АТА ЖОЛЫН АР ТҰТПАЙ БОЛАШАҚТЫ БОЛЖАУ ҚИЫН

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 545
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Тағдырдың ауыр азабын ғасырлар бойы арқалаған елінің мұң-шерін, асқақ арманын шанағына қондырған қасиетті домбыраның төрде ілініп тұруы сән-салтанатқа жүрмейді. Сыртқа тепсіген ішкі қуатын, арманы мен үмітін идіріп әкеп қос ішекке жан бітірген Қабимолда шанақты күй қажағанын, домбыраның ақжемделгенін абырой тұтатындай ымырт жабылғанда, таң тұтағанда арқасы қозады. Мұндай шақта бала-шағасының қалың ұйқыда жатқанын елең құрлы көрмей  әсем ән ыңылдап, тәтті күй төкпелейді. Жасынан өнерге айрықша іңкәрлік танытқан ол таңмен таласа шертпе, төкпе күйлерді төпеп кеп жібергенде немесе ыңылдап ән салғанда бір мұратты ғана көздейтін. «Өз бойымда бұғынып қалған өнерді мына құймақұлақ балаларымның бірі жалғастырса, өрісті етсе» деп тілейтін. Сондықтан да бұтасына бұлбұл қонған бұла таңнан алты Алаштың асыл аспабын қолына алуды құдіреттен жеткен қағидадай бір бұзбайды.


Қызығы да сол, қаршадайынан қазақтың өнеріне сүйсінген, алайда тіршілік қамымен кетіп талантын ұштай алмаған, арда жолға түспеген Қабимолданың бір перзенті күллі Алашқа атын мәшһүр етті. Дауылпаз Дәнеш Рақышевтың төл шәкірті есебінде еселі еңбек етіп, асылдан қалған айшықты жәдігерлерді бүгінге жалғастырды. Сахнаның сәніне айналды. Ол, әрине, жетісулық жезтаңдай әнші Нұржан Жанпейісов.

   Қысқа-нұсқа


– Бүгінде мыңдап жазылып жатқан эстрада әндеріне берер бағаңыз?
– Мыңның бірі жақсы болуы мүмкін, денінің әніне сөзі сай емес. Бұл орайда Сейфуллин Жолбарыстың: «Менің әндерім бүгін шырқалады, ертең ұмытылады» деген өзіндік пікірінің жаны бар. Десе де Нұрғиса, Шәмшінің әндеріндей туынды азайып барады. 
– Дәстүрлі әндей нәрлі емес пе  сонда?
– Дәстүрлі әндердің әрі мен нәрі ұлттың тағдырымен байланысты. Эстрада бағытындағы туындылар бүгінмен, жеке бастың мұңымен сабақтасқан. Парқы осында шығар?! Бүгінгі әндер жаңа толқынмен шайылып кетер ескі толқын іспетті.
– Сізді не қуантады, не мұңайтады?
– Тамырын, танымын, тағылымын тереңнен алған жасты көрсем қуанамын. Қазақ мұрасына мираскер болар азаматтар көп болса екен деймін. Мұңайтатын дүние біреу ғана. Ол – талантты шәкірттеріміздің танылып, жұлдыз болу үшін бойындағы қабілетін басқа арнаға бұрып жіберетіні ғана. Ақан сері, Біржан сал, Мәди, Әсет, Дәнештердің ізбасарлары көп болса ғой...
– Өміріңіздегі ең ауыр кезең?
– Дауысымды жоғалтып алдым. Тамағыма суық тигізіп 10 жылдан астам уақыт сахнаға шықпадым. Торға түскен тотыдай жаным жабырқап, талантыма тұсау түскендей болды. Өмірдегі ең ауыр кезеңім осы деп білемін.
– Болашақтан не күтесіз?
– Қазақ деген қасиетті ел барда ұлтымыздың ұлы көш-керуені алға жылжи береді. Ел аман, жұрт тыныш болса болашақтан күтеріміз көп қой. Тек, руханиятқа мемлекет тарапынан мән берілсе екен.      

Алматының алып кеудесінде өнердің жүрегіндей дамылсыз соққан, алағыза, үдете дүрсілдеген Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының ауласында құшағын айқара ашып қарсы алған Нұржан аға Жанпейісов аядай ғана аудиторияға бастады. Екі-үш парта, үстел үстінде төңкерілген қара домбыра болмаса аядай аудиторияда көзге шалынған мүкәмал жоқ екен. Десе де қымбат жиһаздары сірескен ақ-көк сарайларға қарағанда, осынау тар бөлменің өзі кең әлемнің еркіндігін сыйлардай біртүрлі жанға жайлылық тигізеді екен. Үні түгілі  тынысы күміс көрінген кейіпкеріміз ә дегеннен өнер жолына қалай түскені тұрғысында әңгімеледі.

– Әр маңдайдың өзіндік өрнегі болады. Жазмыш деп жатамыз оны. Менің тағдырымның бұл арнаға бұрылып, бақ жұлдызымның жануына Дәнеш Рақышев ұстазымның үлкен септігі тиді. Маңдайымды жарқыратқан, ғұмырымды сәулелі еткен де сол ардақты жан. Десе де  тамырында жақсының, тектінің қаны аққан ұрпақ есебінде өткеннен де салмақты сыр айта білуіміз керек. Ол сіз бен бізден гөрі  өз тегін, ата шежіресін жете білмейтін, білгісі де келмейтін бүгінгі кейбір ұрпақ үшін керек. Жақсының жанторсығында мың адамға жететін рухани сусын жүретінін Әуезов «Абай жолы» романымен айшықтап берді ғой. Текті Абайдың түпкі шежіресін мөлдірете көрсетті. Біз де сол ұлы Мұхтар жазған Абайдың «...Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген сөзіне құба-құп жығылып, өнердің бабадан дарығанын айта кеткеніміз жөн деп білемін, – деп тебіренді. Қара шашы буырыл тарта бастаған, нұрлы жүзді, қыр мұрынды, тұла бойына өнер тұндыра білген Нұржан Қабимолдаұлы аз-кем үнсіз қалды да өнердің қайдан дарығанын тамылжыта баяндады.

Құс ілдіріп, құмай жүгірткен Жаркенттің биік тауларына көз тастап, манатқа малынған мақпал даласына ықыласпен сәп салып, Тәңірі хақтың дәргейінде құлшылығын қаза жібермеген Жанпейіс молданың мұқым елге шарапаты өткен. Мұқым деп ұлан-ғайыр атырапты қарпып-қамтымасақ та бүгінде 130 мыңнан астам тұрғын мекен еткен өлкенің сол кездегі елі де қарақұрым болатын. Сол елдің тойында бата беріп, қазасында жаназа намазын оқыған Жанпейіс те көп діндардай Кеңес өкіметінің кесапатын тартады. Мұсылмандық түгілі  қазақы дәстүрдің өзіне қан шеңгелін салған саясаттың ол кезде Құран танып, қирағат түзеген имамдарға деген қысымы бөлек еді. Ел ішінде сый-құрметке бөленген Жанпейісті аз күнде империяның жас сарбазы тергеуге алып, «елден мүкәмал жиып, бергенін малданып жүрсің бе?» деп сұрайды. Алды дария, арты ақжайық адамның ықыласы Жаратқанның шарапатына шому болса, елдің бергенін бұйым көре ме? Қаралы жұрттың қаза жосыны деп берген сыйына дейін жетім-жесірге таратып жіберетін жомарт жан империя құрған «қылкөпірден» есен өтеді. Ел де атымтайлығын айғақтайды. Дегенмен, ашаршылық жылдары қысымын күшейткен саяси шабуылдан ықтасын іздеп, бала-шағасының қамын күйттеген молда амалсыз шегара асады. Жаркенттің жұмақ беліндегі Китің аталатын баурайға өзі салған күмбезді мешітті, атамекен қонысты өскелең ұрпағының жарық күні үшін қиып кете береді.

Осылайша Қытай жеріне қоныстанған Жанпейіс сол жердегі халықтың балаларын жиып, шәріптен тіл сындыртады. Сауатын ашады. Ал имамның баласы Қабимолда асқақ арманын домбыраның қос ішегінен іздеген тіршілікке епті жан еді. Ол да тәңірі тосабынан тәтті сый сімірген ақкөкірек азаматтығы арқасында аз жұрттың алқауында бола білді. Ал осы бір тектілер жалғасқан әулет 50-ші жылдардың аяғында Отанына оралды. Біраз жылдан кейін тағдыр бұл әулеттің шаңырағына Нұржандай ұлды нәсіп етті.

– Қайырымға көнбеген қайран заманда үркіншілікпен күн өткерген қазақтың бақ тәлейінен батпандай сорын ауашалап айтуға жан шыдамайды ғой. Империяның «орысшылдандыру» саясаты шоқындыруға ұласты. Көзі ашық қазақ зиялыларын қорғасын оққа таңды. Ауыл-ауылдағы дін білген, дәстүрге жетік адамдардың өзін ашық қудалады. Міне, осы тұста Отан деген қастерлі құндылықтың бір бөлшегі болған отбасын сақтау үшін ел азаматтары амалсыз шегара асты, – деп Алаш арыстарының шаһид кешкен күндерінен тартып, өз шежіресінен сыр шерткен дәстүрлі әнші көмейіне кептелген сөзді іркіп қалғандай болды. Осы сәтте біз де қауашаққа келген ойды (бәлкім әншінің көмейінде күлбілтеленген сырмен өзектес ой шығар) қағазға түсіруді жөн санадық. Ойлап қарасақ, адам үшін ең ұлы үш құндылық – ел, жер, отбасы. Осы үш ұғымның бірін өмірінен сызып тастайтын саналы жан табылмас. Десе де «балапан басына, тұрымтай тұсына» тар жол, тайғақ кешкен кешегілер Отанның бөлшегіндей болған отбасыны сақтау үшін амалсыздан шегара асты. Бүгінгілер «Қытайға қашқан», «қашқарлықтар» деп өткенге кері ауыздың кеміс кесімін айшықтайды. Бұл түбірімен көңілге томпақ келер жала екенін тарихты түртінектеп танығандар мақұлдар дүние-ау.

– Тоқсаныншы жылдардың басында қазіргі Ілияс Жансүгіров атындағы университеттің қабырғасында әнші Дәнеш ағаның тәлімін алдым. Әрбір әнін жүрекке қондыруға тырыстым. Балалығым шығар, әлде талпынысым зор болды ма, білмеймін, басқа сабақтарға мойын бұрмайтынмын. Дәнеш аға дәріс беріп жатқан аудиторияға кіріп баратынмын да өзге курс білімгерлерімен бірлесіп дария көңіл ағаның мөлдірінен сусындауға тырысатынмын. Өйткені дәл сол жылдары Дәнеш ағаның әлемінен басқа кеңістік менің көзіме шалынбады, – деп жарқын күннен жақсы естелік тарқатқан Нұржан Жанпейісов Дәнеш Рақышевтің алдындағы үрпекбас балапан кезінен қарақанат құстай түлеген шағына дейінгі аз жылды айрықша тебіреніспен тарқатып айтты.  

«Жан-жақтағы бауырлар», «Аяулым менің, арайлым» сынды дауылпаз әншінің соңғы уақыттарда жазылған әндерін ғана үйреніп қоймай  Балуан Шолақтың «Ғалиясы» сынды қазақ сазгерлерінің нақышына келтірген туындыларын да ұстазы арқылы санасына сіңірген Нұржан Жанпейісов өнерге аса қатты құныға түскен. Сол студенттік жылдары шәкіртінің тым тез үйренгісі, тез машықтанғысы келгеніне қарап Дәнеш Рақышев: «Сен қайда асығасың?! Асылдың бәрін аптықпай бойға жиған, сіңірген дұрыс» деп үн қататын. Алайда, өмір деген өлшеулі ғұмырда ұстазынан ерте көз жазып қаларын балғын жүрек сезді ме екен, қояр да қоймай Дәнеш деген дариядан мелдектей мейір қандырғысы келді. Жаны жұмсақ, жүрегі кең ұстазы да бірлі-жарым ескерту жасағанымен шәкіртінің шанағы кең екенін ұғынып, барын бойына дарытуға тырысқан.

– Дәнеш ағаның алдында шәкірті  болып отырып, 2 жыл шамасында ғана тәлім алдым. Алайда қыруар қазынаны басып қалғандай көрінемін. Бүгінде ол кісінің телегей дүниелерін, өзім тапқан мұраларын жинақтап, кітап етіп бастырғалы жатырмын. Өзім білетін, көзіме шалынған әндерінің бас-аяғын түгендегенде, ұзын-саны 115 әннің нотасы басылымға сұранып тұр. Мұның ішінде Дәнеш ағаның авторлық туындылары 70-ке жуық. Қалғаны халық композиторларының әндері, – дейді кейіпкеріміз. 

Сонау жазиралы Жаркент жерінде жатып қазақ өнерінің насихатшысына айналған Дәнеш Рақышев Алматыға ара-тұра қатынап, әндерін таспаға бастырған. Алайда сол таспаланған туындылары дұрыс насихатталмай, көп шығармасы архивте шаңға бастырылады. Осынау мол мұрасын парақтап-тарақтаған шәкірті ұлы ұстазының Ғарифолла Құрманғалиев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосыновтар секілді арнайы класс ашып, өз шығармашылығын насихаттамағанын тілге тиек етеді. Сонау 1959 жылдары атамекеніне оралған дауылпаз әншіге алғашқы болып Мұхтар Әуезов: «Дәнеш, сенімен елдің ен байлығы бірге келіпті» деп баға берсе, Ахмет Жұбанов бойындағы үлкен өнерін бағалап, талантын тек біліммен өрісті ету керектігін айтып, жол нұсқаған. Міне, осындай күміскөмей, жазтаңдай тұлға қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосты. Қала берді, Жаркент жерінде халық театрын құрып, бүгінде өзінің атындағы облыстық филармонияның іргетасын қалаушылардың бірі болды. 

«Жаны жазира ағам, ұлы ұстазым елдің махаббатына шомылғанымен  өзіне лайық марапатты кейіннен барып алды ғой. «Халық әртісі» болуы да тым кенжелеп келді. Десе де  Жетісу облысындағы филармонияға есімін берудің өзі қолының табы, табанының ізі қалған тұлғаға көрсетілген құрмет деп санаймын», – деген Нұржан Жанпейісов қоғам туралы да ауаша ойланып, азаматтық пікір білдіруден тартынар жан емес. Ол:

– Жаһандану деген жан аямас ағынға қарсы жүзіп келеміз. Бұл үрдіс талай елді түбімен жұтып қойды. Әлі де жаһандануға жұтылып жатқан елдер баршылық. Бұл тажал тектес дүниеден халықты ұлттық құндылық қана арашалайды. Тіл, дін, ділге берік болып, бабадан жеткен бағзы мұраларға мираскерлік ете алсақ қана өз табиғи болмысымыздан ажырамай, қазақы қалыпты сақтап қала аламыз. Менің жанымды ауыртатын, түнімен толғандыратын қоғамдағы ең маңызды мәселе – осы, – дейді Нұржан Қабимолдаұлы.

Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтың тамырына нәр беретін дәстүрлі дүниелеріміздің дені таспаға басылған тарих есебінде ғана сөрелерде сіресіп тұр. Қазақ телеарналарында ұлттық өнерді, мәдениетті жеткілікті түрде насихаттайтын, радио, журналистика саласында  өткеннен мейлінше сыр шертетін дүниелер азайып барады. Жарнамамен жарысқан, бір-бірімен бәсекеге түскен арналардың жүзін телешоулар, болымсыз бағдарламалар жаулады. Өзінің түпкі танымынан үзілмеу, өркениетінің қайнарынан айырылмау үшін қарманып жүрген Еуропа халықтарына «Классика» деген радио арнасы 24 сағат классикалық туындыларын ұсынуда. Ал «Шалқар» мен «Қазақ» радиосы анша-мұнша қазақ классикасына оралғанымен  олар да жеткілікті насихаттап жатқан жоқ. Осы жағын тілге тиек еткен Нұржан Жанпейісов: «Өнер мен тілі жоғала бастаған ұлттың көкжиегін қою бұлт кіреукелейді. Күні ертең жауынға малтығып, батпаққа батады. Сөйтіп өзі де жоғалады», – деп толғанады.

Өнер деген ұлы өріске еркін ат шалдырған азаматтардың, қазақ қоғамына есімі таныс тұлғалардың толғамын тыңдау барысында біз көп мәселенің бір ғана өзегі барын аңдағандаймыз. Бүгінгі ұлттық мәселеге айналған дүниелердің бәріне  құндылықтың құлдырап бара жатқаны ғана себеп. Бұл орайда ақын-жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері, әнші-биші болсын лайықты үн қата алады. «Неден қорқасыз, не алаңдатады?» деген сарында сұрақ қойылса, тұлғаның бәрі бірауыздан: «Ұлттық құндылықтың құлдырауы, жастардың ата дәстүрден алшақтауы» деп жауап қатады. Алматының алып төрінен үн тастаған дәстүрлі әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов те тұлғалар танымымен өзектес ой білдірген-ді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ