Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 683

Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина әлемнің алтыншы ракеткасы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) live рейтингінде Е.Рыбакина жетіншіден алтыншы орынға көтерілді.

Бұған дейін дүниежүзілік рейтингте 4-сатыда тұрған Тунис өкілі Онс Жабер жарақатына байланысты Испания астанасы Мадридте өтіп жатқан WTA 1000 турниріне қатысудан бас тартты.

«Медициналық тексеру менің жіліншігімде жарақат бар екендігін көрсетті, сондықтан қалпыма келу үшін уақыт керек. Сондықтан, өкінішке қарай, Мадридтегі биылғы турнирде өнер көрсетпеймін. Өз титулымды қорғай алмаймын», деп жазды Жабер әлеуметтік желіде.

Мадрид жарысының өткен жылғы чемпионы О.Жабер биыл сол атағын қорғауға тиіс болатын. Сондықтан ол дода біткеннен кейін 1 мың рейтингілік ұпайынан айырылады.

Тунистік теннисші өткен аптада Штутгарт WTA 500 жарысының жартылай финалына дейін жетіп, онда 20 минуттай ойнап, жарақаты салдарынан матчты жалғастыра алмаған еді.

Е.Рыбакинаның Мадридте табысты өнер көрсетсе, әлемдік рейтингіде бұдан да жоғарылауына мүмкіндігі бар.

Фото: ғаламтордан