«ЕСКЕЛДІ БӨРІСІ» АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.04.2023
Оқылды: 586

Қарабұлақ ауылында қазақ күресінен «Ескелді бөрісі» аудандық іріктеу турнирі өтті. Боз кілемге әр ауылдан 20-ға жуық балуан қатысып, бақ сынады. Спортшылар өздерінің техникалық және дене дайындықтарының жоғары екенін көрсетті.

Жарыстың алдында Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметов балуандарға сәттілік тілеп, жеңімпазбен жүлдегер аймақ намысын облыстық іріктеу турнирінде абыроймен қорғасын деген сөзін айтты. Биыл демеушілер қатары көбейіп, жүлде мөлшері де өскен. Соған сай балуандар да барын салды. Қорытынды бойынша І-орынды Төлеңгіт ауылдық округінен келген Санжар Рахимов алды.

Финалда есе жіберген Жалғызағаш ауылының тумасы Айбол Жұмақалыхов ауданның ТЖЮ қызметінде жұмыс істейді. Шешуші сында белдескен екі балуан «Жетісу бөрісі» облыстық іріктеу турниріне жолдама алып, сол сында аудан атынан күреседі. Ал ІІІ-орын Ернар Мұратханов балуанға бұйырды. Тұғырда тұрғандар ақшалай сыйақыға ие болып, жанкүйерлер құрметіне бөленді.      

Қали АСҚАР