КӨЗ АЛДЫМДА БӘРІҢСІҢ

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 516
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Жыр айтам саған, халқым, ұға білсең...» дегем мен. Бұл ант деген сөз.

«Мен де адаммын жаралған сүт пен еттен...» Бұл өлеңім де – ант. «Ежелден ел тірегі – ел тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» деймін. Осы үш өлеңім менің творчествомның эпиграфы, маған нұсқау.

Эгоизм деген бір ит бар. Мен оны түсінемін – оны қазақша айтқанда, мендік, бірақ мен оның кісісі емеспін. Мұны мен бақ алмаған адамның үлкен кемістігі деп санаймын. Үлкен кемістігі, оны орысша «чванливость» дейді.

Мен жаман инженер болғам жоқ. Ол кезде қазақи инженер өте сирек болатын. Инженермін деп еш уақытта мақтанып көрген емеспін.

Солдат кезімде (22 жаста едім), мен атақты снайпер болдым. Ел мақтаса да мен оған мақтанған жоқпын. Мен артиллерист болдым, шабандоз болдым. Күллі Қиыр Шығыста елді таңғалдырып талай рет бәйге алдым. Көрермендер (зрители) рахаттанып мақтады. Мен мақтанған жоқпын. Себебі табыстан кемістігім аз болмады. «Еркеліктің де орны бар» деген халқымның сөзі ойыма түседі.

Обалымызға қарай, бұлт жай емес, қопарыла төңкерілді. Жасым 30-да еді. Ел қатарында соғысқа аттандым. Партияда жоқ кезім. Әскери атағым командирлік жағынан кішкентай ғана. Мен командир батальоны, командир полка, комвид болдым. Мақтаулар көп болды, оларға мен мастанған жоқпын. Сағынғандарым, сенгендерім халықтың адал ұлдары, шын жүрек пен ақ ниеттері болды. Алдыңғы шепте өзімді аяғаным жоқ. Жауынгерлермен қатар тұрған дұшпандармен жағаластым. Халық ұлдары жаулармен жағаласқанда оларға мен сендім, олар маған сенді. Жауынгер аты, командир аты (ары) екеуі басын қосып, қиын жағдайда абыройға ие болдық. Менің «Мен істедім дегенше (үзінді алу) (мұны мен жазғаным рас, бірақ шығарманың шын авторлары бұл жолдардың ақ ниет қалпында маған сенген жауынгерлерім. Соларға сенген менмін.)».

Ақиқатында бұл халықтың сыры. Оның шын авторы халқымыз.

Менен бірнеше рет жалынды, менен бірнеше рет ақылды ел азаматтары-сарбаздар қан майданда қайтыс болды. Көбі мүгедек болып елге оралды. Олардан мен әулие емеспін. Мен аман қайтқандардың қатарында жүрмін. Мен «қырық жыл қырғында» аман қалғандардың біреуімін.

Мен жауынгер жолдастарыма қарыздармын, парыздармын. Ол қарызымды, ол парызымды мен ол дүниеде, бұл дүниеде еш уақытта ұмытпаймын. Сол себепті майдан шебінде соған түсінер, түсінбесімді білген кезімде: «Найзадан қол босаса қалам алдым...» деп жазғанмын. Солардың ерлігі, батырлығы, ардағы, адамгершілігі әрқашанда есімде. Солар есіме түсіп, мені қобалжытып қозғады. Әдебиеттің ешқандай мағлұматы болмаса да мен қолыма қалам алдым. Қаламым мені осы уақытқа дейін жөнді тілімді алып жүрген жоқ. Ол ақиқат.

Ойым шолақ, сөзім шорқақ екенін мен өзім де анық сеземін. Демек, роман, повесть, поэзия, очерк, драматургия деген сияқты әдебиеттің үлгілі жанрларынан түсініктерім өте шамалы ғана. Бірақ та «Көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ» деген қазақтың сөзі бар. Сол себепті көрген-білгенімді қазақша, орысша тілдермен ұрпаққа өз көзқарасыммен айтып кетуді өзіме парыз санадым. Жазғандарым көп, басылғандарым аз. Оған таласып өкпелеп отырған мен жоқ.

Ұрпақ керегін өздеріңізден алады деген сенім менде мол. Ізденушілерге бір-ақ ескертпем бар: Мен болудан аулақпын, өтірік айтсам имансыз кетейін... Оқырман ұрпақтардың есінде осы сөзім қалсын деп жазып отырмын.

Менің жазғандарымның бәрі алтын да емес, күміс те емес – жазғандарымды ақтап, түсініп оқыңдар , қарақтарым. Қатемді түзетуге асықпаңдар. Мен өмір сүрген заман мен сендер өмір сүрген дәуірдің айырмасы – жер мен көктей. Заман қайталанбайды. Дұрыс ұғымды құдай әркімге берген емес, сол себепті абайлап оқыңдар деген ескертпем осыдан шығады.

«Алжыған шал» деп айту оп-оңай. Сөз арасы, ой арасы, өмір арасына түсіну қиын нәрсе. «Абайлаңдар, абайлаңдар» деп айтарымның маңдай алды себебі сол, қарақтарым!

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,
«Халық Қаһарманы», майдангер жазушы