ҚОР БОЛҒАН ҚАЙРАН ОЮ: ҚОҚЫС ЖӘШІГІН СӘНДЕУДІҢ БАСҚА ЖОЛЫ ЖОҚ ПА?

Уақыты: 25.09.2020
Оқылды: 1704
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Ою-өрнек – халқымыздың өзіндік ерекшелігін көрсететін бір нышан. Ол бабамыздан мұра болып келе жатқандықтан ретті жерде ғана қолданып, оның құндылығын терең сезінген ләзім.

Алайда бүгінгі таңда оны жөн-жосықсыз пайдалану белең алып барады. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Самал» ықшамауданы, 45 үйдегі ауланың алдында халқымның қасиетті қошқар мүйізі күл-қоқыс салатын жәшікте тұр. Қызылды-жасылды құрақ көрпеде жайқалып тұратын қошқар мүйіз оюын қоқыс жәшігін сәндеуге қолдану қай адамның ойына келді екен деп қайран қаласың. Ұлттық құндылықтарымызды аяқасты етпей, қадірлеп, қастерлеп орнымен қолдану, қолымыздан келсе көкке шығарудың орнына өз жерімізде қорлауға жол бергеніміз қалай?

Кезінде сурет өнерінің саңлағы Әбілхан Қастеевтен «Бұл өнерді қайдан үйрендің?» деп сұрағанда: «Мен сурет салуды таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, ешкінің мүйізінен үйрендім», - деген екен. Осының өзінен бабамыздан жеткен сырлы өнердің қаншалықты құнды екенін сезінуге болады. Ал кейінгі ұрпақ – біздің соның қадіріне жете алмай жүргеніміз шындығында ұят-ақ.

Алма ТОПАНТАЙҚЫЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан