АТА ЖОЛЫН АР ТҰТПАЙ...

Уақыты: 25.11.2023
Оқылды: 3770
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Баспадан шыққан газетті қолға алып, әр бетіне сүйсіне қараған алғашқы жылдары жазған дүниең жарқ ете қалса қатты қуанатынсың. Қағаз иісін құшырлана иіскеп алып, редактор түзеткен тақырыптан бастап өз толғамыңның соңғы нүктесіне дейін бейіл қоя оқисың. Сондай бір керім күннің аспанында нажағайын ойнатқандай бір сын айтылды. Ауыр қабылдадым. «Сен, бала, жазған адамыңның бәрін асыра мақтап, асылық пікір саптайсың. Тұлғаның бәріне туажатсың ба немене?!» деп төбемнен қойып қалғандай сөз саптаған-ды.

«Өлгеннің артынан өктем пікір айтатын, пендешілігін жіпке тізетін мен емес. Тұлғаны шығармасына қарай бағалап, сүйіспеншілігіме қарай ой толғаймын» деп кесіп айту, қарсы жауап қату қайда, ол шақта. Қабаққа қырау қатырып, сұрланып, сазарып қалдық. «Е, мейлі, басылымға саналы ғұмырын арнап келе жатқан білікті жазарман ағамыз ғой» деп өзімізді алдаусыратқандай болдық. Ет жүрекке салмақ түсірген көксеңке-сынды жылымық күндердің шуағы тілшелеп тауысқандай көрінді.

Міне, сол күннен бері жазуға отырғанда, әрсіресе тұлғалар шығармашылығына әдеби шолу жасағанда асылық сөзге, асыра мақтауға бармауға тырысатын болдық. Қабылдамаған сынның қалыбына түстік. Алайда, сол кездегі жазған әдеби рецензияларды оқыған сайын көңілімде бір күдік бас көтереді де тұрады. Өйткені Меңдекеш Сатыбалдиев, Әбу Сәрсенбаев, Кеңшілік Мырзахметов, Тұманбай Молдағалиев,  Есенқұл Жақыпбеков сынды тізбелей берсе 100-ге жетер тұлғаларды жазғанда адамгершілік тұрғысында ой қозғамаптық. Пендешілігін періштелікке баламаптық. Тек қана «Тау баурайы бу боп тұр, бұлыңғыр тұр, тістеп қапты тентек жел тілін қырқып» деген Жұмекеннің, «Сағынған көздің моншағы, шашылып жатыр төсекте» деген Төлегеннің, сол секілді өзіміз өрнектеген тұлғалардың ғажайып ойларын оқырманға жеткізуді ғана ойлаптық. Ал, сонда әлгі рухани пікірлес ағамыз қай сөзімізге болса сын садағының адырнасын аршындата тартты екен?..

Хош, «Толқынды толқын қуады» демекші, ойдан ой төлдетіп не қылайық. Айтар ойдың айқын болғаны жақсы. Десе де, біздің қазақ не мақтап, не даттап сөйлейтіндей көрінеді де тұрады. Орта аралықты ұстау, асылды айшықтап, жасықты жасырмалау жоқ секілді біздің бойымызға.

«Абайды Алаш арыстары қолдан жасаған» деген түбірсіз пікірді ел санасына сіңдіре алмай шерменде болып жүрген тобырдай, бүгінде тұлғаларға тас ататын жандар ел алдына шыға бастады. Ол буынның алпыстың асқарына шықса, соңы орда бұзар отыздан асып барады. Сөздің киесі мен жүйесін, қасиеті мен құдіретін ұғынып жүргендер ғой бәрі. Алайда «Өлгеннің артынан жақсы сөйлеңдер, әйтпесе үндемеңдер» деген Пайғамбарымыздың хадисін керек қылмайтын олар, бабалардың рухын көрден тұрғызып алып дүрелегісі келетіндей.

Қамшы салдырмас арғымаққа мініп алып, қос өкпеден тебінген әумесерді аталарымыз «алаөкпе» дейтін. Бүгінгі ақпарат аламанында жарауы жеткен тұлпардай қызыл тілге ерік берген езбелерді, лепірме мен көкімелерге не деп баға, қандай айдар тақса жарасады екен? Мәселен, саясат сахнасында жүрген бір халық қалаулысы «Ыбырай «Бір Аллаға шоқынып, кел, балалар, оқылық» деген» деп айтар ойына ақын өлеңін арқау етті. Ал, алаштану ісімен айналысып жүрген тағы бір замандасымыз «Сәбит Мұқанов Алаш арыстарының соңына ит қосқан, отарлаушы елдің итаршысы болған адам» деп сыңаржақ әрі қатаң баға берді. Ал шоу-бизнес саласында тренд қуып тірлігін түзеп жүрген бір азамат «Сұлтанмахмұт Торайғыровтар 20 пара Құран білген деген шылғи өтірік. Баба жолын ұстанған шығар, бірақ Ислам шартын орындаған жоқ» деп кесіп айтты. Ұғынар жанның ұғымын ұңғылайтын осындай лепірме мен көкімеге қаншама жан лайкпен баға беріп, желіге жүктелген видео астында ырғын пікір қалдырды десеңізші. «Ақ сөйледің», «Ақиқат түбі ашылады» дейді жастар, өзінің білімсіздігімен, Абай, Ыбырай, Сәбит, Сұлтанмахмұт кітаптарын тұтас түгеспегенімен шаруасы жоқ.

Заманында «Он бес жасар капитан» шығармасымен-ақ әлем оқырманының жүрегінен орын алған француз жазушысы Жюль Верн Гомер заманындағы боямалардан бас тарту керектігін айтып, париждік жастарды жаңашылдыққа шақырған болатын. Ал, Виктор Гюго «Аласталғандар» романымен-ақ Франция даласының жаңашылдыққа жұтылып, қасиет тұрғысында құрдым-құлдырауға бет алғанын күйіне жазған-ды. Сондағы екі жазушының «жаңашылдығы» екі тарапты нұсқап тұр емес пе? Бірі әдеби қауымды жаңаша ойлауға, заманмен тыныстауға үндесе, бірі ата жолдан адасқан қауымның қасіретіне бастау болған жаңашылдықты ащы сынайды. Біз де бүгін жаңашылдықты осы екі бағытта қабылдап жүрген жоқпыз ба деген ойға қаласың. Әрине, тәуелсіз буын ретінде ақиқатты айтқан жөн, бірақ ата жолын ар тұтпай, «олар бірін-бірі сатқан», «итаршы болған» деген ауыр айып тағу, «исламмен жүрмеген, бабаларының ұстанымына берік болған» деген логикалық қате көзқарасты қоғамға таңғанда не ұтамыз? Жастар адаспасын десек, ел ардақтаған бабалардың түзу де қисық іздерін санамалай берудің қажеті жоқ-ау. Біз секілді мақтамаса да, көреген ата-бабалардай бейпіл сөз, бедерсіз пікір саптамауды қолға алған жөн.

АРДА БИ
Фото: kazislam.kz