Жұртшылықты жырмен тербеді

Уақыты: 18.10.2017
Оқылды: 1656

Көксу ауданының ақыны тіл жанашыры Қаракөз Сейітжанқызының "Тілімді туған жырыма қосып тербетем" атты шығармашылық кеші өтті. Мерекелік кешке аудан әкімі Алмас Әділ, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Жақып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик Ермахан Шайхыұлы және көксулық тұрғындар қатысты.
 Қаракөз Сейітжанқызы 1971 жылы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын аудан орталығындағы №2 М. Құрманов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып бастаған. 2007 жылдан бері аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде бас маман болып қызмет атқарып келеді. Қызмет пен қаламды қатар ұстаған ақын қыздың осы уақытқа дейін үш кітабы "Сезім моншақтары", "Көксуым – жұмақ мекенім" атты поэзиялық жинақтары, 2017 жылы облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен "Үмітімді үкілеген – қаламым" деген публицистикалық туындылары оқырманға жол тартты. 
 Кеш барысында аудан әкімі Алмас Қабдулұлы ақынға Елбасы саясатын жүзеге асыруда ауданның әлеуметтік-рухани өміріне үлес қосып келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Ақын Бауыржан Жақып пен жазушы-сатирик Ермахан Шайхыұлы жылы лебіздерін жеткізе келе Қаракөз Сейітжанқызын Жазушылар одағының мүшелігіне ұсыну туралы ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың кеш иесіне деген арнайы құттықтау хатын облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев пен облыстық ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, ақын Гүлбақыт Қасенова табыстады. 
 Ақ тілектерден кейін кеш иесі сахна төрінде "Асыл анам", "Әкеме", "Олжасыма", "Мен сізге ғашық едім", "Өмір" атты поэзиялық туындыларын оқыды. Бұған қоса, Көксудың көркем де келісті табиғаты суреттелетін театрлық көрініс қойылды. Қоғамның алуан түрлі саласында кезек күттірмейтін өткір де өзекті мәселелер күні бүгінге дейін қаламгердің шығармаларынан көрінісін тауып келеді. Бұл ретте әйгілі тұлғалардың тарихи-сәулет ескерткіштерін түгендеп, мемлекеттік тізімге енгізгені ауыз толтырып айтарлық абыройлы іс. Сондай-ақ, поэзиялық жанрдағы туындылары әнмен де өрнектеліп, тыңдаушысын тауып жатыр. 
 Кеш соңында аудан әкімінің "Ықылас гүлі" тапсырылып, "Керғұлан" тобының орындауындағы "Қазақстан – ғажабым" авторлық әні шырқалды. Шығармашылық кеште Мәдениет үйіне лық толған көрермендер жырмен сусындап, поэзиялық кештен ерекше әсер алып тарқасты. 

Жадыра ЕРМҰХАНОВА.
Көксу ауданы.