Адам мен заман жайлы ой-толғамдар

Уақыты: 20.07.2018
Оқылды: 1574
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алтыншы сөз:
Бұл жолы біз бүгінгі адам пейілі, ар мен ақша, мансап пен ынсап төңірегіндегі азаматтық ой-пікірімізді оқырмандармен бөлісуді жөн көрдік:
Қай заманда да кез келген адам дұрыс өмір сүріп, баршылықта күн кешу үшін қаракеттенген ғой. Сол үшін адал еңбек еткен. Қолында билігі бар кіші басшы мен үлкен басшылардың өзі бөгде адамның ақысын жемеген. Адалдықтың туын жықпауға тырысқан. Қысылған жандарға жәрдемін жасап, жолдан тайғандар болса тыйып, адал жолға салып, таза өмір сүруге баулып отырды емес пе? Олардан бұрынғы бабаларымыз бен әкелеріміздің пейілдері тіпті кең әрі таза еді. Олар арам жолмен келген байлықтың соңы қасіретке апаратынын білген. Сондықтан болар, басшысы да, қосшысы да ынсапты болатын. Ал бүгінгі адамдардың, әсіресе, қолында билігі барлардың адалдығы, пейілі мен ынсабы дәл солардай деп айта аласыз ба?!
Мәселен, біреу жаңадан ауылдың немесе ауданның, тіпті облыстың әкімі бола қалды дейік... Әлгі басшы алдымен сол ауылдың, айталық ауданның, өзі басқаратын облыстың жай-күйін зерттеп, істің жөнін білетіндермен кеңесе отырып, ақсап жатқан салаларға жан бітіруге күш салуы керек қой. Өкініштісі сол, кейде бәрі керісінше болып жатады. Енді келген басшы өзінің соңынан жақын достары мен таныстарын, өзіне «қорған» болатын жанашырларын – балдыздарын, бажаларын, балаларын шұбыртып ала келеді. Бұл – ол үшін тиімді. Себебі әлгілер басшының қызметін пайдаланып түсірген көлденең табысы мен байлығының ізін жауып, жеудің «тиімді» әдіс-айлаларын үйретеді. «Тауарын» дайындап, сонау құмдағы, анау қырдағы түйесі мен жылқысын, басқа да қыруар малын көбейтеді.
Бастығының ну орманды, таулы, өзен-көлді шұрайлы жерлеріндегі сан түрлі өнімдерін күткізіп, баптататын да сол «жанашыр» жақындары, «сенімді достары»... Біз айтып отырған осындай фактілерді ірі құрылыс ұжымдары мен қаржылық ұйымдардан да, денсаулық сақтау, спорт, білім беру секілді көптеген салалардан да көріп те, ақпарат құралдарынан оқып та, естіп, біліп те жүрміз. Құрылыс пен жол салуға, ауылдарды көркейтуге, шаруа қожалықтарының жағдайын жақсартуға, жерді игеруге, ауызсуға деп мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржыны жалған серіктестіктер құрып, соны басқаратын жоғарыда біз айтқан бажалары мен балдыздарының, «сенімді» достарының есепшоттарына аударып, ақырында масқарасы шығып қызметтен қуылғандар қаншама?!
Бір ауылдағы егде жасқа келген қарттың айтқаны есімнен кетпейді:
– «...Біздің ауылға бұрын базарда жүрген бір жігіт аяқастынан әкім бола қалды. Бұл қалай? – деп таңқалыстық. Сөйтсек, әлгі жоғары жақтан «қолдаушы» тапқан екен... Рас, я өтірігін кім білген?! Әлгі мықтыға бір қалталы ауылдасынан қыруар ақша қарыз алып, өзінде барды қосып, қалың «конверт» тапсырыпты деген сөз тағы шықты. Көп ұзамай келе сап тек құлқынын толтыруды ойлаған әлгі бейбақ заңсыз жер сатып, пара алып жатқанда ұсталыпты деген сыбыс тарады... Қалың «конверт» алған жоғарыдағы адам шынымен мықты көрінеді. Мынау сотталмады. Тағы да таңқалдық», – деп ауыр күрсінген қарт таяғына сүйеніп тұрып, күйініп басын шайқады...
– Айтшы інім! Мына заман не боп барады өзі?
Әлгіндей «Крышасы» бар ынсапсыздардың біразын көп ел біледі де. Бірақ айта алмайды... Дей қалсаң, шам алып соңыңнан түсетін «мықтылар» бар. Бұл жайттар телеарналарда айтылып та жүр. 
***
Баспасөз беттерінде жазылып та жатыр. Апталап емес, айлап аудандық, облыстық соттарда сан мәрте қаралған да. Елге сан соқтырып, мемлекет қаржысын әкесінің мүлкіндей оңды-солды шашқан жегіштердің ісі қазір де түрлі деңгейдегі соттарда қаралып жатқанынан қалың көпшілік хабардар. Сондай ынсабы кетіп, мемлекет байлығын талан-таражға салған, қолдағы пәрмені күшті мансабының арқасында жинаған қыруар қаржысын шетел асырып тастаған пысықтардың саны көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Неге бұлай?!
Қарапайым жұмысшылардың еңбегін жеп, айлап-жылдап жалақыларын бермей, жаңа пәтерге ие болу үшін несие алып ақша салған көптеген үлескерлерді зар жылатып, алдап тақырға отырғызып, шетке қашып ізін жасырғандар қаншама... Заң бар! Оны қамтамасыз ететін, жоғары дәрежеде айлық еңбекақы алып отырған құқық қорғау органдары бар. «...Сонда әлгіндей имансыз обырларға тосқауыл қоя алмай, олар не қарап отыр?», – деген орынды сұрақ туады.
Балықтың басынан шіритінін анық дәлелдеген осы біздің ел шығар. Оған дәлел – кешегі Үкімет басшысының, Қазақстанның атын шығарамыз деп, әлемдік деңгейде көрме өткізуге байланысты жүргізіліп жатқан ЭКСПО құрылысын бұрын басқарған дөкейлердің, Қостанайдағы әкімдердің, басқа да облыстар мен қалалар тізгінін ұстап келген кешегі «мықтылардың» арды ақшаға таптатқан көргенсіздігі...
Екі иығындағы пагонның, жоғарыдағы «көкесінің» буымен өзі жол жүру ережесін өрескел бұзып, адам қағып өлтіргендердің бірінен кейін бірі сотты болып жатқаны таңқалдырады.
Шындығына келсек, қолында басқару тізгіні бар кейбір тойымсыздар елдің емес, алдымен өзінің және төңірегінің ғана қамы үшін жанын салатындай. Өздері Астана мен Алматыда мәртебелі мемлекеттік қызметте отырған немесе бұрынғы қызметінің арқасында мол қаржыны басып алған азулылар шалғайдағы орманды, өзен-көлді, жасыл шалғынды атақты жайлауларға да ие болып алғанын айтып ашынады сол өңірдегі қолы қысқа бейбақтар. Әлгі байшікештер ие болып алған қан жайлауына қажет кезде тікұшақпен ғана қатысып, аң аулап, сейіл-серуен жасап кететінін ауылдық ағайындардың аузынан талай мәрте естідік те!.. Сонда әлгілер соншама жерді, ондағы хан сарайындай коттедждерді, сауна мен бассейндерді айлық жалақысына салдырды деп ойлайсыз ба?..
 ***
Бүгінгі қоғам біз жоғарыда қысқаша ғана әңгімеге арқау еткен өте жағымсыз дерттерден қашан және қалай құтылмақ?.. Бұл үшін Үкімет басшысынан бастап, министрлер мен әр деңгейдегі әкімдер, оқу ағарту, денсаулық сақтау, құрылыс салаларын басқарып отырған бірінші басшы, ондағы әр қызметкер алдымен адами санасын, сосын өзінің өзегін, ішкі жан дүниесін тазартып, ынсабын тыйып, иманын оятуы керек шығар. Өйтпесек ауру асқына береді де, ақыр соңы түзеуге болмайтын қасіретке соқтыруы мүмкін десек, қосыласыз ба осы пікірге?..
    
Жетінші сөз:
Өмірден көріп, оқып біліп, жүрегіңмен түйсініп барып, содан көңілге түйгеніңді өзіңнен кейінгі жас буынға айтып кетсем деген мақсат пен парыз кейде еріксіз қолға қалам алдырады...
Төмендегі ой-толғамдар сондай әсерден туған еді:
   
«...Пейілі жаман адамнан, өзегі кір пендеңнен сақта, Құдай», – деп отырушы еді бұрынғылар. Қара басының ғана қамын ойлап, тек өзіме деп өзеуреп, пайда табу үшін жанын жеп жүрген қазіргі адамдардың тойымсыз қылығынан шошисың... Қолына билік тізгіні тиген күннен бастап өзгенің емес, өзінің ғана қара басы мен төңірегі үшін барын салған кейбір ынсапсыз басшы кімнің шекесін қыздырар дейсіз! Қазір ондайлардың қатары көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Шерхан ағам айтпақшы, бұл да «...Бір кем дүние...».   
   *** 
«Қандай адам екеніңді өзің емес, халқың айтсын», – деген және бір жетелі сөз бар. Анығы – «Жақсылар  жақсымын деп айта алмайды, жамандар  жақсымын деп айқайлайды» дегенге де келеді. Ал, мына заманда кейбір адамдар өзінің қадірін өзі көкке көтеріп: «Мен – баймын! Мен – ана Көкеңнің жақынымын. Мен – мынандай мықты жерде жұмыс істеймін. Мен «Крышама» айтып, тұқымыңды құртып жіберейін бе?!», – деп көкті тірегендей, кеудесін керіп, ісініп шіреп жүреді. Олар тіпті қара жолдың үстінде де өзінен басқаны адам құрлы көрмейді. Арам ақшамен алған қымбат мәшинесімен сенің жолыңа кимелеп кіріп, алдыңды бөгейді. Жол ережесін, ортақ заң талаптарын аяққа басу – олар үшін түк емес! Ал әншейінде бездеңдеп, қайтсем кімнің қалтасын қағам деп жүрген «алатаяқтылар» әлгіні көргенде інге тығылған тышқандай, зым-зия... Мұндай сүреңсіз көріністерді сіз де, біз де, олар да күнде көріп жүрміз. Қолдан келер шара жоқ болған соң қанымыз қарайса да көніп жүрміз... Осының аяғы не болар екен?!
***
Жақынының қайғысын бөлісе алмайтын, не қуанышына ортақтасуды білмейтін, ағалық қасиеттен ада үлкендерді де, інілік ізеттен жұрдай жастарды да кездестіресің мына өмірден. Қазіргі адамдар тек пайданы ғана ойлап, ағайынның қадірін, азаматтық арды, иман мен ынсапты, кісілікті ұмыт қалдырған жоқ па осы  деген сұрақ көңіл түкпірінде сақталып, маза бермейді... 
 ***
«Халқың аман тұрғанда, жалғызбын деп қиналма». Өсиетті сөз. Қасиетті ұстаным. Қара бастың қамын жеп, талайлар дүние-боқтықты жиған. Ұрлаған! Тыққан! Сатқан! Арам ақшасын бөтен елге апарып жасырған... Басына тықыр таянғанда әлгі тыққан қаржысының артынан шетелге қашқан. Ақырында арты ашылып, ел арқасынан тапқан «пайдасы» басына сор болып жабысқан. Қызметтен қуылған. Сотты да болған. Қазір осындай көріністер тіпті көбейіп барады. Себеп неден? Тойымы жоқ адамнан ба әлде сан құбылған заманнан ба? Заманды бұзатын – сол тойымы жоқ, өзі жемір, өзегі кір пенеделер ғой!..

Айтақын ӘБДІҚАЛ,
Қазақстан Жазушылар
 одағының мүшесі, ақын,
Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты