Әлем чемпиондары 200 мың АҚШ доллар алды

Уақыты: 20.05.2023
Оқылды: 2135

Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында бокстан XXII әлем чемпионаты өтті. Қазақтың төрт боксшысы Санжар Тәшкенбай (48 келі), Махмұд Сабырхан (54 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Нұрбек Оралбай (80 келі) алтын алса, Дулат Бекбауов (67 келі) күміс медальға ие болды. Осылайша, ел құрамасы 4 алтын, 1 күміспен жалпы есепте ІІ орын алды. Көш басында жарыс қожайындары Өзбекстан құрамасы (5 алтын, 2 күміс, 2 қола). 

Құрамадағы ең жас əрі ең жеңіл салмақтағы боксшы Санжар Тәшкенбайға шаршы алаңда тең келер қарсылас табылған жоқ. Ол чемпион атану жолында грузиялық Сахил Алахвердовиді, оған дейін Өзбекстан, Жапония, Ресей спортшыларын айқын ұтты. Алдыңғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг.) ринг қожайыны Ойбек Джураевпен жекпе-жекте жанкүйерлерді тәнті етті. Қазылық жасап отырғандардың өзі ұпайды айқын басымдылықпен беріп, жеңісіне еш күмән келтірмеді. Ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов өзі қатысқан 2-ші әлем чемпионатында топ жарды. Отандасымыз финалда (71кг.) тағы бір өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Ол финалға дейін Үндістан, Франция, Израиль, Тринидад және Тобаго боксшысынан басым түскен. Ал Нұрбек Оралбай да (80 кг.) қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатып, бәсекеге әдемі нүкте қойды. Отандасымыз көптің қызығушылығын тудырған шешуші жекпе-жекте Қытай атынан сынға түсетін этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты.    Дулат Бекбауов бұл бәсекенің күміс жүлдегері атанды. Ол финалға дейін Румыния, Үндістан, Мексика, Грузия спортшысынан басым түскен. Ақтық айқаста жарыс қожайыны Асадхужа Муйдинхужаевпен кездесуде төрешілер өзбекстандықтың қолын көтерді.

Өзбекстандағы додаға Ұлттық құрама барлық 13 салмақ бойынша  боксшы апарды. Бұл қатардағы Сәкен Бибосынов (51 кг.), Серік Теміржанов (57 кг.), Талғат Сырымбетов (60 кг.), Санатәлі Төлтаев (63,5 кг.), Нұрқанат Райыс (75 кг.), Сағындық Тоғамбай (86кг.), Айбек Оралбай (92 кг.) мен Қамшыбек Қонқабаев (+92 кг.) жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.

Жалпы, Қазақстан 1993 жылдан бері егемен ел ретінде осымен 16 рет әлем чемпионатына қатысты. Қазір еншімізде 18 алтын, 16 күміс, 22 қола жүлде бар. Осының арқасында жалпы ӘЧ тарихындағы медаль есебінде Қазақстан АҚШ-ты басып озып, 3-орынға көтерілді. Ұлттық құрама осыған дейін тек 2013 жылы Алматыда өткен дүниежүзі бәсекесінде 4 алтынға ие болған. Тағы айта кетейік, әлем чемпиондары Халықаралық бокс қауымдастығынан (IBA) 200 мың АҚШ доллар алды. Күміс жүлдегерлерге 100 мың, қола жүлдегерлердің әрқайсысына 50 мың АҚШ доллары берілді. Биылғы доданың жалпы жүлде қоры – 5,2 млн.

Серік Қантай
Сурет ғаламтордан алынды