ТАРАЗЫ - ТАҒДЫР

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 2404
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

 – Узнайте свой вес! Узнайте свой вес!
Осы дауысты естіп келе жатқалы жиырма жылдай болыпты. Бұрындары орталық базар ішінде саңқылдап шығатын әлгі таныс дауыс бүгінде қарлығыңқырап қалған. Бұрынғыдай базар ішінде емес, сыртында немесе жол жиегінде, дүкендер маңында отыратын қарт әйел назарымды еріксіз аударып, көп ойландырса да, салмағымды өлшеп ақшасын төлеген соң үндемей кете беретінмін. Жаз, күз демей, қыстыгүні де жұқа күртешемен дірдектеп отыратын бұл кісіге қалалықтардың көзі үйреніп кеткен.

Әдеттегідей орталық көшемен өтіп бара жатып, таныс дауыс шыққан жаққа бет бұрдым.  Киім-кешек, оқу құралдарын сататын жайма базардың шет жағына жайғасқан  қарт  анаға жақындадым. Көзі шүңірейіп, жағы солып, беті қуара түскен. Амандасып болған соң салмағымды өлшедім. Таразысы баяғы заманның сыры кеткен жабдығы, сағат тіліндей тілшігімен қозғалып сандарды көрсететін көне таразы. 
– Апа, бұл таразыны пайдаланып келе жатқаныңызға қанша жыл?
– Кемінде 40 жыл. Менің таразым алдамайды. Тура өлшейді. Ол жағынан қам жеме, – деді ол ақау тауып қала ма деп күдіктенгендей бастырмалата сөйлеп.  
Адам ойында неше түрлі сауал туындауы заңдылық қой. Кезінде жұрт салмағын өлшетуге ерінбейтін еді. Ал қазір таразы әркімнің үйінен табылуы мүмкін, шаруасы шаш-етектен, қарбалас уақытқа жегілген  халық таразыға назар салмайды да. Оның үстіне пайдасы да шамалы. Кезіндегі 20 теңгелік ақысы бүгінде 40 теңгеге ғана өскен. Немере бағып, жылы жерде отырып жанын күтер уақытта, қақаған қара суық пен тас асфальттан өткен сызға қарамай бұлай отыруының себебін сұрадым. Осының бәрін қозғай келе қарт ананың ойын білмекке асықтым.  Алғашында өзін қуып жіберуге жасалып жатқан іс-әрекет пе деп секемденген қарт ана маңайындағылардың оны жақтырмай қуып жатқанын айтып қалды.
– Мен кімге кедергі жасап отырмын?  Өзіммен өзім. Кәсібіме адалмын. Кісі ақысын жемедім. Ешкімнің алдына шықпадым. Біреудің орнына отырып алған жоқпын,  – деп кейіді.  
– Құдайға шүкір, зейнетақым бар. Шалым ертеректе көз жұмды. Бір ұлым бар. Ештеңеден кем емеспіз. Бұл менің ежелден жаныма медеу тұтқан кәсібім. Бұдан ауырлық көрмедім, – деп қысқа қайырды. 
Бірақ қарт ананың солғын тартқан жанарынан айықпас мұң көрдім. Әңгіме арасында жарасын жасырған жанары тайқып кете берді. Кейін сұрастырғанымда ұлының ішімдікке салынғанын білдім. Қоғамның  дерті. Баланың азабын тартып жүрген қаншама ата-ана бар? Жан жарасын қозғағаныма өкініп те қалдым. Іштен шыққан шұбар жыланын жек көрсін бе, тағдырға мойынсынбай, адал еңбек етіп, өмір сүріп жүрген кейуана баласын Құдайға аманат еткен секілді.  Қарт ананың таразысы жаман мен жақсының, мейірім мен зұлымдықтың, ақ пен қараның, қайырым мен опасыздықтың  салмағын  тартып тұрғандай көрінді маған... 

Көз алдымнан кетпей қойды бір  елес... 
Таразысын құшақтаған қарт ана.
Жалғыз ұлы шөп шегетін     күлегеш,
Жанын берген ішімдікке, картаға. 
Қара суық, маңдайынан сыз өтіп,
Қара таста мелшиеді сорлы ана.
Жалғызымды жіберсе екен түзетіп,
Дейді іштей:
– Тағдыр, бұлай  қорлама!
Ауыр ойға жіберген  бе батырып,
Тағдырының тәлкек қылған табы дер.
Байғұс ана жұртты өзіне шақырып,
Жол шетінде салмақ өлшеп әбігер.
Қайыр тілеп елге алақан жаятын,
Арлы ананың ойында жоқ шынында.
Нан мен тұзын, шайын  алып қоятын,
Таразыдан тапқан бес-он  тиынға.
Батар күн мен келер таңның атысын,
Қарсы алатын, көзін бір сәт ілмейтін.
Ай сайынғы зейнетінің ақысын
Қолды қылған баласы еді  сұм кейпі.
Өкіне ме, шайнай ма екен бармағын,
Заман қандай, опасыз сұм ұл қандай?!
Мейірім мен зұлымдықтың салмағын
Сол таразы сынап  өлшеп  тұрғандай...

Мақпал МЫСА