АДАМ ДЕГЕН АТҚА ЛАЙЫҚПЫЗ БА?

Уақыты: 06.04.2019
Оқылды: 1734
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қара сөзі мен өлеңдерінде Абай сынаған еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікке, өсекке әуестік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты кемшіліктер бүгінгі қоғамда да кең етек алуда. Соны саралап көрейік.

Көпшілігіміз айналамызда болып жатқан келеңсіз құбылыстарға енжар, селқос, немқұрайды қараймыз. Ортақ іске қырын қарайтын, пайдалы істен бойын аулақ салатын, ілгерілететін істі кері тартатын, «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» деп  жеке басының пайдасын көздейтін адамдардың іс-әрекетіне көз жұматын болдық. «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп жауырды жаба тоқимыз. Өзгелер айтпаса да «шындықты бетке тік айтатын, ешкімге жалтақтамайтын батылмын, турашылмын» деп өздерін дәріптейтіндер бар. Ал солардың тұрғындар жиынында мұқтаждық көріп жүрген мәселелерді көтергенін көрген емеспіз. «Алға кетсең көз тиеді, артта қалсаң сөз тиеді» деген мақалдың бекер айтылмағанына көз жеткізесің. Алға ұмтылып, халық қамын ойлап, тұрғындар игілігіне суырылып шығып, қызмет жасап жүргендерді (олар өте аз) жақтырмай, аяқтан шалуға айла, амал қарастырамыз. Оның беделге ие болып бара жатқанын көре алмай, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, ол туралы шындыққа жанаспайтын өсек-аяңды қарша боратамыз. Осындайда ұлы Абайдың «Адам деген атым бар, Адам қылмас халқым бар. Өтірік пен өсекке, Бәйге атындай аңқылдар», – деген ұлағатты нақылы еріксіз ойға оралады. 
1990 жылдардың басында бір ауылда мектеп басқарған директор өз ісін тиянақты да тындырымды атқаратын, жалпақтағандарды жақтырмайтын, адалдықты ту еткен, жұмысты қатаң талап ететін, мектептің өзекті мәселелерін жоғары орындардың алдына батыл қоя білетін шыншыл адам еді. Ол ауданның бірінші басшысына жақпады. Ешқандай кінәсі болмаса да қызметінен кетіріп тынды. Мектеп мүлкінің бір бұрауын өзі де алмады, басқа ешкімнің алуына да жол бермеді. Ол директордың қызметінен ешқандай кемшілік таппаған кертартпа біреу «жаба берсе жаланы, жаладан жұғын қалады» дегенді мақсат тұтып, «директор мектепті безендіруге бөлінетін қаражатты басқа жаққа аударып жіберді» деп қаралады. Міне, осындайда Абайдың «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде» деген ұлағатына жүгінесің. «Мал баққанға бітеді» деп бекер айтылмаса керек. Маңдай терін төге еңбектенгендер төрт түлік малды еселеп өсіріп, бірнеше жүзге жеткізіп, қызығын көріп келеді. Ауылымыздағы тұрғындардың басым бөлігі өздерінің иелігіндегі жеке меншік 30-40 бас қойы, бірді-екілі сиыр, жылқыларын соңғы жылдары біреудің малы секілді баққысы келмей, кердеңдейтін болды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп дана Абай айтпақшы, бұдан жалқаулықтың иектегенін аңғарасың. 
Бүгінгі қоғамның дерті жалқаулық қана емес, жағымпаз, жалтақ, шындықты бетке айта алмайтын, екіжүзді адамдардың көптігінде. Осы сөзімді профессор Сұлтанғали Садырбаевтың «Жаратылыстың бірінші әрі басты қателігі – жағымпаздар мен екіжүзді, опасыз адамдарды шамадан тыс көп жаратуында» деген сөзі толықтырады. Басшысы бір адамның лауазымдық қызметінен кемшілік іздеп, жала жауып, босатуды көздеп, өрекпісе оған басқалар да ақ-қарасын ажыратпай жатып, қосылып еріп кетеді. Сонда бұлар ол адамды өзінің орнына бір сәт қойып көрмей ме? Ар-ұят, намыс, адалдық пен адамгершілікті жоғары ұстауды ойламайды ма екен? Абайша айтқанда, «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды... Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» болып келеді бұлардың. 
Абай «мал шашпақты, ысырапқорлықты» қатаң сын садағына алады. Ал біздің қазақ байлығымен асып түсіп, мақтанып желпінгенді жөн көреді. «Кедей бай болсам, бай құдай болсам» дейді. Тоқсаныншы жылдардың ортасында төңіректегі бір ауданның шағын бір ауылында асқа бір жылқы, бес қой сойғанын,  одан кейін көрші ауылда өткен асқа бір жылқы, он қой сойып, асып түскенін бір баспасөзден оқыған едім. 
Жас-жұбайлар қаланың қымбат мейрамханаларында үйлену тойын өткізіп жатады. Олардың ата-анасы «кімнен кембіз?» деп қарызданып, қауғаланып, несие алып, той жасайды. Көп адам шақырады. «Қырықтың бірі – қыдыр» дегендей, бұл тойларда ел арасында зор құрметке ие болған ардагерлер, алтын алқалы, күміс алқалы, көп- балалы аналар, ел басқарған игі жақсылар, тағы басқа да қадірменділер сөз алып, «Қосағыңмен қоса ағарыңдар, ауызбірлікті, бақытты болыңдар, махаббатты аялаңдар» деп ақ тілектерін білдіреді. Осы ақ бата, игі тілектерден кейін көп ұзамай жатып, бірлі- жарымы мінездерінің үйлеспейтіндігін айтып, ажырасып жатады. Сонда ақ жарма игі тілек білдірушілер сөзінің құны болмағаны ма? Кететін ойы болғаннан кейін алыстан, жақыннан келгендердің алтын уақытын алып, қыруар шығынға батырып, неге той жасаттырады? «Үйлену оңай, үй болу қиын». Үйленіп алып, үй болуға жеңіл-желпі қарайтын жастарға ата-анаңды, тойға куә болған бір қауым елді ұятқа қалдырып, көзге шыққан сүйелдей болмай, өз ар-ұятыңды сақтап, кездесетін алғашқы қиындыққа шыдамдылықпен, төзімділікпен қарсы тұрып, бақытқа қол созып, егеменді еліміздің үлгілі бір отбасы негізін қалауларына мүмкіндіктің мол екенін мықтап есте ұстағандары жөн деймін. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татулық, бірлікті тереңірек ұғынып, онымен өзгелерді ұялтуды емес, өзімізді өзіміз ұялтуды ойлауымыз қажет. Ортақ іске қырын қарамай, әр істе белсенділік танытып отырсақ берекеміз артады, ырысымыз молаяды, тұрмысымыз түзеледі ағайын, демекпін.

Нұртай ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ,
ҚР білім беру ісінің үздігі, 
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі