ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА 100 КҮН ҚАЛДЫ

Уақыты: 17.04.2024
Оқылды: 259

Франция астанасы Парижде алауы тұтанатын Жазғы Олимпия ойындарының басталуына да санаулы ай қалды. Жанкүйерлер тағатсыздана күткен төрт жылдықтың басты спорттық оқиғасы биыл 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.


Франция жеріндегі додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланған. Қазіргі таңда Қазақстан делегациясының қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар. Оның ішінде 5 жолдама жетісулық спортшылардың қоржынында. Атап айтсақ, садақ ату спорт түрінен - 3 жекелей және 1 жалпыкомандалық, тас жолдағы велоспорт - 1. Лицензия санын өңірлер үлесіне бөлер болсақ,  Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр.

Осыған орай, Жетісу облысының спортшылары олимпиадалық қозғалысты насихаттап, Париж - 2024 ойындарына аттанатын спортшыларға қолдау білдірді. 

Салтанатты шараға Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Ғалымұлы Рысқұл, Атланта олимпиадасының қола жүлдегері, Орталық және Шығыс Азия ойындарының чемпионы, І-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, Жетісу облысының олимпиадалық резервтер дайындау орталығының директоры Маулен Сатымбайұлы Мамыров, әлемдік аламанда топ жарып, ел намысын қорғап жүрген спортшылар, спорт қызметкерлері қатысты. 

Алуа ОСПАНЖАН