырман залына кіргізе қоймайды.

Камзолымыз бен «Қазақстан» шоколадын алып, мұрағат орналасқан Үлкен Пироговский көшесі, 17-үйді бетке алдық. Мәскеудің қым-қуыт тірлігіне бейімделіп алғанбыз. Күніне он шақырым жол жүру түк болмай қалған. Жылдамдығымыз Елдостыкімен теңесті. Директор кабинетіне бардық. Есігінің алдында күтіп тұрған екі әйелдің бірі Қазақстанда туған екен. Алты жасында көшіп кетіпті. Екіншісі, Мәскеудің тұрғыны.

– Сіздерде тамақты дәу табақпен қояды екен, иә? Осыдан бірнеше жыл бұрын барғанда ас та төк дастарқанды көріп таңдай қақтық.

– Иә, біздің күнделікті дастарқанымыз сондай. Қонақ келсе, бес адам сайын табақ қоямыз.

– Тәуелсіз елміз деп сөйлейсіздер. Кеңес Одағы кезінде тәуелді болып, қиындық көргендей, – деп ол шовинистік көзқарасын байқатып алды.

Ұлт мәселесіне келгенде нақты дәлелмен ұтымды пікір айта білетін Елдос пен Мұратбек біраз жерге барысты да, татулыққа ештеңе жатпейтінін ойлап, тоқтай қалды.

Мұрағат директорының орынбасары Елена Валентиновна бізді жылы қарсы алды. Кешегі қабылдауына рахметімізді айта келіп, сыйлығымызды ұсындық. «Болмайды, рұқсат жоқ» деп азар да безер болып, камзолымызды алмай қойды. Тәтті мен домбыра сувенирді үстелінің үстіне қуана жайғастырды. Ассамблеяның бланкісіне өтініш хат жазсақ, тележурналисті кіргізуге рұқсат беретіндерін айтты. Мұндай соқпақтың талайынан өткен ғалымдарымыз дайын бланкіні шығарып, өтінішті жаза қойды. Алла көп көрмесін, ісіміз тағы оңға басты.

Қызыл қоңыр папканы алып келгенде әлпештеп, мәпелеп ұстадық. Бұл – Ілиястың құжаттары салынған қап. Ішінде жер түбінен іздеп келген қолжазбалар бар. Қасиетіңнен айналайын, Ілекеңнің соңында бір ел жүрміз. Білім іздеген қазақ баласы жаяу-жалпы, итшілеп жүріп оқыған қалаға қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мына заманда, 90 жылдан кейін жәдігер іздеп, табан тіреп тұрмыз. Сен болмасаң, мына алпауыт елді көрмегендей екенмін ғой, құдіреттім деймін ойға беріліп. Әрине, бұл біздің осалдығымыз. Тағдырдың тепкісіне сынбаған ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шәкірт ойы» өлеңінде: «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып, күн болам! Қараңғылықтың көгіне, күн болмағанда кім болам», – демеп еп еді?! Осы ой-арман әр қазақтың жүрегіне күш түсірсе деп армандадым жат елдің топырағында жүріп. Арамызда тамақтың тоқтығынан басқаны ойламайтындардың көп екенін ойлағанда арыстардың жанқиды еңбегіне жаным ашыды.

Тағы да таң-тамашамыз. Шынымен де Ілияс жайлы дүние ме?! Қолыма ұстап тұрған Ілекеңнің жеке құжаттары. Журналистика институтында оқыған кезде мұғалімдердің берген мінездемесі. «Білімін бағалау» деген бағананың тұсына мұғалім «Өте жақсы» деп жазыпты. Бір құжатта «Өз тілінде мықты журналист шығады» деген пікір айтылыпты. «Тіл білгенде орысша жазатын мықты тілші шығатын еді» деген пікірді оқығанда асылымыздың қаламының ұшқырлығын оқу орны ұстаздары да мойындаған екен ғой деген мақтаныш пайда болды.

Тағы бір құжатта: «Мемлекеттік журналистика инсититутының 1925-1928 оқу жылы бойынша 1 курс, 3-топ білімгері Ілияс Жансүгіровке берілген оқу мінездемесінде «Газет ісінің негіздері» пәні бойынша мінезіне тән тұйық екендігі жазылыпты. «Тапсырылған шаруаға тыңғылықты.Оқуда белсенді. Табиғатының ұстамдылығы, сабырлылығына байланысты өзін көрсетуге құмартпайды, алға озбайды. (Қазақы мінез, сынық) Өз ойын сирек білдірсе де, анық жеткізеді», – деп жазылыпты.

Осы жылдары «Тілші» газеті жазғы тәжірибеден қалай өткендігі жайлы Ілияс Жансүгіровке пікір жазыпты. Онда: «Жазғы демалыс кезінде Жансүгіров мырза ЦК баспа бөліміне келді. Губком партиясының нұсқауымен баспа бағыты бойынша тәжірибеден өтті. Жансүгіров мырза баспахананың өртеніп кетуіне байланысты газет ісіне араласа алмады. Бірінші, өлкелік комитеттің баспа бөлімі тарапынан оған газеттің техникалық жағын меңгеру тапсырылды. Жетісуда редакторлар жиналысын өткізу міндеттелді. Екінші, губерния комитеті тарапынан Жансүгіровке 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығын өткізу және Талдықорған уезі бойынша материалдар жинау тапсырылды. Жиналыста ол «1916 жылғы көтеріліс туралы» атты материалдар жинағын көрсетті. Тапсырманы орындау кезінде Жансүгіров мырза өзін сабырлы, жауапкершілігі мықты жұмыскер ретінде көрсетті. Баспа ісіне қызығушылығы байқалады. Баспа ісін жүргізуге оған сенім білдіруге болады», – делінген. Пікір білдірген – газет редакторы Айтхожин.

Әттең, жақсының ғұмыры қысқа болатыны қандай өкінішті! Ағамызға жазылған мінездемеде 1927 жылы сабаққа жиі (не регулярно) қатыспағандығы жазылады. Ол жылдарда ақынымыздың сүйікті жары Аманша дүниеден озған еді. Сол жағдай ақынды біраз күйзелткен сияқты. Бірақ оқу бітіретін жылы барлық қағазға «активный» деген пікір қалдырылған.  Құжаттардың ішінде Аманшаның қатты ауырып жатқаны жайлы елден келген телеграмма да сақталыпты.

Сирек қорда «Тілші» газетінде жарияланған мақала ерекше назар аудартты. Жарияланым «Тілші» бүгін үш жасқа толды» деп аталыпты. Мақала 1925 жылғы 18 тамызда, №190 санының 7-бетінде жарық көріпті. Онда басылымға қызмет етіп жүрген бірнеше газет тілшісі суреттерімен жарияланған. Шетінде қасқайып өткір жанарлы Ілекең тұр. Онда:

«Жансүгірұлы Ілияс – «Тілші» газеті шыққаннан бері зор көмегін тигізген қаламы өткір, сөзі сұлу тілшінің ірі жазушыларынан саналатын азаматымыз», – деп жазылған. Сондай-ақ:

«Сәдуақас Оспанұлы – «Тілші» газетінің тұңғыш шығарушысы һәм осы күнгі жазушылар құрамының мүшесі», – деген оймақтай ой тұр. Тағы да:

«Есқызы Сара – «Тілші» газетінің үш жыл ұдайы жауапты шығарушысы болып, ерінбей еңбек сіңірген адам. Қазақ ұлтының әйелдер табынан шыққан жігерлі жұмыскері», – деген жанға жағымды пікір айтылыпты. Ең соңында:

«Рахым Омар – Алматы қазақ студиясында «Тілші» газетінің жауапты хатшысы болып басқармадағы ауыр қызметтің барлығын атқарып келе жатқан қаламы шебер, сөзі өткір жас жазушыларымыздан»,– дейді редактор.

«Тілші» бүгін үш жасқа толды» мақаласының авторы Оспанұлы деп жазылған.

Былтыр ғана 100 жылдығын тойлаған қасиетті басылымының алғашқы шығарушылары, олардың газетке сіңірген еңбегі жайлы мақаланы бар ынтамен, сүйіспеншілікпен оқыдық. Газет шығару, жан алып, жан беретін шаруа. Ал басылымды «Әуп» деп бастаудың қиындығы одан да зор. Сондықтан, «алдыңғы арбаның» газет журналистері, басылымы жайлы айтқандары өмірін ақпарат саласына арнаған әр қаламгердің жанды жері. Біздің де. ХХ ғасыр басы қызметке таласу, бір-бірін сұқ саусақпен көрсетіп, тағдырын шешу мәселесі өршіп тұрған шақ. Газет журналистері өкімет жолын, ағайынаралық талас, басылымды ұлттық мүддеге бағыттау шарасын бірге алып жүрді.

Дәл осы шақта «Тілшіде» бүгінгі «Жетісудың» бағыты қалыптасты. Ұлттық мәселе, рухты көтеру бойға сіңе бастаған. Сол кездегі Ілекеңдердің қазақтың қазақтығын сақтап қаламыз деген өзекжарды ойы бүгінгі редактор Әміре Әріннің ойымен ұштас. «Ұлт ұяты» деген арнайы бетіміз бар газетте. Бас редакторымыз ол бетке салынатын мақаланы ерекше қадағалайды. Лездеме сайын әр тілшіге, әсіресе, жастарға ұлттық мәселені негізгі орынға қойыңдар деген бағытын қадай тапсырудан жалықпайды. Бұл сонау Алаш арыстары арна салып кеткен «Тілші» газетінен қалыптасқан үлкен мектеп десек, артық айтпағанымыз.

Ілияс «Тілшіде» жүргенде газет шығынды өтей алмайды деген желеумен басылымды жабу жайлы мәселе қозғалыпты. Сонда Ілекең: «Газет – жалпы халықтың төрешісі, өкіметтің жазу қайраты, әлеумет жұмыстың қадағашы екенін ұмытпаңдар», – дегенді айтып, басылымның шығынынан қашқандарды ойларынан қайтарады. Міне, Ілекеңнің табандылығының арқасында басылым осы күнге дейін шығып келеді. Облыстың тынысы, айнасы, хабаршысы!

Ілекең «Тілшіде» жүргенде бір ауыл тұрғынынан арыз келіп түседі. Шағым иесі «Не ойлағаны бар?» деген мақала жібереді. Онда «Талдықорған уезінде партияға бөліну, жік өріс алды. Бұл туралы «Тілшіге» талай жаздық. Сонда отырған найман өкілі Ілияс баспайды. Оның не ойлағаны бар?! Партиягершілік елдегі шолақ етектердің бақталасынан орын пайда болды», – деп жазған.

Бұған Ілияс газет бетінде «Ойлағаны мынау» (27.11.1923) деп жауап қайтарады. «Бұл белгілі. Тиісті орында мұнымен шұғылданған да, қаулы да алған. (Қаулы 1923 жылдың 10 айында шығарылған). Ол баспанашыл, көжеге өкпе, ру қорғау, мансап бәсеке, авторитет құмаршылық. Біз Талдықорғандағы топшыл текешіктердің таластарының жайын жақсы білмейтіндіктен екі жағынан да келген материалды газетке баспадық. Оның себебі, бірінші – бассақ, өршіген пәле-жала, тұтанған өрт өршімесе, өшпейтін еді. Екінші – жікке араласпай басын таза ұстап, қалыс отырып жазған адамның материалы бізде жоқ. Ағайынсып, ақтан сопы болып отырған арыз жазғыш өзі топ-жіктің қақ ортасында. Үшінші – газет жалпы халықтың төрешісі, өкіметтің жазу қайраты, әлеумет жұмысының қадағашы. Сондықтан, көзіміз жетіп отырған сасық таласқа, ит ырылдар, бақан салдысына газеттің бетін былғамадық. Ал Жамбай баласы, өзің айтқан «бақ таластық», саяз сайқалдық сендей басы-қасында отырған адам тындыра салатын іс. Газет жүзінде құрғақ данышпансып, өзің өшіре алмайтын пәлені әулиесіп өрбітудің керегі жоқ. Сен ұйғарған ауыл-аймақ «айтысынан» «Тілші» басқармасы аман. Басқарманың көздегені әлеумет пайдасы, халық қайғысы, домалақ қағаз, партиягершілік, сұрқиялық тамырының құруы, таңдайын сауған мысық қамқорлардың рушылдық, қайын-қайнағашылдығы емес, ел мұңы, ел шаруасы, әлеумет бағыты», – деп келіп сөзінің соңын «басқарманың ойлағаны осы» деп аяқтайды.

Міне, нағыз журналист деп сөзі мен ісіне айызың қанады. Ілекеңнің мықтылығы жайлы сол кезде Бейімбет Майлин: “Ілияс ызалана да жазады, күлдіре де жазады, күйіндіре де жазады”, – деуі мықтылардың бірін-бірі мойындауы, бағасын білгендігі деп түсіну керек. Сол 1921 жылдан бастап газет ұлт мүддесі үшін жұмыс істей бастайды. Басылымда «Қаптағай», «Тана баласы» деген бүркеншік атпен мақалалар көптеп шығады. Қазақтың марқасқасы кейбір ойларын осылай бүркемелеп жеткізуіне тура келеді. Сәкен Сейфуллиннің «Азия» атты өлеңі де осы жылдары «Тілші» газетіне басылған. Ораз Жандосовтың мақалалары да жарық көрген. Сол жылдары «Бостандық торы» деген ертегі өлең басылады. Авторы – Мағатжан. Мақаланы жазған Мағжан Жұмабаев деген болжам бар. Себебі, бұл – Алаш арыстарының пікірі «Тілшіде» тоғысқан кез еді.

Басылымдағы мақала-өлеңдерден қазақ зиялыларының ой-арманы, мақсат-мүддесі байқалады. Бір қазынадан екіншісіне ауып, қызық пен көмбеге молынан кенелген ойымызбен кештің батқандығын білмей қалдық. Айта кететін жайт, аталмыш мұрағат 6,4 миллион дана қор бар.

Мұрағат қызметкерлері біз Ілекеңнің құжаттарын ақтарған сайын көз айырымай қарап тұрды. Алексей орындықтарды жөндеген болып қасымызға бірнеше рет келді. Суретке түсіруге болмайтынын қадай ескертті. Телефон, камераның жарқылын мүлде пайдалануға болмайды екен. Көмескіленген жазулар мүлде өшіп қалуы мүмкін дейді. Мол мұрасы бар бұл есікті кейін де ашуымыз мүмкін. Бізден кейін келген қазаққа дұрыс көзбен қарасын деп бастығы алмай қойған камзол мен 12 домбыраның бірнешеуін Алексей мен оның қасындағы қызға сыйлап, бір-бірімізге реніш болмасын дегенді айтып, жылы қоштастық. Қоржынымыз тоқ.

Кешке Санкт-Петербургке ұшамыз. Петерборды Ілияс ерекше жақсы көрген. Бала-шағасымен барып, демалған.  Үмітіміз зор! (Басы мында. Жалғасы бар).

Гүлжан ТҰРСЫН

Мәскеу қаласы,

Ресей Федерациясы