АЛТЫН ДА, КҮМІС ТЕ ЖОҚ: ҚАЗАҚ СПОРТШЫЛАРЫ ОЛИМПИАДАНЫ АЯҚТАДЫ

Уақыты: 08.08.2021
Оқылды: 1263

Қазақстан спортшылары Токио Олимпиадасындағы жарысты аяқтады. Ел құрамасы осы жолы тарихта тұңғыш рет алтынсыз, күміссіз, тек қоламен қайтып отыр. Қоржында барлығы сегіз қола медаль бар. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Дүбірлі додада Қазақстаннан барған 97 саңлақ спорттың 28 түрінен бақ сынады. Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитеті айтулы аламанға баратын тізімді нақтылау мақсатында іріктеу және рейтинг жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды.

Нәтижесінде, қазақстандық спортшылар барлығы сегіз қола медаль алды. Бұл - ел спортшыларының қатысуымен өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы ең төменгі көрсеткіш. Сондай-ақ, өзінің тарихында тарихында тұңғыш рет алтын және күміс медальсыз қайтып отыр. Бұрын мұндай жағдай болған емес. Ал 2004 жылы Африна Олимпиадасында небәрі жеті медаль олжалап қайтқан еді. Алайда олардың 1-і алтын, 4-і күміс, 3-і қола болатын. Қазақстан құрамасының бұған дейінгі Олимпиадалардағы көрсеткіші төмендегіше: Атланта 1996 жыл - 3-4-4 (11) Сидней 2000 жыл - 3-4-0 (7) Афина 2004 жыл - 1-4-3 (8) Бейжің 2008 жыл - 2-3-4 (9) Лондон 2012 жыл - 3-1-7 (11) Рио-де-Жанейро 2016 жыл - 3-5-10 (18).

Сегіз қоланың үшеуін қазақстандық спортшылар бейсенбі күні алды. Бейсенбіде қоланы жеңіп алған саңлағымыздың алғашқысы - бокстан жеңіл салмақта өнер көрсеткен Сәкен Бибосынов. Өкінішке қарай, Токиоға барған қазақстандық тоғыз боксшының ешқайсысы ақтық сынға өтпеді. Осылайша 1996 жылдан бері қатысқан Олимпиада ойындарында бокстан алтынсыз қайтпаған спортшыларымыз тұңғыш рет ақтық сынға жетпей сүрінді. 

Жеңіл салмақтағы Сәкен Бибосыновтан ел сары алтынның сыңғырын естіртеді деп күткен еді. Алайда 52 келі салмақта жұдырықтасқан Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті жартылай финалда ұлыбританиялық Джамал Яфайдан жеңіліп (2:3), финалға өте алмады. Бибосынов ақтық сынға шығу үшін аянып қалған жоқ. Бірақ отандасымызға сәттілік серік болмады. Бірінші раундта Яфай қазақстандық боксшыны нокдаунға жіберді. Қалған екі раундта әлем чемпионатының қола жүлдегері барын салып бокстасса да қарсыласынан айласын асыра алмады. Сөйтіп, Сәкен Токио Олимпиадасының қола жүлдесін иемденді. 

Екінші қоланы еркін күрестен 57 келі салмақта сынға түскен Нұрислам Санаев әкелді. Ел намысын қорғаған әлем біріншілігінің күміс және қола жүлдегері жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмеді. Жарыстың алғашқы күнінде Гвинея-Бисау елінің өкілі Иуна Фафе Диамантиноны 7:0 есебімен тізе бүктірсе, ширек финалда әлем чемпионы, Азия ойындарының қола жүлдегері жапониялық Юки Такахашиді жеңді. Өкінішке қарай, жартылай финалда балуанымыз үндістандық Рави Кумарға 9:1 есебімен есе жіберіп қойды. Қола жүлде үшін таласта балуанымыз болгариялық Георги Вангеловтің жауырынын жер иіскетті.

Айта кетейік, Ресейде дүниеге келген Нұрислам Санаевтың бұрынғы аты-жөні Артас Санаа. 2019 жылдан бері ресми жарыстарда Қазақстан намысын қорғап жүрген балуан елімізге келген соң ислам дінін қабылдап, атын Нұрислам деп өзгертіпті. Қуаныштысы, ел абыройын асқақтатып жүрген Нұрислам Санаев аз ғана уақыттың ішінде қазақ тілін үйреніп алыпты.

Үшінші жүлдені каратэнің кумите түрінен 67 келі салмақта сынға түскен Дархан Асадилов сыйлады. Әлемдік рейтингте бірінші орында тұрған Дархан топтық кездесудегі бес жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты. Бірақ ақтық сынға бір табан жетпей сүрінді. Жартылай финалда франциялық Стеван Да Костаға жол беріп, қоланы қанағат тұтты. Осылайша Олимпиада ойындарына тұңғыш рет енген спорттан ел қоржынына жүлде түсті. 

Д.Асадилов қазір WKF (Дүниежүзілік каратэ федерациясы) рейтингінде 60 келі салмақтағы спортшылар арасында бірінші орында тұр. Ол 2008 жылы Токиода өткен әлем чемпионатында 60 келі салмақта күміс, 2018 жылы Испанияда өткен әлем біріншілігінде қола жүлдені қанжығалаған. 2010 жылы Гуанжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарында чемпион атанған. Азия чемпионатында үш күміс, үш қола медаль иеленген. 2018-2021 жылдар арасында WKF ұйымдастыратын Karate 1 Premier League турнирлерінде алты алтын, екі күміс, үш қола медаль иеленген спортшы.

Сөйтіп, Токио төрінде Қазақстан Гимні шырқалған жоқ.

Айдар ҚАЛИЕВ