"Бар күшімізді салып жатырмыз": Қазақстан футбол федерациясы 20 қала мен 50 ауылда жаңа алаң салмақшы

Уақыты: 04.05.2023
Оқылды: 739

Қазақстанға FIFA президенті Джанни Инфантино келіп,  ел футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов баспасөз конференциясын ұйымдастырды. Кездесуде бұқаралық футболды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы. 

«Біздің негізгі міндет – футболды сапалы және қолжетімді ету. Осы тұрғыдан алсақ, бұқаралық футболды дамыту үшін бар күшімізді салып жатырмыз. FIFA-мен үлкен-үлкен үш бағытты дамытуға келістік. Балалар футболын дамытуға арнайы бағдарлама жасап жатырмыз», - деді федерация басшысы.

Осы орайда ол футбол инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жоспарларды да ортаға салды.

«Бұйырса, алдымызда 20 қалада футбол алаңын салсақ, содан кейін ауылдарға көшеміз. «Ауылдағы футбол» бағдарламасы бойынша 50 ауылда ойын алаңын салып берсек деп отырмыз. Бұқаралық футболды көтеруге қажет ең басты дүние сол деп сенемін», - деді Қазақстан футбол федерациясының президенті.

Фото: ашық дереккөзден