БОКС: ОҚУШЫЛАР ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 20.06.2019
Оқылды: 1452

Қазақ халқы ерте кезден баланың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына ерекше көңіл бөліп отырған. Оған дәлел – қазақтың спорттық ойындары. Жас кезінен асық атып, атқа мініп, теңге іліп, бәйгеге шауып, күреске түсіп өскен балалар шымыр да шыныққан, епті де икемді болғанын білеміз.

Жас жеткіншекке көңіл бөлетін ата-анадан кейін мектеп қабырғасында білім мен тәрбиені қатар беретін ұстаздар екені анық. Мектебіміздегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұрлан Сәрсенбіұлы Қаржалов шәкірттерінің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мәселен, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылында жасөспірімдер арасында бокстан ауылымыздың азаматы Мағжан Иембергенді еске алуға арналған республикалық ашық турнирде бүлдіршіндеріміз жүлделі орыннан көрінді.

Дүбірлі додада Алтынемел орта мектебінің оқушылары Лебек Нұрсұлтан 32 келі салмақ дәрежесінде І орынды иеленсе, Өмірзақ Арлан 26 келіде ІІ орын, Лебек Бексұлтан 32 келі салмақта ІІІ орын, 28 келі салмақ дәрежесінде Елубай Нұрсұлтан ІІІ орынды қанжығаларына байлады. Еліміздің болашақ чемпиондарының бапкері Н.Қаржалов Сүмбе ауылында өткен республикалық ашық турнирде үздік төрешілік қызмет көрсеткені үшін марапатқа ие болды. Мектебімізде өткен «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» атты 2018-2019 оқу жылының аяқталуына арналған іс-шарада мектеп директоры Әсет Қыстаубаев даңқымызды көтерген оқушылар мен былғары қолғап шеберлігіне баулып жүрген бапкерін марапаттап, ізгі тілегін білдірді.

Мектебіміздің оқушыларын салауатты өмір салтын ұстануға, бос уақыттарын тиімді пайдаланып, бойларындағы дарындарын спорт жолында ашуға мүмкіндік беріп жүрген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Н.Қаржаловқа еңбек ету жолында шығармашылық табыс тілей отырып, Алтынемел орта мектебінің жас боксшыларымен әлі де талай биік белестерді бағындыратынына үлкен сенім артамыз.

Борамбай ЕРҚАЛЫМ

Алтынемел ауылы,

Кербұлақ ауданы

Сурет ғаламтордан алынды