Мен ұстаздарымды мақтан тұтамын! 

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 1164
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт сілтеуде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаздың алдын көрген» деген сөздер ана тәрбиесін алған дегендей естілетіні де бар.

Мен Дәнеш Рақышев атындағы қазақ-мектеп интернатының 10-сынып оқушысымын. Талдықорған қаласының орталығында орналасқан, қазақтың жезтаңдай әншісі Дәнеш атамыздың есімі берілген, қарапайым қазақ балаларының қара шаңырағына айналған мектепте оқитынымды мақтан тұтамын. Бұл мектеп-интернатта білім алып жатқаныма 3 жыл болып қалды. Әрине, көп уақыт болмаса да мектебім мен үшін екінші үйіме айналды. Сонымен қатар, сыныптастарым  өте бауырмал, досқа адал, мейірімді жандар. Бір жатақханада тұрып жатқандықтан бір үйдің баласындай болып кеткенбіз.

Мектепте бізді күніне 5 уақыт тамақтандырып отырады және сабақ уақыты таңертеңнен түске дейін жалғасады, ал түстен кейін біз үшін арнайы дайындық уақыты беріледі. Сонымен қатар, мектебіміздің іші өте жайлы, әдемі. Кітапхана сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істейді. Бұл біз үшін өте керемет мүмкіндік деп санаймын. Себебі, бос уақытымызды кітап оқып, пайдалы іске жұмсауға деген мүмкіндігіміз бар. Бізді білім нәрімен сусындатып, өз уақытын аямай, өзгенің уақытын аялай білетін, әр оқушының жүрегінен орын алған білікті де білімді ұстаздарымыз көп. Мектебімнің ұстаздары ешкімге ұқсамайтын еңбекқор, адал, білімді және қайырымды жандар. Соның арқасында біз білім нәрімен сусындап өсудеміз. Бәрімізді өз баласындай көреді, ақыл-кеңестерін айтып, бағыт-бағдар беретін, білмегенімізді үйрететін ұстаздардың әрбір сабағы қызықты да сапалы өтеді. Өмірде өз анаңнан кейінгі қадірлі тағы бір адам болса, ол – ұстаздар. Мен ұстаздарымды мақтан тұтамын! 

Біздің мектепте білім алуымызға мұғалімдерімізбен қатар тәрбиешілеріміздің де үлесі көп. Өйткені тәрбиешілер түстен кейінгі уақытта біздің сабағымызды қадағалап, арнайы дайындық өткізеді. Біздің өмірімізге, тәрбиемізге жауап беріп, қамқорлық танытып жүреді. Сондықтан да тәрбиешілердің де, мұғалімдердің де  біздің тұлға болып қалыптасуымызға қосар үлесі зор.

«Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақта бағытынан таймасы анық. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деп бекер айтпаса керек. 
Бар саналы ғұмырын саналы ұрпақ тәрбиелеуге арнаған барша Жетісу облысының ұстаздарын кәсіби мерекемен шәкірттердің атынан құттықтағым келеді.  «Мен үшін жақсы ұстаз бәрінен де артық, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деген ұлы ағартушы Ы. Алтынсарин атамыз айтқан-дай, мектебіміздің жүрегіне ай-налған аяулы ұстаздарым мен қадірлі тәрбиешілерімді ұстаздар мерекесімен құттықтаймыз! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, талмас қанат, жұмыстарыңызға шығармашылық табыс, шыдам мен төзім, отбасыларыңызға береке мен байлық, жақсы күндер мен жақсы шәкірт, жеңіл оқу жылын тілейміз! Біз сіздерді жақсы көреміз. Сіздердей ұлттың қамын ойлайтын ұлы ұстаздар көп болғай!

Ұлдана БЕКБОЛАТ, 
Д. Рақышев атындағы қазақ мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы
Талдықорған қаласы