Халық денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыты. Бұл жаңа Конституциясы айқын көрініс тапқан. Құжатта әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және денсаулық сақтау саласын жүйелі дамытуға ерекше мән берілген. Осы бағыт аясында мемлекет алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттырудан бастап, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін жетілдіруге дейінгі нақты міндеттерді алға қойып отыр.
Бүгінде елімізде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы кезең-кезеңімен жаңартылып, диагностика мен емдеудің заманауи әдістері енгізілуде. Сапалы медициналық көмектің ірі қалалар тұрғындарына ғана емес, ауыл тұрғындарына да бірдей қолжетімді болуына ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар ақ халаттылардың кәсіби әлеуетін арттыру жұмыстары да жүйелі түрде жалғасуда. Дәрігерлер мен орта буын медицина мамандары халықаралық талаптарға сай біліктіліктерін тұрақты түрде жетілдіріп келеді.
Жаңа стратегияның маңызды бағыттарының бірі – профилактикалық медицинаны дамыту. Мемлекет саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауға және қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін скринингтік бағдарламаларды кеңейтуге басымдық беруде. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуіне де тікелей байланысты.
Қолжетімді медициналық қызмет пен аурулардың алдын алуға негізделген кешенді тәсіл бүгінде өз нәтижесін беріп, медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етуде. Түптеп келгенде, мемлекет жүргізіп отырған бұл жүйелі саясат халықтың сырқаттану деңгейін төмендетуге, қоғамдық денсаулықты нығайтуға және ең бастысы – еліміздегі азаматтардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған.
Л. АҚАЖАНОВА,
облыстық психикалық денсаулық
орталығының комплаенс-офицері





