Рамазан - айлардың сұлтаны

Уақыты: 18.05.2018
Оқылды: 2408
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қасиетті айдың қадірін жете түсініп, оразаның бір айлық ашығу емес, керісінше, тіршілігімізге нұр беретін құлшылық екенін сезінген жандардың қатары, құдайға шүкір, көбейіп келеді. Бір кездегідей «Оразада түкірік жұтуға бола ма?», «Сәресін ішпей-ақ қойса қайтеді?», «Басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ұстаған дұрыс па?» деген салмақсыз сұраулар санадан өшіп, оның орнына жан дүниеміз рухани кемелденіп, «Рамазан айында қандай амалдар жасап, Алла разылығын алуға болады?» деген сияқты салмақты да салиқалы сұрақ қойып, ізгілікпен із қалдырудың қамына кіріскендердің де қатары көбейіп келеді. Шүкірден басқа айтарымыз жоқ. Өйткені, Алла тағала: «Шүкір етіңдер, нығметімді арттырамын» деген. Шүкір!

РАМАЗАН – Құран айы. Алла тағаланың «Махаббатпен жаратқан адамзатты» қараңғылықтан жарыққа, надандықтан адамдыққа бастап, пенденің әу бастағы жаратылу мақсатын түсіндіріп, Раббымызға бойұсынуға шақыратын ұлы кітап. Құран – ол жай ғана бір сөздердің жиынтығы емес. Алла тағаланың адамзат баласына жіберген хаты. Жүрекке нұр, көңілге демеу. Өмір сүруіміз үшін Күн, тынығуымыз үшін Түн қаншалықты керек болса, Құранға да соншалықты мұқтажбыз. Құран тек құлшылық жасауды насихаттайтын кітап емес, мыңдаған аяттың астарына жасырған сан түрлі ғылымның анасы. Дала данышпаны Қабылиса бабама жүгініп көрейін:
– Бақыт, қайда барасың?
– Үйінде тұрған Құраны,
Расул Алла ұраны,
Тәртіпті үйге барамын.
Яғни, Құран бақытты өмір сүрудің бағдаршамы. Ал көптеген қандасымыз түс көргенде немесе кісі өлгенде оқылатын, мағынасын көбіміз түсіне бермейтін араб тіліндегі сөздер жиынтығы деп қабылдайды. Бабаларымыз болса, қағаз, қалам әлі де қалыптаспаған заманда Құранның құнды кітап екенін біліп, ұрпағына аманаттап кетті. Бабалар аманатына қиянат жасамай, құрметпен қараған ұрпақ қазіргі таңда Құранның қасиетін санасында сақтап, 6666 аятты жаттап, қари атанып, отыз күн оразадағы тарауих намазын да бастан-аяқ оқып, хатым жасап, «Өліге иман, тіріге берке» сұрап, Алладан жарылқау тілеуде. Шүкір!
РАМАЗАН – Аллаға жақындауға кеңінен жол ашылған мүбәрак ай. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадиске сүйенсек, жеті тозақтың есігі жабылып, лағнеті шайтан кісенделіп, сегіз жаннаттың қақпасы ашылатын ай. Құлдың дидарынан шуақ төгілетін, құлшылыққа қуат берілетін уақыт. Міне, күні кеше ғана отыз күн оразаның асыл діңі, Қабылиса бабамыздың:
– Бақыт, қайда барасың?
– Тарауих намаз оқыған,
Көңіліне аят тоқыған,
Ниетті елге барамын, – дегеніндей, тарауих намазы басталды.
Талдықорған уақыты бойынша түнгі сағат онның кезі. Мешітке ағылған елде есеп жоқ. Әдемі шапанын киіп, сақалын сәндеп, мұртын басып, алдыңғы қатардың ажарын ашқан ақсақалдарымыздан бастап, Алланың рахымына бөленейін деген ниетпен келген аға буын мен олардың өкшесін баса жас толқындар да лек-легімен құлшылық ордасына ентелей еніп жатыр. Құдды жұма намазына жиналғандай екінші қабатына дейін толып кетті. Өткен жылдармен салыстырғанда құлшылыққа құлқы бар жандардың қатары анағұрлым көбейгенін байқадық. Шүкір!
РАМАЗАН – тіршілік пен құлшылықтың таразысын тең ұстайтын ай. Осы бейсенбіден бастап, былайғы уақытта тәтті ұйқының құшағында жататын ағайын таңғы нәсіпті Тәңірден тілеп, Қабылиса жыраудың:
– Бақыт, қайда барасың,
– Сәресі, сахар ішетін,
Хақ жолына түсетін,
Сәресі ішуге барамын, –  деген асыл сөзін ақиқатқа айналдырып, бақыт баспалдағының бірі сәресі ішу екенін ұғынып, тас қараңғыда оянып, дәретін алып, ала көлеңке мезгілде дұға жасап, аузын бекітеді. Ал кешке күн ұясына қонақтаған сәттен ауызашар беріліп, күйбең тірліктің илеуіне түсіп, санасын билеген тұрмыс түйткілдерін бір сәт сілкіп тастап, рухани әңгіменің уызына қана бастайды. Дастарқан басында үлкені бата беріп, жақсы тілегін арнап, дүние тіршілігінен рухын бір мезгіл алыстатып, жансарайын Алланың рахым нұрына шомылдырып, береке мен бірліктің жарасымды тірлігін көрсетеді. Ауыз майланып, көңіл жайланғаннан кейін осындай есепсіз нығметті берген ұлы Аллаға шүкірлік ету үшін әдемі киімін киіп, мешітке қадам басады. «Құлшылықты алдыға қойсаң, тіршілігің таза болады, тіршілікті алдыға қойсаң, құлшылығың қаза болады», – деген аталы сөзге амал жасайды. Әшейінде қалың нөпір жүретін базарларда иығына иығы тиіп кетсе, алакөзденіп қарайтын ағайын тарауих намазында бір-бірімен иық тірестіре, бір сапта тұрып, құбылаға жүзін бұрып, Аллаға басын иіп, сәждеге маңдайы тиіп, алпыс екі тамыры иіп, құлшылықтың дәмін сезіне бастайды. Шүкір!
РАМАЗАН – кешірім мен мейірім айы. Араздасқан ағайын осы айдың құрметіне бір-біріне кешіріммен қарап, өкпеге қиса да, өлімге қимайтын бабалар жолын жандандыратыны рас. Қысқа күнде қырық құбылған пенделіктің ауылынан алыстап, жүрек түкпіріндегі мейірім сәулесін қуаттандырып, дидарын шуақтандырып, туыстықтың туын жоғары көтеріп әкететін мезгіл де осы айдың еншісінде. «Алтау ала болса, ауыздағы кететінін» сезініп, «Төртеу түгел болса, төбедегі келетінін» түйсініп, мұз боп қатқан кегін кешіріммен жібітіп, арандатқан арзан сөзден арылып, алға қарай жетелейді ақ үміт. Бұл да Қабылиса жыраудың:
– Бақыт, қайда барасың?
– Туысымен татулы,
Жаман сөз жоқ шатулы,
Ынтымақты елге барамын, – деген жауһар жырындағы бақыттың мекеніне шақыратын ізгі жолдың бірі. Ораза айында дәл осы сүрлеумен ізгіліктің ауылына ат басын бұрғандардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Шүкір!
РАМАЗАН – береке мен бірліктің айы. Береке қайтсе болады, ол қандай жерге қонады? Әлбетте бірлігі мен тірлігі жарасқан жердің көркі береке. Отанның отбасынан басталатынын ескерсек, береке ең әуелі бір шаңырақтың астында негізін қалауы керек. Ұлы құлықсыз, қызы қылықсыз әулеттің дәулеті шалқи қоюы екіталай. Қабылиса бабам оны да айтып кетіпті: 
– Бақыт, қайда барасың?
– Балбұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы көрікті,
Берекелі үйге барамын.
Ал осы ұлы иманжүзді, қызы инабатты отбасының айналасы да берекелі, ағайыны тату келеді. Ал татулық салтанат құрған жерде бақыттың төрге озары сөзсіз. Бұдан түйеріміз, бақытқа аста-төк байлық пен атақ-даңқ өлшем бола алмайды екен. Әрбір отбасы шуақты күн кешсе, мемлекетіміз қуатты елге айналары ақиқат. Шүкір!
РАМАЗАН – қайырымдылық пен жомарттық айы. Сансыз сауапқа кенеліп, күнәларымыз жасырылып, қателіктеріміз кешірілсін десек, ізгі амал жасап қалуға асығайық, бауырлар! Бұл айда жасалған жақсылығымыз шаңның тозаңындай болса да, оның сауабы батпандап қайтатыны асыл дінімізде анық айтылған. «Дүние опа бермес жинағанмен» деп бұрынғылар текке айтпаса керек. Жиғанымыз иманымыз болғанда ғана дидарымыз Алла алдында нұрлы болмақ. Ол үшін атымтай жомарттық пен жүректерді жұмсартатын қайырымдылықты көптеп жасап қалайық. Әр уағыз сайын имамдардың айтқанын жаттанды әңгімеге баламай, жақсылыққа шақырып жатқанын сезініп, мұқтаж жандардың басындағы мұңын сейілтіп, ем іздегендерге қаражатпен дем беріп, сүрінгенді сүйеп, жылағанды жұбатуға асықсақ, Алла алдында абыройымыз асқақ, жүзіміз жарқын болмақ. Жомарт жүрек, қолы ашық жандар бұл айда ғана емес, жыл он екі ай ізгі амал жасауды әдетіне айналдырған. Ал бұл айда оны еселеп жасайтындар да аз емес. Шүкір!
РАМАЗАН – әдеп пен тәрбиенің айы. Себебі дәл осы айда уағыз-насихат көптеп айтылып, ұлтымыздың болашағы болатын ұлағатты ұрпағымызға да арнайы дұға жасаймыз. Отбасында тәрбие көрген ұрпақтың әдебі өн бойынан байқалып тұрады. Бір үйге ауызашарға барсаң көргенді ұлы «Ассалаумағалейкүм» деп амандасып, құрмет көрсетсе, ибалы қызы алдымыздан орағытып өтпей асүйде анасына көмектесіп, қонақ күтудің әдебін үйреніп жатады. Басқа уақытта мұндай көрініс болмайды деген сөз емес. Он екі айдың сұлтаны болған Рамазанда ораза ұстаған әр шаңырақта берекелі дастарқан мерекеге сай жайылып, бір жылда ара-тұра жейтін дәмді тағамдар күн сайын алдыңызда тұрады. Ондай дастарқанның басында үлкен-кіші тең отырып, тағылымды әңгіме айтылып, тәрбиенің тамырына су құйылып жатады. Осындайда тағы да Қабылиса бабамызға жүгінуге тура келеді. Дала ділмарының асыл сөзіне зер салыңыз:
– Бақыт, қайда барасың?
– Келін мен қызы ибалы,
Ата-анасын сыйлайтын,
Сондай үйге барамын, – дейді. Көкейіме бір сауалдың келіп тұрғаны. Неге келін мен қызы? Неге аға мен іні демейді? Оған дала ділмарларының өзі жауап беріп кетіпті. Бабадан жеткен асыл сөзге сүйенсек, «Қыз – ұлттың анасы» немесе «Тегіңді сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле. Ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле». Міне, ұлтты сақтау жолындағы жауапкершіліктің жүгі қыздың мойнына салмақ салып тұр. Содан болса керек, жырау бабамыз бақыт баратын үйдің бірі келіні мен қызының ибалы шаңырақ екенін айтып тұр. Әсілі біз тәрбиеге тал бесіктен мән берген елміз. Жарқын болашаққа бара жатқан жолда ибалы келін, инабатты қыз, намысты ұлы бар ұлт екеніміз анық. Шүкір!
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін дала ділмары Қабан атамның асыл сөзімен аяқтайын:
– Бақыт, қайда барасың,
– Соғысқа құмар ойы жоқ,
Ұлан-асыр тойы көп,
Бейбіт елге барамын!
Қонағы көп ұлтпыз, тойы көп жұртпыз. Қонақ та тыныш елге барғанды қалайды. Той да ынтымағы жарасқан елде көп болады. Алла бейбітшіліктің бесігінде тербелген елімізге сырттан жау келтірмесін, ішімізден жау шығармасын. Оразада туған ойымның дұғасы осы болды. Құдайым қабыл еткей!

Жұматай ӘМІРЕЕВ,
“Жетісу”