Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАРАБҰЛАҚТА ЧЕМПИОНДАР ТӘРБИЕЛЕЙТІН ЗӘУЛІМ КЕШЕН ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

Уақыты: 25.12.2020
Оқылды: 456
Бөлім: АЛАМАН

Елбасы тапсырмасында және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі Жолдауында көрсетілген салауатты өмір салтын насихаттау, барлық елді мекенде жүз дене шынықтыру-сауықтыру кешенін тұрғызу жайлы баса айтылған болатын. Міне, тапсырма аясындағы игі іс Алматы облысында кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Осындай үлкен жаңалық Ескелді ауданында жүзеге асты. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Ескелді ауданында жаңадан дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Аталған нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталовпен бірге Атланта Олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, каратэден әлем чемпионы Мерей Сүйінов, Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев қатысты.

Салтанатты шарада бірінші болып сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов аудан жұртшылығын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Жерлестеріміз, Олимпиада, әлем чемпиондарының есімін мақтанышпен айтып, болашақ ұрпақ осындай батыр ағаларынан үлгі алып, чемпион болуы керек екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, облыс бойынша спорт саласына қарқынды көңіл бөліп жатқанын айта келе, осындай ауқымды шараның іске асуы Елбасы мен Мемлекет басшысының арқасында екенін қадап айтты.

Жалпы, 2020 жылы дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту мақсатында облыстық бюджеттен 1,5 млрд. теңге бөлініп, спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Алдағы уақытта Жансүгіров, Нарынқол, Балпық би, Бақанас және Шонжы ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Талдықорған қаласында Орталық Азияда теңдесі жоқ Олимпиадалық стандартқа сай «Талдықорған» орталық бассейні, барлығы жеті спорттық нысан құрылысы аяқталуға жақын.

Ескелді ауданында ашылған спорт кешені облыс бойынша оныншы спорт кешені екенін жеткізді. Заман талабына сай бой көтерген спорт нысанына жергілікті бюджеттен 1,3 млрд.теңге ақша бөлініп, заманауи жабдықтармен толықтай қамтылған.

Амандық Ғаббасұлынан кейін ардагер спортшы Сарман Рахимшалов құттықтау сөз сөйлесе, ауыл ақсақалы Бимұрат Боранбаев ақ батасын арнады. Одан кейін «Құрылысшы-ТБС» ЖШС директоры Батырхан Тоқтаев жаңа нысанның кілтін спорт кешенінің директоры Ермек Торғаевқа табыс етті. Облыс әкімі Амандық Баталов спортқа қолдау ретінде шағын автобустың кілтін берді.

Бұдан кейін су жаңа ғимараттың лентасы қиылып, салт бойынша шашу шашылды.

Спорттық кешеннің іші кең, жарық, барлық құрал-жабдықпен қамтылған үлкен ойын залы, күрес, бокс, асхана, тренажер залы мен әкімшілік ғимараты орналасқан. Жас балуандар мен боксшылар аймақ басшысы Амандық Ғаббасұлына алғысын айтып, болашақта чемпион боламыз деп уәде етті. Ал өз кезегінде Амандық Ғаббасұлы жас жеткіншектерді қанаттандыру мақсатында балаларға спорттық киім мен бокс қолғабын табыстады.

Ғимараттың ішін толықтай аралап шыққан облыс басшысы құрылыс компаниясына алғысын айтып, алда да осындай сапалы жұмыс істеулеріне тілектестігін білдірді. Сондай-ақ, үлкен ойын залында өтіп жатқан волейбол ойынындағы ардагер волейболшыларға сәттілік тілеп, бірінші допты ойынға қосты.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ

Ескелді ауданы

Алматы облысы