Күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды

Уақыты: 23.04.2023
Оқылды: 1351

Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы тарихта жалпыкомандалық есепте үшінші мәрте бірінші орын алды. Елордада өткен чемпионатта жеңімпаз, жүлдегер болғандар тізімінде жетісулық жерлестеріміз де бар.

Осыған дейін жалпыкомандалық есепте 2021 жылы Алматыда өткен чемпионатта 17 медаль (7 алтын, 6 күміс, 4 қола) алып көш бастаған Қазақстан құрамасы осы жолы Жапония (2-орын; 20 медаль – 6 алтын, 4 күміс, 10 қола), Иранды (3-орын; 13 медаль – 6 алтын, 3 күміс, 4 қола) артқа тастап, жалпы 20 медаль (7 алтын, 4 күміс, 9 қола) алды. Елімізде Азия чемпионаты бесінші рет өтті. Соның үшеуінде жалпы команда бойынша қара үзіп шықтық (2006, 2021, 2023). Балуандардың нәтижесінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау хат жолдап, онда «нағыз спортшыға тән мінез көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғадыңдар» деуі тегін емес.

Бір алтынмен шектелді

Чемпионатты бастаған грек-рим күресінің балуандарынан Ибрагим Магомадов (72 келі) алтын, Диас Қален (82 келі) мен Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) күміс, ал Аманғали Бекболатов (55 келі), Мамырбек Мұхамедәли (63 келі), Алмат Кебіспаев (67 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі), Әлімхан Сыздықов (130 келі) қола медаль алды.

Жетісулық Диас Қален финалға дейін қарсыластарынан бір бас жоғары белдесіп келіп, шешуші сында әлемдік аренаға енді шығып, ересектер қатарына қосылған қырғыздың 23 жастағы балуаны Ақылбек Талантбековтен жеңілді. Финал тартысты, таблодағы ұпай алма-кезек ауысып отырды. Қорытынды – 3:2. Қален екінші жыл қатарынан Азияның күмісін алып тұр. Қазақ балуандары арасында грек-рим күресінен титулды спортшы саналатын Алмат Кебіспаев 35 жасында Азия чемпионатының қоласын алды. Осыған дейін Әлем чемпионатының 5 медалін (1 күміс, 4 қола), Азия ойындарынан 1 күміс, 1 қола алған, ал Азия чемпионатынан 6 медаль  (2 алтын, 3 күміс, 1 қола) алып отыр. Ол жартылай финалда 21 жастағы өзбек балуаны Аброр Атабоевтан 2:10 есебімен жеңілген (ред. Атабоев Азия чемпионы болды). Қола медаль үшін болған белдесуде тәжік Фируз Мирзораджабаевті 7:3 нәтижесімен жеңді. Аталған күрес түрінен чемпионатта жалғыз алтын сыйлаған Ибрагим Магомадов жеңіс жолында дайындықтың үлкен рөл атқарғанын айтты. Дәл осы алтынмен тоқтап қалмай, қыркүйекте болатын Әлем чемпионатында тыңнан түрен салу үшін жаттығуға кірісіп кетті. Бұл Азия чемпионатының жүлдесін екі рет алып, жаһан жарысында жолы болмай жүрген  32 жастағы спортшының жуық маңға қойған үлкен межесі.

Тарихи жетістік

Жыл сайын нәтижесін жақсартып, қарқын қосып  келе жатқан еркін күрес балуандары осы жолы тарихи жетістікке қол жеткізді.
Еліміз егемендік алғалы күрес түрлерінен 30 рет Азия чемпионаты өтсе, біздің еркін күрестегі балуандар бірінші рет командалық есепте 7 медальмен (4 алтын, 2 күміс, 1 қола) І орын алды. Былтыр Ұлан-Батырда спортшыларымыз алдына Иран құрамасын салып, 8 медальмен (1 алтын, 3 күміс, 4 қола) ІІ орын алған. Биыл балуандарымыз Санжар Досжанов (70 келі), Дархан Есенғали (74 келі), Болат Сақаев (79 келі), Азамат Дәулетбеков (86 келі) алтын алса, Ризабек Айтмұқан (92 келі) мен Юсуп Батырмырзаев (125 келі) күміс, Рахат Қалжан (57 келі) қолаға ие болды. Көргендердің айызын қандырған нағыз белдесулер орын алды. Сарқан ауданының тумасы 24 жастағы Санжар Досжанов финалда өзбек Зафарбек Отахоновты 2:0 есебімен ұтып, спорттық мансабындағы халықаралық алғашқы жүлдесіне қол жеткізді. Былтырғы чемпионатта бұл салмақта Сырбаз Талғат қола медаль алған еді. Биыл ақпанда Алматыда өткен ҚР-дің VI жазғы Спартакиадасында (төрт жылда бір рет болады) елімізде 74 келінің көшбасшылары саналатын Нұрқожа Қайпановты, Нұрлан Бекжановты жеңген Дархан Есенғали Азия чемпионатында да қарсылас шақ келтірмеді. Ол финалда жапон Кирин Киношитаны ұпай басымдылығымен ұтты. 

Барған жарысынан жүлде алып, ел мерейін үстем етіп жүрген балуан Азамат Дәулетбеков екінші жыл қатарынан Азия чемпионатының алтын медалін алып отыр. Финалда әлем чемпионатының 3 мәрте жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, 2 дүркін Азия чемпионы ирандық Әлиреза Каримидің осал тұсын тапты. Жалпы Азамат Азия чемпионатының барлық жүлдесін алған балуан (күміс – 2017, қола – 2018, алтын – 2022, 2023).
Ал Болат Сақаев сенсация жасады. Қазақстандық ширек финалда жапониялық Яджуро Йамасакиді, кейін ирандық Амирхосейін Каваузиді айқын ұтты. Финалда осы салмақтағы көшбасшының бірі, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2 дүркін Азия ойындарының чемпионы, 2 мәрте Азия чемпионы өзбек Бекзод Абдурахмоновтан басым түсті. Айта кетейік, былтыр бұл салмақта  медаль бұйырмаған. Жанкүйер ықыласына ерекше бөленген балуан  19 жастағы Ризабек Айтмұхан (92 келі). Қазақ балуаны жартылай финалда Бахрейн намысын қорғайтын Магомед Шариповты, ширек финалда қырғызстандық Мирлан Шыныбековті жықты. Финалда жапониялық Араш Йошидаға есе жіберіп, күміс жүлдеге ие болды.

Екі алтын, қалғаны қола

Былтыр Моңғолия астанасында өткен чемпионатта Қайрат Сағадиев жаттықтыратын құрама  2 алтын, 2 қола алып, жалпы көрсеткіш бойынша 3-орын бұйырған. Биыл  2 алтын, 3 қоламен 4-орыннан көрінді. Жапония  І орынды (5 алтын, 2 күміс, 2 қола), ІІ орынды Қытай (2 алтын, 1 күміс, 3 қола),  ІІІ орынды Үндістан (2 күміс, 4 қола) алды.  

Ел құрамасының көшбасшысы Жәмилә Бақбергенова финалда жапониялық Сумире Ниикураны сенімді ұтып, Азия чемпионатында қатарынан  екінші рет топ жарды. Ол – сары құрлық бəсекесінде жалпы үш мəрте жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ қызы (алтын – 2020, 2022, 2023; күміс – 2021, қола – 2019). 

Еліміздегі қыздардың ішінде Азия чемпионатында ең көп жүлде алған – Жұлдыз Ешімова (8 медаль – 1 алтын, 4 күміс, 3 қола). Дәл осы статистиканы жаңартуға жақын балуан – Эльмира Сыздықова (7 медаль – 2 алтын, 2 күміс, 3 қола). Аса ауыр салмақта сынға түскен Сыздықова финалда қырғызстандық Айпері Медетқызын таза ұтып, 2 дүркін Азия чемпионы атанды. Отандасымыз бәсекені ширек финалдан бастады. Алғашқы белдесуінде өзбекстандық Озода Зарипбаеваны мерзімінен бұрын ұтса, жартылай финалда қытайлық Хуан Вангті ұпай санымен жеңді. Белгілі бір уақыттағы үзілісті есепке алмасақ 20 жылға жуық ұлттық құрамада жүрген 37 жастағы Елена Шалыгина да жүлдесіз қалмады. Қола медаль үшін болған белдесуде былтырғы құрлық бəсекесінің күміс жүлдегері қырғыз қызы Мейірім Жұманазарова кездесу басында ауыр жарақат алып, күресе алмаған соң жеңіс қарсыласына берілді. Бұл Еленаның Азия чемпионатындағы алтыншы жүлдесі. Алғаш 2006 жылы Алматыда өткен чемпионатта күміс алған. Жалпы нәтижесі – 2 алтын (2009, 2012), 2 күміс (2006, 2007) және 2 қола (2008, 2023) медаль. Былтыр бұл салмақта Мадина Бақбергенова алтын алған болатын.     

Биылғы балуандарымыздың жетістігі – спорттық тарих. Әсіресе, әр салмақтан жүлде алуға күш жұмсаған, соған сай көрсеткішке ие болған еркін күрес балуандарының еңбегі ерен. Бұл статистика әлем чемпионатымен Олимпиада ойындарында жаңарып, ел мерейін үстем етсін.

Серік ҚАНТАЙ