ТАЛҒАР АУДАНЫ: БОЛАШАҚ ӘСКЕРИЛЕР ФУТБОЛ ОЙНАДЫ

Уақыты: 23.11.2019
Оқылды: 1084

Алатаудың бөктеріндегі «Арыстан» мамандандырылған лицей директоры Сәбит Тауланов шәкірттерінің спорттық шеберліктерін шыңдау мақсатында өзінің атынан кубок ұйымдастырды.

Лицейдің футбол алаңында Алматы қаласы мен Талғар ауданындағы колледждерден және жалпы білім беретін мектептерден құралған 16 команданың қатысуымен тартысты ойын өтті.

Бұл турнир Н.Назарбаев білім беру қорының бастамасымен және Талғар аудандық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Бірінші орынға таласқан «Арыстан» футбол клубы мен «Жас ұлан» АРМ арасындағы ақтық ойында алаң иелері оқ бойы озық шықты. «Жасұландықтар» күміс жүлдені иемденсе, лицей басшысының атынан тағайындалған Жеңімпаз кубогі өз шәкірттерінің қолында қалды. Сонымен, 3-орын еншісіндегі қола жүлдені алматылық команда қанжығалады.

Қарсыластар қақпасына 11 рет доп соққан «Арыстан» лицейі командасының ойыншысы Ерасыл Серікбай «Турнирдің үздік шабуылшысы» атанса, «Жас ұлан» АРМ командасының ойыншысы Ерасыл Қожабеков «Нағыз шебер ойыншы» атағын иемденді. Ал «Турнирдің үздік қақпашысы» номинациясы да осы команданың ойыншысы Артур Савченкоға бұйырды.

Шара соңында жүлделі орын алған командалар мен үздік ойыншыларға арнайы бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы