КЕЛЕШЕКТЕ ПАРАЛИМПИАДАНЫҢ ТҰҒЫРЫНДА ТҰРАТЫН ҚЫЗ

Уақыты: 16.04.2023
Оқылды: 766

Еліміздің паралипиададағы жүлделер көрсеткіші – жақсы. Спортшыларымыз да ел ішіндегі бәсекелестікті ұлғайтып, дәрежені өсіріп келеді. Жаңа есімдер шығып, өз нәтижелерімен қуанытып жатыр. Бүгінгі кейіпкеріміз – Айгерім Айдарқызы. 

Айгерім Паралимпиадаға қатысып жүлде алуды, тұғырда тұрып көк туды биік көтеруді мақсатқа алып, сол жолда еңбектеніп жатыр. Әр жаттығуға уақтылы қатысып, бапкер айтқан тапсырманы мүлтіксіз орындауда. Аптасына үш рет жаттығу өткізеді. Жаттығудан тыс уақытта кітап оқығанды ұнатады. Ал негізгі хоббиі – би. Дененің әр қозғалысын қамтитын би түрлерін ұнатады.

Айгерім Айдарқызы  2007 жылы Көксу ауданының орталығы Балпық би ауылында дүниеге келген. Пауэрлифтингпен үш жылдан бері айналысады. Бұл спорттың түрімен айналысуға кеңес берген азамат, бапкері – Асқар Әбдуәлиев. Пауэрлифтинг күннен-ақ аталған спорт түрі кейіпкерімізге ұнаған. Жетістіктеріне тоқталсақ. 2020 жылы Астанада ТҚҚАЗ және көз мүшесі зақымдалған мүгедектігі бар спортшылар арасында командалық чемпионат және жастар арасындағы қазақстан чемпионатында ІІІ-орын, 2021 жылы ел біріншілігінде І-орын,  2022 жылы Талдықорғанда өткен ел чемпионатында І-орын және 2022 жылы Кореяның Пхентхэк қаласында өткен Азия және мұхит жағалауындағы елдері арасындағы чемпионатта І-орын алды. Бұл спорттық мансабын бастап жатқан спортшы үшін үлкен жетістік. Осындай үлкен нәтижелерді көрсетіп жүргеннен кейін де болар, көз көргендер «келешекте Паралимпиаданың тұғырында тұратын қыз» деп те бағасын беріп жатыр. Өзіне артылған сеніммен үмітті жете түсінген кейіпкеріміз бір жетістікпен тоқтап қалмай, жаттығу уақытын ұзартып, арасын жиілеткен.

Есінде айрқыша қалған өзі барған мемлекет – Корея. Оның мәдениеті, салт-дәстүрі, бір-бірін құрметтеуі, табиғатқа ризашылығы, қалалардың құрылымы ерекше әсер сыйлаған. «Жалпы әр мемелекттен өз үйренетініміз бар», ­- дейді спортшы. Кейіпкеріміздің басты ұстанымы – сабырлы болу, қарапайымдылық және бастысы әр іске, болып жатқан жағдайларға шүкіршілікпен қарау.

Серік Қантай