Мәселе. Жас спортшыларға жабық манеж қажет

Уақыты: 04.05.2023
Оқылды: 785

Футболмен айналысатын облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің (Талдықорған қаласы) 2013 жылы дүниеге келген балдырғандары былтырғы наурыздан бері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейде өткен 9 жарысқа қатысып, барлығынан жүлдемен оралды.

Мұның өзі, сөз жоқ, жас спортшылардың дайындық, яғни шеберлік деңгейінің жоғарылығын, олардың жаттықтырушыларының, жалпы спорт мектебі ұжымының өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтарын көрсетеді.

Аталған жетістікке маңдай терді моншақтатып төге жүріп қол жеткізілгенін атап айтып жатудың қажеттігі жоқ шығар деп ойлаймыз. Балдырғандар жаз бен күз, көктем айларында өздерінің «Болашақ» стадионында жаттықса, қыраулы қыс кезінде «Атамекен» спорттық, ойын-сауық кешені мен «Жастар» спорт сарайының, медициналық колледж бен политехникалық колледждің спорт залдарын сағалап жүріп жаттығуларын үзбеді.

Спортшы балалар мен оларды осы күнге дейін қолдарынан жетелеп жүретін ата-аналары «Әйтеуір жаттығу тоқтап қалмаса болды» деген оймен жаттықтырушылар қаланың қай түкпіріндегі спорт залға шақырса сол жерге барудан жалықпады. Жазғандарының әр жолына жауапты журналист ретінде ғана емес, әлденеше қыс бойы жаңағыдай жүгіріс үстінде болған ата-ана ретінде де бұл ақиқатты айқындай аламыз. 

Бұл жерде жоғарыда аталған спорт мектебі құрамындағы бір ғана топтың мысалын келтіріп отырғанымызды айта кетейік. Жалпы бұл барлық топ пен балдырғандардың ата-аналарының бәрінің басынан өткен жайт.

Біз әңгімелескен ата-аналардың барлығы «Талдықорғанда жас футболшыларға арнап жабық стадион, тым болмаса жабық манеж салса ғой. Қыс көзі қырауда әр мекеменің спорт залдарын сағалап жүруден құтылар едік», – деген армандарын алға тартады. Ондай әңгіменің аталған спорт мектебіне ғана емес, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубына да қатысты екендігін еске алатын болсақ, мәселе ауқымының кеңейе түсетіндігін байқаймыз.

Олай дейтініміз, бүгінде облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 1050 бала жаттығатын болса, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубының құрамында 400-ге жуық балдырған, оның ішінде 2 қыздар тобы футболдың қыр-сырын үйренуде. Мұның өзі жалпы Талдықорған қаласы бойынша 1,5 мыңға жуық баланың қысқы маусымға қарай тендерде жеңімпаз атанған мекемелер мен оқу орындарының спорт залдарын сағалап кететіндіктерін аңғартады.

Әрине, жағдайдан осылай да шығуға болады. Бұл жерде ешқандай заңбұзушылық жоқ. Керісінше, бұл тендерді жеңіп алған мекемелер үшін қосымша табыс көзін құрайды. 

Бірақ бұдан мәселе осы күнге дейін өз-өзінен толықтай шешімін тауып келе жатыр деген ұғым тумауы тиіс. Ара-арасында күтпеген кедергілер туындап, түрлі қолайсыздықтардың да орын алып жататындығын айтуға тиіспіз. Мәселен, «Жастар» спорт сарайында республикалық, халықаралық деңгейдегі жарыстар өтіп жатқан кезде балаларға жаттығу өткізу мүмкіндігі қалмайды. «Өркен» спорт кешені болса көп ретте өздерінде жаттығатын волейбол, баскетбол командаларынан босай қоймайды. 

Балдырғандар осыған дейін қыс кезінде жаттығып жүрген «Атамекендегі» спорт залына біраз уақыттан бері балаларға арналған ойын автоматтары қойылды. Жекенің иелігіндегі ғимарат бағытын неліктен бұлай өзгертіп жіберді деп тағы өкпе айта алмайсың. Басқа оқу орындарының спорт залына барып жүргенде де ондағы денешынықтыру пәні мұғалімдерінің ренішіне әлденеше рет куә болғанымыз бар.  

Ендеше сан жылдар бойына қалыптасқан қиын жағдайдан қалай шығуға болады? Одан шығатын жол облыс орталығында осы заманғы жабық стадион, оған қаржы мүмкіндігі болмай жатса жабық манеж салу деп білеміз. Мамандар ондай нысанның аз ғана уақытта болмаса да түптің түбінде өзін ақтайтынын айтып отыр. 

Мақаланы дайындау барысында сұрастырып білгеніміздей, Астана мен Қостанай қалаларында жабық стадиондар бар екен. Алып мегаполис Алматыда да жалға берілетін жабық нысандар аз емес шығар деп ойлаймыз. Олай болса, Жетісудың жауһар қаласында жұртшылыққа, соның ішінде ертеңіміз саналатын жас ұрпаққа соншалықты қажет сондай бір нысанды неге салмасқа деген сұрақ өз-өзінен туындайды.

Осы жерде Шымкент қаласында төбесі мен айналасы қарапайым брезентпен жабылған ойын алаңының барлығын «ұзынқұлақтан» естігенімізді де айта кеткен жөн шығар. Оңтүстік өңірлерді біздегідей қақаған аяз қатты қыспаса да онда ми қайнататын аптап ыстық жиі болып тұрады. Демек, жаңағыдай палатка тәріздес, яғни брезент сияқты материалмен жабылған нысан балаларды шыжыған күн көзінен қорғайтын жақсы қалқа бола алады. Бұл жерде айтайын деп отырғанымыз – жаңағыдай жеңіл жабық манеж салынса оны күз бен көктем кездерінде ғана емес, жаздың аптап ыстығы мен жауын-шашынды күндері де пайдаланып, жаттығуды тиімді өткізу мүмкіндігі туар еді деген тұжырым.

Мақала дайын болып қалған кезде өзіміздің Талдықорған қаласында да сондай бір нысан бар дегенді естіп, арнайы барып көрдік. Қаланың шығыс жағындағы көгалдағы хоккей стадионының дәл түбінде орналасқан, «MeDan» спорт кешеніне қарайтын бұл манеж шынымен де балдырғандардың жаттығуына да, ересектердің шағын-футболмен айналысуына да қолайлы болып шықты. Соған орай аталған манежге келіп ақылы негізде ойын өткізетіндердің қатары үзілмейді деген әңгімені құлағымыз шалып қалды. 

Сөз орайы келгенде жаңағыдай нысандарды салатын ыңғайлы жердің «Жетісу» стадионының айналасында бар екендігін де айтып өткеніміз жөн болар. Бұған аталған нысанды асықпай бір айналып өткенде көз жеткіздік. Аталған спорт нысанының айналасындағы, жанкүйерлер отыратын мінбердің маңында әдейі қалдырылған деуге болатындай ауқымды жер телімдері көзге бірден шалынады.

Рас, ол жердің банкке қатысты қиын бір проблемалары бар деп естідік. Дегенмен, шын қажеттілік туындап жатса ондай мәселелердің шешімі де тым тереңде жатпаған шығар-ау... 

«Бәрін айт та бірін айт» дегендей, дәл осы жердегі «Болашақ» стадионының маңында, нақтырақ айтатын болсақ, Ғали Орманов көшесінің бойында іргелі жабық манеж жасауға болатындай бітпеген құрылыстың бар екендігін де айта кетейік. Мамандар бұл нысанның биіктігі стандарттан сәл төмен болғанымен басқа параметрлерінің бәрі сай келеді, мәселе шешімін тауып жатса болашақта бұл жерде екі клуб құрамындағы балалардың бәрін жаттықтыруға болады деген тұжырымға келіп отыр.

Ең бір ұтымды жері – әзірше бос жатқан жер де, жабық манеж жасауға болатындай бітпеген нысан да «Болашақ» пен «Жетісу» стадиондарынан қол созым жерде ғана орналасқан. Мұның өзі болашақта футбол ойынымен айналысатын бүкіл нысандар кешенін бір жерге жинақтауға мүмкіндік беретін аса қолайлы жағдай тәрізді. Оның спортшы балалар мен олардың ата-аналары үшін де ыңғайлы екендігі өз-өзінен белгілі. Қанша дегенмен баланың аты бала, көшеде жүргенде қапелімде жаңылысып қалмауы үшін олардың әбден жаттап алған күнделікті жолын өзгерте бермегеніміз де дұрыс-ау...

Жабық стадион салынғандай болса, оның «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы ойыншыларының жаттығуын үзбеуі үшін де қажет екендігін еске сала кетейік. Алыс-жақын шетелдерде де жаттығу ойындарын өткізіп жүрген жерлес ойыншыларға жаннат мекенде жақсы жағдай жасалса, олардың да Алматыға жиі шапқылай бермейтіндері анық қой. 

Санаулы уақыттан соң «Болашақ» стадионын қайта құрылымдап, төсемдерін ауыстыру, бір сөзбен айтқанда спорт нысанын осы заманның өскелең талаптарына лайықтау бойынша ауқымды жұмыстар бастау алмақшы. Осынау жан қуантарлық жаңалық, көпшілік көңілінен шығатын сүйінішті жұмыстар болашақта жаңағыдай аса қажетті құрылыстар салуға ұласса нұр үстіне нұр болар еді-ау.

Облыс намысын қорғайтын ойыншыларымызды ертеңгі күні алмастыратын, аймағымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің спортын алға бастыратын қазіргі жас спортшыларымыз. Ендеше оларға тиісті жағдай жасауға бүгіннен көңіл бөлгеніміз жөн шығар. 

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
Сурет ғаламтордан алынды