Қазақтың үш батырымен бірге болған майдангер

Уақыты: 07.05.2024
Оқылды: 548
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Дүмпуі жер жаһанды шарпыған екінші дүниежүзілік соғыс талай бейкүнә жандардың жанын жалмап, көп адамдарды өмірлік мүгедектік күйге түсіргені белгілі. Нақты дерек көздеріне жүгінсек, кезіндегі осы бір қанды майдан қарулы қақтығысқа ұлан-ғайыр қазақ даласынан 1 жарым миллионға жуық жауынгер  аттанса, олардың  90 мыңнан астамы Жетісу жерінен. Өкінішке  орай, сол майдангерлердің басым көпшілігі шайқас шебінде қаза тапқан.

Алайда  соғыстан аман-сау  оралып, әлі күнге өткеннің шежіресін шертіп отырған абыздар да бар арамызда. Бүгінде Талдықорған қаласында сол сұрапыл соғысқа қатысқан қос қария тұрады.  Жастары биыл ғасыр аттаған қазыналы қарттар Алла жазса енді санаулы күндерден кейін  жеңістің 79 жылын қарсы алмақ. Солардың бірі – Сәрсенбай Қаңтарбаев қария. Майдангер 1924 жылдың 10 мамырында Көксу ауданының Балпық би ауылында дүниеге келген. Соғыс  оты тұтана салысымен 18 жасында әскер қатарына шақырылған. Алдымен жас сарбазды Аягөз қаласындағы қысқа мерзімді әскери дайындықтан өткізіп Мәскеу маңында болып жатқан қиян-кескі ұрысқа аттандырады. Сан мәрте жараланып, небір салмақты жарақаттан сауығып шыққан ол көп өтпей қаруын қайта қолға алады. Қираған қала, өртенген дала, айқасып жатқан адам өліктерінен аяқ алып жүргісіз күйге түсе де  аман қалады.  Осыдан кейін жас жауынгерді Түркіменстанның Мары қаласына мергендер дайындау орталығына жіберіп, тағы бірнеше ай дайындықтан  өткізіп тағы алдыңғы шепке жібереді.

 – «Бұл жолы мен Мәскеу қаласының шетіндегі қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы  басқаратын №9-гвардия полкіне пулеметші болып қосылып, Шығыс Руссия, Литва, Латвия, Эстония   елдерін азат етуге атсалыстым. Онда барған соң күндіз-түні көз ілместен Россиядан Германия бағытындағы шайқасқа қатысып Берлинге 120 шақырым қалғанда тағы да оқ тиді. Сол жолы аты аңызға айналған, қазақтың қайсар ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас ерліктерін өз көзіммен көріп, 1945 жылдың 21 қаңтарында жараланып, батырмен бір уақытта көшпелі дала емханаларының бірінде емделіп шықтық. Келесі кезекте шығыс Украин жерін жаудан тазартуға бел шеше кіріскен кезіміз бірде қызыл жалынды от пен қарша бораған оқтың ортасындағы орманды алқапта қазақтың тағы бір батыры Қасым Қайсеновты жолықтырдым. Кейін Талғат Бигелдиновпен де кездесудің сәті түсті. Арада біраз уақыт өткенде Қасым Қайсеновпен екінші мәрте жолығудың орайы туып ұзақ әңгімеде болдым. Мен өмірде Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов сынды қазақтың қайталанбас үш арысымен бірге болып, көзбен көрген ерліктерін  мақтан тұтамын», –дейді қарт майдангер.

Осылайша небір қиын-қыстау жылдарды бастан өткеріп жеңіс туын желбіретіп қайтқан Сәрсенбай ақсақсал «Ұлы Отан» соғысының І дәрежелі басқа да ерен ерліктері үшін 20-дан медальдарды еншілеген.  Туған  жеріне орала салысымен, көп уақыт мектепте мүғалім болып, 40 жылға жуық пошта байланыс саласын басқарған.

– «Халқымызда «Толқынды  толқын  қуады, толқыннан толқын туады, атадан бала туады, ата жолын қуады» аталы сөз бар. Бүгінгі біздің ұрпақ елдің ереңі. Олар береке-бірлікке бекем болып,  ата-бабалардан жалғасқан салт-дәстүрімізді дімізді, тілімізді, сақтап оған құрмет етуі тиіс. Бастысы еліміз аман, жеріміз тыныш болса, ұлан-ғайыр қазақ даласының басты байлығы сол. Мен қара ормандай халқымызға тек жақсылық тілеймін» - деген ізгі тілегін жеткізеді абыз ақсақал.

                                                                             Айдын КӘЛІМХАН