Төрт жыл бұрын редакцияға алтын, күміс, қоласын арқалап жетісулық ардагер спортшы жиі келіп тұрушы еді. Есімін әзірге жұмбақтай тұрайын. Жасы жетпістен асса да, жарыс біткеннің жүлдесін алып, жанкүйерлерін қуантқанды әдетке айналдырғаны қашан?! Байрақты доданың дүбірі естілсе болды, асай-мүсейін жинап жолға шығатын. Біз де әдетімізше, бәсекеге кеткен атамыздың жолына үмітпен қарап, жүлде сыңғыры естіле ме деп елеңдеуші едік. Көп ұзамай, Мұқыры жотасының басынан қара көрінетін. Жотаға түскен күннің нұрына шағылысып, жарқырап алтын көрінетін. Біреу емес, уыстап әкеп алдымызға жайып салатын. Ол Гиннестің кітабына енген, рекордты бірнеше рет жаңартқан Әмірбай Рысқұлов еді.
Өмірінің соңына дейін гір көтеру спортымен шұғылданып, Жетісуды жеңіспен қуантқан атамыздың бұл өмірден өткеніне де екі жылдың жүзі болды. Мұны неге айтып отырмыз? Атамыз соңғы уақытта шәкірт тәрбиелеуге көшкен еді. өзі қатысқан жарысқа шәкірті Жұмахан Күзбаевты ертіп баратын. ұстаздан шәкірт озады демекші, Жұмахан аға да қатысқан жарыстан жүлде алмай қайтпайтын болды. Тіпті ұстазының көзінің тірісінде жемісін беріп, алғашқы жүлдесін де Әмірбай атаның мойына таққан еді. Көксудан шыққан ардагер спортшылар тоқтап қалмады. Әмірбай атаның көзі жоқ болса да, соңынан ерген Жұмахан аға жеңісті жолын жалғап келеді. Сол ұстаздың тастап кеткен гір тасын ышқына көтеріп, әлемнің мықтыларын артқа тастады. Талай мәрте Жетісу жерінің намысын ел ішінде танытса, елдің атын әлемдік аренада паш етті. Айдарынан жел ескен Жұмахан ағаға қызғана да, қызыға да қарайтындар көп болды. Әлемнің бес дүркін чемпионы атанды. үш мәрте Гиннестің кітабына еніп, ұстаз артқан сенімді толығымен ақтады. «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» деген атақты да қанжығасына байлады. Ресейдің «Қанатты арыстан» медалінің иегері атанды. Гір спортының мықтылары Ресейде өтетін доданың ең мықты сыйлығы Бабушкин, Г. Кощеев атындағы жүлде «Алтын кір» болатын. Дәл осы сыйлықты, Әмірбай атамыз да арқалап, редакцияға келген еді. Барлығымыз салмағы екі-үш келі тартатын алтын гірді ұстап көріп, қызыққан едік. Саф алтынды құшақтағандай, жылтыраған сары гір бүгінде Әмірбай атаның үйінде жүлделердің төресі болып тұр. Ал сол атаның алған сыйлығын Жұмахан ағамыз да еншіледі. Ресейдің Киров қаласында өткен әлем чемпионатында 55-59 жас спортшылар арасында сынға түсіп, 24 келі гір тасын 60 минутта 1300 рет көтерді. Осылайша рекорд жаңартып, әлемнің үздік спортшысы алатын Алтын гірді қоржынға тоғытты. Сонымен қатар алтын медальді де мойнына тағып, елге абыроймен оралды. ұстаздың жемісті жолын жалғаған Жұмахан аға әлі де жеңіспен қуанатынына сенімді.
Ришад ТҰРҒАНБАЕВ