ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯ: СӘДІҚОЖАНЫҢ ҰМЫТЫЛҒАН ӘНДЕРІ БАР

Уақыты: 15.10.2019
Оқылды: 1917
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ ән өнерінде өз шығармашылығымен ерекшеленген өнерпаздар көп. Ондай саңлақтардың әндері мен күйлерін кейінгі ұрпақтың сүйіп орындауы олардың тұлғалық кескінін асқақтата түседі. Біржан сал Қожағұлұлы, Ақан сері Қорамсаұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Қапез Байғабылұлы сынды сал мен серілердің қатарында Кетпен тауының етегінде дүниеге келіп, Қытай жерінде отызға толмай сүзектен қайтыс болған Сәдіқожа Мошанұлы да бар.

Еліміздің рухани аспанында әндері қалықтаған Сәдіқожа Мошанұлына арналған шара Ұйғыр аудандық Мәдениет үйінде «Әуенін Аспантаудан әрі асырған» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Өнерпаз шығармашылығы мен өміріне арналған алқалы жиынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы мен Ұйғыр аудандық мәслихатының хатшысы Нұрәкім Есжан ашып, жүргізіп отырды.

Алғашқы болып облыс әкімі Амандық Баталовтың құттықтауын оқып берген Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов мерейтойға жиналған көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді. Одан соң ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы, республикалық «Ана тілі» апталығының бас редакторы, ақын Жанарбек Әшімжан, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертану ғылымының кандидаты Әлия Сабырова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлібек, өлкетанушы, «Құрман баба» қоғамдық қорының президенті Сайлау Ағыбаев сынды азаматтар ақын шығармашылығына, өмірбаянына қатысты мәліметтер мен деректерді таныстырды.

Шығармашылығының бастауында «Сары бидай» әні тұрған өнерпаздың әндері кеңестік кезеңде айтылып, өмірбаяны таныстырыла бастады. Оған дейін ауыл арасында айтылғанымен анасы Зербаланың тыйым салуымен қазақ музыкасының асыл қорына кіретін туындылары орындалмай кетіпті. Ол жайында аталас інісі Елемес Текесбаев әңгімелеп, қысқа ғұмырында құрметке бөленген әншінің басынан өткен жайттарды таратып берді. Белгілі өнертанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Сағатбек Медеубекұлы мен әйгілі әнші Рамазан Стамғазиев те осы пікірдің растығын айтады.

Қытай жерінде татар дәмі таусылып, ғашықтық дертін жырлап өткен Сәдіқожа Мошанұлының әндерін Кеңес одағына әкелген Дәнеш Рақышев. Одан бөлек, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Құныпия Алпысбаев пен Қарадала өңіріне белгілі орындаушы Молдасан Шәпиев, Жақсылық Мырқаев Сәдіқожа Мошанұлының әндерінің кеңінен таралуына үлес қосты. Әсіресе, белгілі дәстүрлі әнші, өнертанушы Жәнібек Кәрменовтің қосқан үлесі ерекше. Өйткені, 80-ші жылдардың соңында шыққан «Халық композиторларының әндері» атты жинаққа «Сары бидай» әнін кіргізген Кәрменов Сәдіқожа өмірінен аздаған мәлімет берген. Содан бері айтулы орындаушылар мен әншілердің репертуарында орындалып келген әндері Сәдіқожа Мошанұлының екінші ғұмыры – шығармашылығының дәуіріне бастау болды.

Шонжы ауылында өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияда Сәдіқожа Мошанұлы әндерінің ерекшелігін қайырмасындағы шымыр шумақтары арқылы дәлелдеген Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның доценті, өнертану ғылымының кандидаты Әлия Сабырова автор шығармаларының ел ішінде әлі күнге халық әні ретінде айтылатынын атап өтті. Мысалы, көпшілік халық әні деп танитын «Бекзатым-ай» әнінің қайырмасы шығарманың иесі Сәдіқожа Мошанұлы екендігін әйгілейді.

«Кекілін кескен кер атым-ай,
Титтейден өскен бекзатым-ай.
Жанымда бірге жүрген жайдарлым-ай,
Жаутаңдаған көзіңнен айналдым-ай
», - деген қайырма «Сары бидай» әнінің:
«Есіктің алды тал-қайың,
Басыңда тұрмас жаз дәйім.
Қалқатай еске түскенде,
«Сары бидай» әнін салғаным»,
 - деген шумаққа ұқсайтындығымен ерекше. Осылайша музыкатанушылардың назарын аударған туынды Сәдіқожа Мошанұлына тиесілі екендігі нақты дәлелдермен көрсетілді.

Әнші-композиторға арналған игілікті шараның екінші күні Кетпен ауылында жалғасып, ауылдық Мәдениет үйінің алдына қойылған ескерткіш-бюсттің ашылуымен басталды. Театрландырылған сахналық көріністі Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының әртістері дайындапты. Әнші-композитордың өмірбаянына негізделген туынды Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалiнiң лауреаты, ақын-драматург Бақыт Беделханұлының «Толғау» атты өлеңімен қойылды.

Одан соң ауыл ортасына тігілген сахнада Сәдіқожа Мошанұлының әндеріне арналған «Сәдіқожаның сазды әуендері» атты концерттік бағдарлама жергілікті өнерпаз Айбек Бестенқұловтың арнауымен басталды. Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жанпейісов, Тілеулес Құрманғалиев, Ерболат Шалдыбеков сынды дәстүрлі әншілер орындаған әнші-композитордың «Ахау айым», «Аққаз едің», «Ахау қалаулы-ай», «Ей ахау», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел», «Сары бидай» секілді әндері тойға жиналған көпшілікті бір серпілтті. Сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Нұрғали Нүсіпжанов пен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген әртісі, әнші Сұлушаш Нұрмағамбетова тойға жиналған қауымға арнап ән салса, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның қобызшысы, Кетпен ауылының тумасы Бекназар Какелеев қылқобызбен қоңыр күй тартты.

Мерекелік шарада Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нұрахунов айтулы шараға үлес қосқан азаматтарға шапан жауып, ықылас білдірді. Әнші-композитордың ескерткіш-бюстін жасатқан жас кәсіпкер Едіге Қожахметов пен мүсінші Бахтияр Қайранбайға жерлестері ат мінгізді. Жиында, сондай-ақ, әнші-композитор Сәдіқожа Мошанұлына көрсетілген құрметке Жетісу жұртшылығына белгілі Нұрлан Оразалин, Стахан Белғожаев, Болат Нұрғазиев, Тоққожа Естенов, Болат Жувашев, Тұрарбек Төлендиев, Есенгелді Медеуов, Мұхтар Жөргенбаев сынды ағалар мен Ерлан Нысанбаев, Жолан Омаров, Жангелді Осанов, Салауат Бектемисов, Сейдолла Сарсеков, Еркін Әтейбеков, Нұрлан Тупеев сияқты азаматтардың демеушілік жасағаны айтылды.

Игілікті шара соңы бәйгеге ұласып, жүйріктердің тұяғынан көтерілген дүбір әнші-композитордың әндеріндей естіліп, көпшіліктің көңілін көтерді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Ұйғыр ауданы

Алматы облысы