"МЕН ОҒАН ЕРКЕЛЕЙМІН": АТ МІНГЕН АРУ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Уақыты: 09.12.2019
Оқылды: 1380

Тау етегінен орын алған «Поло» ат спорты клубында алыс-жақын шетелдерден, атап айтсақ, Ресей, Өзбекстан, Қырғыз және Әзербайжан елдерінен келген спортшылардың басы қосылып, 38 сәйгүлікті тізгіндеген шабандоздар өнерлерін көрсетіп, өзара бәсекеге түсті. Спорттық шараға республикалық ат спорты федерациясы ұйытқы болғандығын атау абзал.

Жарыс ережесіне сай әртүрлі биіктіктегі кедергілерден айна-қатесіз секіріп өткен ат пен шабандоздың есебі жоғары бағаланды. Нәтижесінде, 38 үміткердің арасынан Орта Азия кубогін жеңіп алған бір ғана жеңімпазға Еуропа чемпионатына жолдама берілетінін ескерсек, жарыстың өте тартысты әрі жоғары жауапкершілікпен өткендігі айқын.

Атты ер қанатына балаған қазақ халқы үшін бәйге мен көкпар таңсық болмағанмен, конкур сынды кедергіден секіретін бұл спорт түрі кенжелеп қалғаны ақиқат. Дей тұрғанмен, қатары жылдан-жылға артып, шеберліктері шыңдалып қалған спортшыларымыздың қатарында қаракөз қыздарымыз да жоқ емес. Соның бірі, сәйгүлігін жан серігі санайтын ару Нұрила Тұрысбекова бес жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданып, бірқатар шыңдарды бағындырған.

- Аттың жанын түсініп, зерделеп қарасақ, олардың да әр түрлі мінезі болады. Менің сәйгүлігімнің аты – Клинтара. Ол маған, мен оған еркелеймін. Соңғы жылдары кедергілерден мүдірмей өтуге бар күшімізді салудамыз. Бүгін де жаман өтпеген сияқтымыз. Еліміздің Көк Туын көкте желбіретіп, чемпиондар қатарынан көрінсек деген тілегім бар, - дейді шабандоз қыз.

- Талғарда ту көтерген аталмыш ат спортынан әлем чемпионатына іріктеу турниріне Ресей мен Орта Азия елдерінен 40-қа таяу шабандоз шақыртылды. Алғашқы кезеңде қатысушылар 1 метр 30 сантиметрлік биіктіктен секірді. Одан кейін 1-де 40-ты бағындырады. Осылай бір шыққанда тақ және жұп кедергілерден 13 мәрте қарғып өтуі тиіс. Ат тұяғы кедергі таяқшаларға тиіп  немесе құлатып кетпей, ең қысқа уақытта келгені жарыс жеңімпазы атанады. Аттар 6 түрлі комбинациядан өтетін болса, ең соңғы сатысында 1 метр 60 сантиметр биіктікті бағындыруы тиіс. Бұл, әрине, ең күрделі әрі қиын сатысы саналады, - дейді республикалық ат спорты федерациясының президенті Анатолий Кошенко.

Сөйтіп, үш күнге ұласқан ат спортынан Орталық Азия лигасының кубоктік бәсекесінде Рузана Бакумян 1-орын иеленсе, Ержан Қорабай 2-орынды қанағат тұтты. Ал ат спортынан өткен Гран-при додасында қазақстандық Нұрила Тұрысбекова қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ол спорт шебері нормативін орындаған. Командалық сында Өзбекстан спортшылары топ жарса, екінші және үшінші орындарды Қырғызстан мен Қазақстан командалары еншіледі.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы

Алматы облысы