ШҮКІР ДЕЙМІН, ТАҢЫМ АТСА НҰРЛАНЫП: МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ СПОРТШЫ

Уақыты: 11.04.2021
Оқылды: 1268

Бес күн жалған қамшының сабындай қысқа десек те үлкен күрестен тұрады. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін сынағы сансыз, бұралаңы көп, беймаза тіршілікте маңдайына жазылған түрлі сынақты басынан өткереді. Біреуге өмірдің ауыр соққысы қаймықпауды үйретсе, енді бірін есеңгіретіп тастайтыны жасырын емес. Сондықтан болар, өмірде сүрініп, қайта тұра алмай, қатал тағдырдың қатпар иірінде ғаріп күй кешкен жандарды жиі кездестіреміз. Десе де ханталапай тағдыр сынағының нәтижесі әр адамның әрекетіне тәуелді. Қиындық пен кедергі, қайғы мен қасірет, мұң мен өкінішті қасқая қарсы алып, өмірдің ағысына қарсы жүзгендер де жетіп артылады. Солардың бірі – басына түскен сынақты еңсеріп қана қоймай, ел намысын қорғап жүрген Әйгерім Малгаждар.

– Мен 1989 жылы Есік қаласында дүниеге келдім. Біз үлкен отбасымыз. Олай дейтінім қамқоршы ағам Асқар, алтын жеңгем Жанна, балалары Сұлтан, Айсұлу, Айлин тату-тәтті, қуаныш пен қиындықта да бір-бірімізге демеу болып өмір сүріп келеміз. Сонымен қатар, біз қиындығы мен қызығы қатар жүретін спортты жанына серік еткен отбасымыз десек те болады. Марқұм әкем Есет Малгаждарұлы байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, спорт шебері атағын алған боксшы болған. Көп жылдар бойы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарған. Аяулы анам, өмірдегі тірегім Орынгүл Әбдірахманқызы саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған жан. 40 жыл бойы табан аудармай мемлекеттік қызметте ерен еңбек етті. Сонымен қатар, волейбол, жеңіл атлетика спортымен айналысқан. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып өсуіне барын аямаған анашым бүгінде зейнеткер. Ағам футбол ойнаса, жеңгем қол күресі және дзюдо спортымен айналысып, талай жарыста жүлделі болған жан. Сондықтан береке-бірлігі жарасқан отбасында туғаныма қуанамын.

Жарық дүние есігін сау адамдардың қатарында аштым. Бірақ тағдырдың жазуы болар, қызылшақа шағымда дәрігерлер мойныма бойтұмар қып таңып берген «ДЦП» деген диагнозы бар. Бірақ мен оған өкінбеймін. Себебі, алай-дүлейге толы дүниеде тіршіліктің бұралаң жолдары қашан басталып, қалай аяқталатыны тек Жаратушыға ғана аян. Амал нешік, тағдырдың жазуы болар. Десе де бала күнімнен өмірге деген құштарлығым басым болды. Анамның ақылын тыңдап, әкемнің басымнан сипағанын көргеннің өзі бақыт емес пе?! Таңымның нұрланып атқанына шүкір деймін. Адам баласы мына жарық дүниені көргеннің өзі жеңіс, жетістік, нәтиже. Мен неге сынаққа төзбей морт сынуым керек? Отбасымның қолдауының арқасында мен мүмкіндігі шектеулі жанмын деп қайғырмадым. Себебі, қамқор жандардың ақылы мені алға жетеледі. Әр адамның тағдыры жазылып қойған десе де, оның қалай өмір сүруі өз қолында ғой. Күреске толы өмір жолында қандай қиындық көрсең де шыдап бағуың керек. Сондықтан, мен де ел қатарлы жетістікке жетіп, биік шыңдарды бағындырып, қоғамның белсенді мүшесі болуды мақсат тұттым.

Әйгерім қилы тағдырдың қиындығын көріп, тақсыретін тартса да, рухы түскен емес. Өйткені, тап келген қатал сынақты қайыспай қарсы алып, қасқая қарап, еңсесін тік ұстап, тек алға қарай жүре білді. Бұл оның өмірге келген күннен бастап, балғын балалық шақтағы жеткен жетістігі. Жігерінің арқасында қазақтың қайсар қызы сау адамдардың қатарына қосылды. Олай болса кейіпкеріміздің балалық шағы мен спортқа қалай келгендігіне құлақ түрейік:

– Біз 1990 жылы Талғар ауданына көшіп келдік. Балалығымның барлығы осы жерде өтті. Мектеп табалдырығын да алғаш Талғардан аттадым. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді ғой дана халқымыз. Әкемнің спортты жанына серік етіп өскенін көрген мен де оқушы кезден бастап-ақ сиқырлы өнерге бейім болдым. Түрлі үйірмелерге қатыстым. Спортқа жақындығымды көрген асқар тау әкем 2008 жылы қол күрес үйірмесіне алып келді. Табиғатымыз жақын болған соң ба, білек күшін талап ететін спортты бірден ұнаттым. Көп өрендер алғашқы жарысын аудандық деңгейде өткізсе мен жаттығуда өзімді жақсы көрсетіп бірден Азия біріншілігінде бақ сынадым. Әрине, алғашқы жарыс болғандықтан қобалжығаным рас. Бірақ, әкем сеніп қатыстырған соң үмітін ақтауға тырыстым. Ең қуаныштысы, Алматы қаласында өткен бірінші жарысымда-ақ 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, күміспен күптелдім. Бұл менің өмірімдегі үлкен жетістік еді. Алғашқы халықаралық жарыста жүлделі болу бәрінің қолынан келмейді. Қуанышымда шек болмады. Жеңіс әр спортшыға жігер сыйлайды. Осыдан кейін спортқа деген қызығушылығым тіптен еселене түсті. Тынбай жаттығуға көштім. Қажырлы еңбектің арқасында сан алуан жарыстарда жеңістің желкенін көтердім. Ел абыройын асқақтатып, Туымызды көкте желбіреттім. Бірнеше дүркін Қазақстан және Азия чемпионы болдым. Бір жылдың ішінде спорт шеберіне үміткер атағын жеңіп алдым. 2009 жылы Өзбекстанда өткен Азия біріншілігінде 60 келі салмақта қола жүлдені иемдендім. Ал, 2011 жылы спорт шебері атандым. 2013 жылы Алматы қаласында өткен ашық біріншілікте 55 келі салмақта сол қолмен күш сынасып, тұғырдың үшінші сатысынан көріндім. Сол жылы Өзбекстанның астанасы Ташкентте өткен Азия біріншілігінде 60 келі салмақта қарсылас шақ келтірмедім. 2015 жылы Таразда өткен халықаралық  жарыста жеңістің желкенін көтердім. Осы жылы ұлым дүниеге келіп, спортты уақытша тоқтаттым. Ал 2016 жылы Өскеменде өткен ел біріншілігінде алтынмен апталдым. Сол жылы Өзбекстанда өткен Азия чемпионатында 60 келі салмақта қола жүлдені қанжығама байладым.

2017 жылы Қазақ спорт және туризм академиясын тамамдадым. Сондай-ақ, Бразилияда өткен әлем біріншілігінде өнер көрсеттім. Бірақ, ол жерден жүлде алмадым. Десе де бұл мен үшін үлкен жетістік еді.

Иә, қайсар жанның жеткен жетістігін ерлік деп бағаласақ та болады. Енді өмірі замандастарына үлгі болған спортшымыздан тағы қандай ерлігі мен алға қойған мақсаты барын сұрап көрдік. Кейіпкеріміз:

– Алда жоспарым көп. Республикалық, халықаралық жарыстарға қызу дайындалудамын. Азия және әлем чемпионаты бар. Бақ пен баптың сыналатын шағында барымды салып, байрағымызды көкте желбіретуге, елімнің сенімін ақтауға тырысамын. Қиналған сәтте бұдан да қиын жағдайды бастан кештім емес пе деп өзімді-өзім жұбатып, босаңсымауға тырысамын. Бүгінге дейін қаншама қиындықты жеңдім, жетістікке жетемін дегенде жатып қалғаным жарамас деп өзімді-өзім жігерлендіріп жаттығуға барамын. Міне, осындай толассыз жаттығудың арқасында күш-жігер жинаймын, – деп аяқтады сөзін.

Тағдырдың үсігі шалып, қилы өмірдің қиындығын көрсе де қайсар қыз мойымады. Керісінше, алдағы күннің алтын шуағына сеніп, көңілін нұрға балап, мына ұлы дүниені алғаусыз сүйді. Келешектен күдер үзбей асқақ арманның арғымағына мінген Әйгерім барлығын өмірге деген құштарлығы мен спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында еңсерді. Қиындықты жеңіп қана қоймай, әлемдік ареналарда ел намысын қорғап жүр. Өмірдің қақ-соғына қажымаған  жанның өмірі көпке үлгі. Олай болса, кемістігі болса да, жеңісі көп жанның алдағы болатын байрақты бәсекелеріне жеңіс тілейміз.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы