Ұсыныс, пікірлер ескерілсе

Уақыты: 16.02.2018
Оқылды: 1418

Соңғы жылдары әр деңгейдегі әкімдер мен жоғары оқу орындары ректорларының халық алдында атқарған жұмыстарының есебін беру үрдісі қалыптасты. Елбасының арнайы Жарлығымен жүзеге асып отырған осынау саяси шара қоғамды одан әрі демократияландыру, атқарушы органдардың халық алдындағы ашықтығын, жауаптылығын, есептілігін арттыру мақсатында өткізіліп келеді. 

Биыл да жергілікті атқарушы органдардың басшылары тұрғындар алдында атқарған жұмыстары жайлы есептерін берді. Олардың арасында тұрғындардың шынайы ұсыныс, пікір, арызшағымдарын назарға алғандары да бар, жаттанды, алдын ала жазылған сценарий бойынша өткендері, статистикалық есепке көп ұқсайтындары да бар дегендей, әрқилы өтіп жатты. 
Жақында «Жетісу» газетінен облыс басшысы Амандық Баталовтың өңір тұрғындары алдында беретін есебінің тезистерін оқып шықтым. Атқарылған шаруалар көп. Шүкір. Әрине, мұндай игілікті істердің молая бергенін қалайсың. Ондай істер ең алдымен өзіңнің туған жеріңде, өз ауданыңда атқарылып жатса, құба-құп. Мен де сондай ақ тілектегі азаматтардың бірімін. 
Қарадала өңірі облыстан шалғай жатқандықтан, оның үстіне шегаралық аумақ болғандықтан барлық дүниенің орын-орнында болғанын қалайсың. Сондай игі мақсатпен бірқатар ұсыныстарымды айтсам деп едім. Өзім әр деңгейдегі лауазымды қызметтерді атқарған азамат ретінде үнсіз қалуды жөн көрмедім. 
Аудан аумағындағы ірі «ҚазРосБройлер» құс фабрикасы 2008 жылы пайдалануға берілді. Оған құйылған инвестиция 56,0 миллион евроны немесе 9 миллиард 128 миллион теңгені құрады. Жобалық қуатына сәйкес жылына 24 мың тонна құс етін, оған қосымша бес мың тонна субөнімдерін, барлығы 29 мың тонна өнім берді. Әу баста 850 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан жұртшылығы жұмыспен қамтылса, 2012-2013 жылдары бұл көрсеткіш 1200 жұмыс орнына дейін толықты. Елдің қуанышында шек болмады. Құс фабрикасының өндірген өнімі республиканың барлық аймағына жетіп жатты. Өкінішке қарай, осынау алып өнеркәсіп нысаны бүгінде тоқтап тұр. Себебін әлі күнге түсіне алмай отырған жайымыз бар. Ірі құрылыс, ғаламат қондырғылар бұл күнде талан-таражға салынып барады. Қыруар қаржы желге ұшқандай. 
Тағы бір түсінбейтін жайт, осы кәсіпорынның «Халықбанкіден» 50 миллион АҚШ доллары, теңгемен 17 миллиард көлемінде несие алғандығы кепілдіктегі шартта көрсетілген. Ол несиенің қайтарымын сұрап отырған банк те жоқ.  Екінші деңгейдегі банкілер жарты миллион, бір миллион теңге несие алып, қайтармағандардың есігін тоздырады, коллекторлық кеңсе қызметкерлері олардың мүмкіндіктері жоқтығына қарамастан  маза бермейді. Ал мұндағы сома қомақты. Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауының басты басымдықтарының екі-үшеуі осы кәсіпорынға тікелей қатысты десек, ешбір асырып айтқандық бола қоймас деп ойлаймын. Олай болса ғимараты мен басқа да негізгі жабдықтарының, инфрақұрылымының бәрі дайын, шын мәнінде қолымызда тұрған құс фабрикасының жұмысын неге жолға қоймасқа?  Осыған орай бұл мәселе облыс әкімінің үстіміздегі жылға белгіленетін міндетті тапсырмаларының қатарына енсе деген ұсыныс бар.
Бұл бір мәселе. Екінші мәселеге көшетін болсақ, ауыл тұрғындарының негізінен мал өсірумен, егін ша-руашылығымен айналысатындықтары белгілі. Субсидия алғашқыда гектарына қарай беріліп бір қуантып еді, кейіннен  ірілендіру, кооперативтер құру жайы көтерілді. Бұл дұрыс, орнымен көтеріліп отырған мәселе. Бірақ оны бірден жүзеге асыру жайы өте қиынға соғуда. Сондықтан, бұл мәселені әрі қарай зерделеуіміз керек. Бұл жерде ірі кооперативтерге көрсетілетін қолдауды күшейте отырып, оларға бірікпеген ұсақ шаруашылықтарды да көмексіз қалдырмауымыз керектігін атап айтқым келеді. Қалай десек те, ауылшаруашылығында өндірілетін өнімнің елеулі бөлігі бүгінде ұсақ шаруашылықтардың еншісінде. Бір жыртығын бүтіндеп отырған субсидиядан қағылғаннан кейін олардың жағдайы не болмақ? Егін салмасақ, мал басын өсірмесек, ауыл өзін-өзі қалай асырайды? 
Өңірімізде егін суару мәселесі өте өзекті. Бірақ аудан деңгейімен алып қарағанда су көздеріне нақты ие жоқ. Меніңше,  аудандарға суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз етумен айналысатын, суландыру жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін қадағалайтын арнайы коммуналдық ша- руашылық құруға рұқсат беру керек. Сонда ғана бұл мәселенің тиімді шешімін табуға болады. 
Балабақшалар мен шағын орталықтарға, ауруханалар мен мектептердегі асханаларға қажетті жеміс-жидек, көкөністерді өз бау-бақшамыздан алуға толық мүмкіндіктер бола тұра оған да қолжетімділікті қамтамасыз ете алмай отырғанымыз ақиқат. Осы жерде  тендер, конкурс жариялау қағидаларын қайта қарау керек деп ойлаймын. Жергілікті атқарушы органдар басшыларына жаңағыдай нысандарға ауылшаруашылығы өнімдерін тиісінше жеткізуге мүмкіндік беру керек. Облыс пен аудандар тағамның негізгі түрлерімен өзін-өзі толық қамтамасыз еткенде және облыс пен аудандар азық-түлік ресурстарымен бірін-бірі қамтамасыз еткенде ғана отандық өнімнің көсегесі көгереді. Бұл жерде, шындығына көшуіміз керек, біздің бүгінгі аграрлық саясатымыздағы бірқатар кемшіліктер көп нәрсеге қолбайлау болып отыр. 
Халықтың көңіліне қонымды, жемісті жұмысқа ынталандыратын аграрлық саясат керек. Мысалы, ауылдық жерлерде істің жайын білетін білікті мамандар жоқ. Егер шын мәнінде кооперативтер керек болатын болса, баяғы «отызмыңдықтардың» тәжірибесімен орталықтан, ірі қалалардан басшылыққа мамандар жіберілуі керек. Жергілікті жерлерде бюджеттен қыруар қаржы шығарып тұрақтандырушы азық-түлік қорларын ұстау керек пе, әлде жергілікті жерлердегі тауар өндірушілерге мемлекеттік тапсырыс арқылы қаржы бөліп, өндірген тағамын қолжетімді бағамен халыққа сатқызған дұрыс па, ол да безбенге тартылып, сарапқа салынатын мәселе.
Рас, айтылған мәселелердің бірқатары республика деңгейінде шешілетін шаруалар. Бірақ солай екен демей бұл мәселені төменнен де қозғай беруіміз керек. Бұл орайда Парламент депутаттары белсенділік танытып, осынау өзекті мәселелерді республикалық деңгейде көтеріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын.
Жақсы үрдісті, яғни қараша халықтың атқарушы органдар басшыларымен кездесулерін талап деңгейінде өткізіп, онда айтылатын ұсыныс, пікірлерден белгілі бір нәтиже шығару жолын жалғастырғанда ғана өркен жаямыз. 
Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде  халқымыз үшін қажет дүниелерді, атқарылуға тиісті жұмыстарды саралап жүремін. Содан кейін де аудан деңгейінде шешімін таба алмайтын, бірақ халықтың көкейінде жүрген кейбір мәселелерді ұсыныс ретінде айттым. Тиісті нәтиже болатындығына бек сенемін.

Ызғарбек БЕКТҰРСЫНОВ, 
облыстық мәслихаттың депутаты