МАХАМБЕТ ПЕН КЕНЕСАРЫ ДА ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ

Уақыты: 31.05.2019
Оқылды: 1989
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қарасай аудандық кітапханасында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ғылыми конференция өтті. Жиынға қатысушылар алдымен халқымыздың тарихында қасіретті жылдар саналатын қолдан жасалған ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.

Конференция қонағы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов шын мәнінде жеріміздегі саяси қуғын-сүргін Қазақстанның Ресейге қосылған сәтінен басталғанын мәлімдеді.

- Азаттықты аңсаған, тәуелсіздікке үндеген әрбір адам патшалық Ресей тарапынан жазаға тартылып отырғаны бәрімізге белгілі. Махамбет пен Кенесарының басы алынып, Бекболаттың дарға асылуы осының бір ғана айғағы. Ал отарлаушыларға қарсы әрекет жасағаны үшін "итжеккенге" айдалып кеткендер, қызыл империяның ұлттарды жаныштау саясатына наразылық білдіргендігі үшін сотталғандар қаншама?! Үш ғасырға созылған бұл әділетсіз қоғамның соңғы құрбаны Қайрат Рысқұлбеков болған еді, - деді Хангелді Махмұтұлы.

Келесі сөз алған Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының профессоры, жазушы, аудармашы Әлімғазы Дәулетхан ХХ ғасырды қазақ халқының қасіретті ғасыры дей келіп, қызыл империяның тепкісіне шыдамай, шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған қандастарымыздың басынан кешкен қайғы-қасіреті жайында әңгіме өрбітті. Шекара асқан отбасының шаңырағында Қытай елінде дүниеге келіп, ондағы Шығыс Түркістан Республикасын құру идеясын қолдағаны үшін қуғынға ұшыраған, өз Отанына 1969 жылы қашып келгеннен кейін 17 жыл бойы «Азаматтығы жоқ адам» ретінде ешқандай құқықсыз кешкен тірлігі естіген жанның жүрегіне жүк түсірді.

Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Досалы Салқынбек алдымен сол зұлмат заман жайлы жазылған кітаптарды кітапхана қорына сыйлай келіп, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннің себептері мен салдарына тоқталды. 1937 жылғы қызыл қырғын кезінде қырғыздардан – 40, өзбектерден – 7, тәжіктерден – 1 адам атылса, қазақтардан 25 мың адам нысанаға іліккенін өкінішпен айтып өтті. Досалы Салқынбек болашақта мұндай нәубеттердің қайталанбауы үшін өткеннен сабақ алуымыз керектігін тілге тиек етті.

Қарасай ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Шара Қанатқұлқызы өңірдегі білім беру саласындағы кеңес дәуірінде орын алған келеңсіздіктер мен ана тілімізге қатысты бұрмалаушылықтар жайында айтса, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ұлағатты ұстаз Ақлима Көсемова Қарасай ауданында дүниеге келіп, ұлттың болашағы үшін қызмет жасаған, сол үшін қызыл империяның қырғынына ұшыраған Тоқаш Бокин, Ораз Жандосов, Жұбаныш Бәрібаев, Мағазы Масаншының өмірі мен қызметі жайында қызықты деректермен таныстырды.

Ғылыми конференцияны аудан әкімінің орынбасары Гүлжан Дүйсенова мен кітапхана директоры Ұлдархан Өтеева қорытындылады. Олар мәртебелі меймандарға жұртшылық атынан алғыс айтып, сый-сияпат  көрсетті.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

Сурет ғаламтордан алынды