Біз көрген Мона Лиза

Уақыты: 15.04.2024
Оқылды: 464
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамның бет-әлпеті – оқи білген адамға сырға толы көне кітап тәріздес. Қарсы алдыңда отырған жанның жанарына үңілген сайын жұмбақ бір әлемге енгендей боласың. Кісінің қарашығынан қиялға шомғанын, қияға көз тастағанын, қимасынан айырылғанын айыру оңай. Көзқарасына қоныстанған құпиялар маңдайындағы тағдырдың мәні мен мазмұнындай көрінеді. Жазмышқа мойынсынған пенде ғұмыры не деген аянышты еді.

Кеше мен сол мұңлы жанарды жолықтырғандаймын. Адамзат баласы жаралғаннан бері өмір сүріп келе жатқан азалы жанар. Құдды құлама құз секілді. Қараған сайын, аяғың тайып кетердей жасқанасың. Сөйте тұра өзі жерден ауыр, аспаннан жеңіл, күн сәулесінен жүйрік, найзағайдан өткір. Сонау қайта тірілмес мамонт секілді мәңгі өшкен, өткен күн елестер иіріміне тартады. Тауы шағылған талмау көңілдің ызалы айқайы бар. Ор­маны отқа оранған құстың қанатымен су себуге оқталғанындай. Шарасыздық пен шырғалаң. Бәрі-бәрі тұтасып келіп сол жанның жанарына ұя салған­дай. Ол жұмбақ жанар – алуан тағдырлы ауған қызына тиесілі.

Ғұмыр парағының сарғайған тұсын сағынышына балап, дулы дүниеден ізгілік іздеген жолаушы кейіпте. Ойлы көзбен қарасаңыз, қасіреттің табы байқалады. Ота­нынан алыстатқан опасыз дүние. Балалығын жоғалтқан бойжеткен.

Бұл сырлы сүгірет – америкалық фотожурналист Стив Мак­курридің 1984 жылғы сапарларының бірінде түсірген еңбек. Ойда жоқта объективке іліккен ауған аруы, оны бір-ақ сәтте жұл­дызға айналдырды. Әлем ерекше фотосуретті «Ауған қызы» немесе «ауғандық Мона Лиза» деп атады. Ғажабы сол, Стив оны Ауғанстанда емес, Пәкістанда, яғни босқындар лагерінде түсірген екен. Босқын қыздың бостандықты аңсаған көз-жанары жаһанды ойға шомдырды.

1985 жылы ғажайып фотосурет National Geograhpic журналының алғашқы бетіне басылды. Әйгілі журналдың сол жолғы мұқабасы басылымның 40 жылдық ғұмырында ең үздік 10 мұқаба тізіміне енді. Тіпті «Ауғандық Мона Лиза» атақты революционер Че Гевараның портретін артта қалдырып, мыңдаған тиражбен әлемге жол тартты.

Бұл фотосуреттің құпиясы неде десеңіз? Біріншіден, қыз өте әдемі. Содан соң оның көзқарасынан үлкен толқыныс анық байқалады. Оймақтай көзінде қорқынышпен қатар, қайсарлық пен табандылық ұйысқан. Ол лагерьдегі босқынның бірі бола тұра, кедейліктің қамытын кисе де орамалы арқылы тектілігін тәмам жұртқа баян етіп тұр. Мұсылман қызының абыройы бәрінен жоғары екенін көзқа­расынан ұқтырған сұлудың қарасы елітіп әкетеді.

«Оны батыстық стильде киіндіріңіз, сонда біздің қо­ғамның кез келген мүшесіне ұқсайтын болады», дейді автор өзінің есте­лігінде. Фотограф кейіп­керін Ауғанстанға барған әр са­па­рында іздеп табуға тырысты. Бірақ нәтиже болмады.

Шынында, өмірінде кездейсоқ кездескен кейіпкері қайта қолына оңайлықпен түспеді. Басына бақ болып қонған фото үшін ауған аруына алғыс айтуды аңсады. Осылайша, 2002 жылы «National Geographic» ұжымы Ауғанстанға экспедицияға барып, әйелді іздейді. Олар фотосуретті өтіп бара жатқан адам­дардың барлығына көрсетіп, хабар жинайды. Ақыры қала тұрғындарының бірі танып, қайдан табуға болатынын айтады.

Үш күнгі тоқтаусыз ізденістен кейін, топ ауған әйелі қоныстанған аймаққа барады. Қызығы, фотограф сол бет ерекшеліктерін бірден таниды. Қыздың өзі егде тартқанмен, баяғы отты жанар әлі өшпеген. Оның есімі – Шарбат Гула екен. Фотосуреттің соншалықты танымал болғанын білген Шарбат қатты таңғалады. Өзінің жас кезіндегі кейпін көріп, көңілі құлазиды.

Сол сәтте «National Geograp­hic» ұжымы өздеріне үлкен бедел әкелген тұлғамен қайта жолық­қандарына риза болып, кез келген тілегін орындауға уәде етеді. Автор да өзінің осыншама атақ-дәреже сыйлаған аруға басын иеді. Шарбат олардан үш қы­зына арнап тігін машинасын сатып алып беруді сұрайды. Жоқ­шылықтан әбден күйреген ана балаларының ең құрымаса кәсіппен айналысып, нәпақа табуын ойлаған. Бұл оқиға да көпшіліктің жүрегін елжіретті.

2016 жылы Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани Шарбатпен кездесіп, жаңа пәтердің кілтін табыстады. Мемлекет басшысы оған отбасының білімі мен денсаулығын қадағалауға сөз береді. Міне, әлемнің назарын өзіне аудартқан бір фотосуреттің тарихы осындай.

Иә, ауған қызының ішкі халі қарашығынан қарап тұрғандай. Атақты суретші Амедео Модильянидің «Жан күйіңнің түсімен, жанарыңды бояймын» дейтін сөзі ойға оралады. Осы жанардан әлемнің қайшылықтары мен қиындықтарын аңғармау мүмкін еместей...

Мұхтар КҮМІСБЕК 

Коллаж: lleo.livejournal.com