ОПЕРАТОРЛАР БІР ӘЛЕМ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 551
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жеті санын кие тұтатын елміз ғой. Менің тағдырыма айналған  «Жетісу» телеарнасында қызмет еткеніме 7 жыл болыпты. Осынау уақыт ішінде айдынды арнадан көп дүниені үйрендім. Адамгершілік пен ізгілік, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды адами қасиеттерден бастап, кәсіби біліктілікке дейін осында жетілдірдім.


Көбінесе телеарна дегенде қарапайым адамдардың көз алдына тележүргізушілер, журналистер ғана елестейді. Алайда телеарна алып кеме секілді. Кемені жүргізу бір адамның ғана қолынан келмейді. Оның ескегін есетін, желкенін көтеретін, рөлін басқаратын, бағытын мөлшерлеп жол нұсқайтын қызметкерлері болатынындай, телеарнада операторлардың жұмысы өте салмақты. Егер камераға дұрыс түсірмесек, қажетті дүниені таспаға баса алмасақ онда білікті журналистің өзі жақсы өнім бере алмайды. Айдынды арнада жарқырап тұрған бағдарлама, хабарлардың бәріне тікелей операторлар жауапты.

Мен ең алғаш 2017 жылдың күзінде жұмысқа орналастым. Алғашқы жұмысым – декоратор. Одан кейін жарықтандырушы болып ауыстым. Аталған екі қызметтің де телеарна үшін жауапкершілігі жоғары. Жарық қойып жүріп операторлыққа аңсарым ауды. Сөйтіп камера көтерген әріптестерімнен таспаға түсірудің қыр-сырын үйрене бастадым. Жайық, Ғабит, Надир сынды білікті әріптестерім таспагерліктің бүге-шүгесіне дейін үйретіп, камерадағы әрбір түймешіктің атқаратын қызметін түсіндірді. Талабымды көріп, ынтамды байқаған Шалқар Хусаинов ағамыз: «Мына азаматтың талабы жоғары, операторлыққа ауыстырсақ болар еді», – деп басшылыққа ескертті. Осылайша аз жылда камера көтерген әріптестердің қатарын толықтырдым.

Ең бірінші таспагерлік жұмысымды «Таңжарық» бағдарламасында бастадым. Саналуан қызықты материал жасадық. Көбінесе өзім қатарлы жастар жүргізетін бұл бағдарламаның берері мол болды. Тәжірибе жинақтадым. Мен үшін оператор болудың қуанышы ерекше. Телеарнаның айнасындай болған бұл салада бүгінде 16 оператор жұмыс істейміз. Бір-бірімізбен аға-бауырдай сыйласамыз. Қиындық пен қуанышта біргеміз. Айдынды арнаның ішінде өзіміздің бөлекше әлеміміз бар. Соған шүкіршілік етеміз. Осы орайда 25 жылдық тарихты еңсерген телеарнадағы әріптестерімді торқалы тоймен құттықтағым келеді.

Ерлан АЗАМБАЙ,
оператор