ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кубогы өтті

Уақыты: 25.04.2023
Оқылды: 1073

Талдықорған қаласында «Жастар» спорт сарайында спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж оқу орындарының шәкірттері арасында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кубогы өтті.

Осымен екінші жыл ұйымдастырылған жарыста Астана қаласының Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі қатарынан үздік шығып отыр. Осы жолғы финалда олар жетісулықтардан басым болды. 

Спортшылар 5 спорт түрі бойынша (бокс – 7 салмақ, дзюдо – 5 салмақ, еркін күрес – 5 салмақ, грек-рим күресі – 5 салмақ, таэквон-до – 5 салмақ) сынға түсті. Жарысқа республикамыздың 13 өңірінен, 17 спорт-интернатынан 450-ге жуық спортшы қатысты. 

Былтыр алғаш ұйымдастырылғанда 9-орын алған Талдықорғандағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Олимпиада резервінің облыстық мектеп-интернат-колледжі осы жолы финалға шықты. Шешуші сында астаналықтар дзюдо, грек-рим, таэквондо мен бокстан басым түссе, жетісулықтар тек еркін күрестен жеңіске жетті. Үшінші орынды Жамбыл облысының мектеп-интернат-колледжі алды. Жеңімпаз командаға 5 миллион, ІІ орын алғандарға 3 миллион және ІІІ орынды түйіндегендерге 2 миллион теңге сыйақы берілді.

– Бұл жарыстың негізгі мақсаты – жас спортшыларымыздың көзге түсуіне мүмкіндік беріп, спорт мектеп-интернат-колледж арасындағы бәсекелестікті арттыру. Сапаға айрықша мән бергіміз келеді. Дәл осы жерден басталған жеңісті жол келешекте халықаралық ареналарда жалғассын. Әр спортшының дамуына, оның тәжірибе жинап, өсуіне мол мүмкіндік сыйлайды деп ойлаймын, – деді өз сөзінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің спорт резерві және әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спорт резерві басқармасының басшысы Аманбай Нұрмұханбетов, спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.

Серік ҚАНТАЙ