ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АДАМНЫҢ СПОРТТЫҚ АТАҚ-ДӘРЕЖЕ АЛҒАНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Уақыты: 18.08.2020
Оқылды: 1517

Елімізде тамыз айының үшінші жексенбісі Спорт күні ретінде белгіленгені мәлім. Осы мерекеге орай «Азаматтарға арналған үкіметтің» фронт-офистері арқылы қанша спортшы атақ пен санатқа ие болғаны есептеліп, бұл тарапта биылғы жеті ай ішінде 1 544 мемлекеттік қызмет көрсетілгені анықталды.

«ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы», «ҚР еңбек сіңірген спорт шебері», «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері», «Біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы», «Жоғары санатты ұлттық спорт төрешісі», «Ұлттық спорт төрешісі» және тағы басқа да бірқатар атақ-санаттарды беру туралы мемлекеттік қызметтерді алу үшін тапсырылатын құжаттардың тізімі атақ-санаттың дәрежесіне қарай әртүрлі. Оның үстіне бұл қызметтер бірнеше кезеңнен тұратындықтан, мерзімі де 24 жұмыс күнін құрайды.

Спорттық атақ пен санаттарға қатысты қызметтер жеке тұлғаларға тегін көрсетіледі. Нәтижесінде, қызмет алушының қолына ХҚО-да спорттық атақ беру туралы куәлік немесе біліктілік санатын беру туралы куәлік, тиісті омырауға тағатын белгі немесе спорттық атақтар мен біліктілік санаттарын беру туралы бұйрықтың көшірмесі немесе дәлелді бас тарту туралы жауап ұсынылады.

Айта кету керек, азаматтар спорттық атақ пен санаттарды халыққа қызмет көрсету орталықтарында ғана емес, сондай-ақ, спорт және дене шынықтыру саласындағы өкілетті орган мен egov.kz электрондық порталы арқылы да рәсімдей алады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан