ТАТАМИДЕ БЕЛДЕСТІ

Уақыты: 30.04.2023
Оқылды: 1177

Мың айдан да қайырлы бір түні бар, құлшылықтың теңдессіз түрі саналатын оразаны өткерген көпшілік жұмамен тұспа-тұс келген Ораза айт мейрамын ерекше қарсы алды. Оның айғағы ретінде Талдықорған қаласындағы «Тәубе» мешітінде өткен шараны айтуға негіз бар.

Аталмыш құлшылық орнында Ораза айт намазы оқылғаннан кейін көпшілік жайылған дастарқаннан дәм татып, өз кезегінде бозкілем бәсекесін тамашалады.

Түп бастауы жапон жерінен тарайтын, олимпиадалық спорт түрі саналар дзю-до күресінен бүлдіршіндер арасында жарыс өтті. Оған мешіт жамағатының балалары, Талдықорған қаласына жақын ауыл-ауданнан келген бүлдіршіндер қатысып, білек күші мен айла-әдісін, әбжілдік қабілетін сынасты.

– Ислам – ізгілік пен мейірім салтанат құрған дін. Абзал дінімізді ұстанған әрбір бауырымыз қоғамның айнасы, текті тегершігі бола білу керек. Сонымен қатар, баршамыз мұсылман үшін қуанышты күні біз дін мен дәстүр құндылығын жоғары ұстап, барынша ізгілікпен насихаттауымыз керек. Сол мақсатта ұйымдастырылған шара өз деңгейінде өтті, – дейді аталмыш мешіттің бас имамы Керімбек Дәуітов.

Шындығында дін мен дәстүрді дәріптеуге арналған спорттық шара Рамазан айымен қимай қоштасқан көпшілікке қуаныш сыйлады. Бүлдіршіндердің бозкілемдегі белдесуін тамашалады. Өз кезегінде айла мен күшті қатар қолданған жас саңлақтардың бәрі марапат иесі атанды. Оларға ұйымдастырушы тарап қасиетті Құранды, жайнамаз, тақия, мисуак сынды мұсылман заттарын сыйлады.