АМАНДЫҚ БАТАЛОВ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОС ЖҮЛДЕГЕРІНЕ ПӘТЕР СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 1152

Алматы облысының әкімі Олимпиада жүлдегерлері Зульфия Чиншанло мен Игорь Сонға Талдықорғаннан пәтер кілтін табыстады. Жетісулық қос жүлдегер Токио төрінен қола медаль еншілеп қайтқан еді. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Қабылдау шарасында аймақ басшысы Амандық БАТАЛОВ төртжылдықтың басты додасы Токио­-2020 Олимпиадасының қола жүлдегерлерін құттықтап, жылы лебізін арнады. Жиында сөз алған Амандық Ғаббасұлы:

- Әлемнің кіл мықтылары бас қосқан додада жүлде алу оңай емес. Сондықтан, Токио төрінде ел абыройын асқақтатқан спортшыларға үлкен алғыс білдіремін. Сендер еліміздің мақтанышысыңдар! Сендердің арқаларыңда байрақты бәсекеде Көк Туымыз желбіреді. Өз басым сендердің Олимпиадада көрсеткен өнерлеріңді көгілдір экраннан үзбей көрдім. Екеуің қола жүлдегер атанғанда ерекше қуандым. Мұнымен тоқтап қалмаңдар, Парижде де ел намысын қорғап, алтын тұғырдан көрініңдер. Ол үшін біз қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз, - деп ізгі тілегін білдірді.

Осыдан кейін сөз алған Игорь Сон: «Біздің дүбірлі додаларда орын алуымыз үшін барлық жағдай жасап, қолдау білдірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен сізге үлкен алғысымызды білдіреміз. Келесі жылы Азия ойындары, одан соң Париж төріндегі Олимпиадаға дайындаламын. Сәтін салса, алдағы жарыстарда еліме алтынмен оралуға тырысамын», ­- деді.

Өз кезегінде облыстық жоғары шеберлік мектебінің ауыр атлетикадан жаттықтырушысы Сергей Седов тау көтерген толағайларға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, болашақта ел намысын қорғайтын чемпион дайындау үшін барын салатынын жеткізді.

Кездесу соңында облыс әкімі Зульфия Чиншанлоға үш, ал Игорь Сонға екі бөлмелі пәтердің кілті мен Алғыс хат берді. Осындай Олимпиада жүлдегерін баптағаны үшін Сергей Седовқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы және 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы